Ауқымды орман өртіне ұрына қалсақ, оны ауыздықтауға толық шамамыз жете ме?

nbsp; АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен айдың соңында Ресейдің жеті бірдей округінің аумағын қамтыған өрттің беті қайтар емес. Аптап ыстықтың әрі жауын-шашынның түспеуі салдарынан қурап тұрған орман алқаптары қызыл жалынға оранып-ақ тұр. Аталған елдің Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі ақпаратына қарағанда, қазірдің өзінде жалпы аумағы 174 мың гектарды

құрайтын орман мен шымтезек өртінің 557 ошағы тіркеліпті. Кейбір өңірлерлерде ТЖМ мамандары жағдайдың тұрақтануына қол жеткізгенімен бір тәуліктің ішінде тағы 247 табиғи өрт ошағы тіркеліп, 239-ы сөндірілді. Қызыл жалынды ауыздықтауға 161 мың адам, 26 мың техника, оның ішінде 56 әуе техникасы жұмылдырылуда. Көрші мемлекеттің орталық аймақтарында кең жайлаған табиғи өрт салдарынан қалыптасқан қиын жағдайға байланысты бірқатар мемлекеттер, оның ішіне Қазақстан да қол үшін беруде.

Әлемдік БАҚ жарыса жазып жатқан көрші елдегі осынау тосын апат Қазақстан Үкіметіне де ой салған сыңайлы.

Бүгін Үкімет үйінде бірқатар шенеуніктің басын қосып, жиын өткізген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің селекторлық кеңесі өрт мәселесіне арналды. Мұндай табиғи апаттың бетін әрі қылсын. Дегенмен «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ауқымды орман өрті шықса, еліміздің оны ауыздықтауға толық шамасы жете ме? Мәселен, Ресейде өрт сөндіруге қажетті техниканың жетістігі саналатын бірнеше ұшағының болуына қармастан 10 күннен астам уақыттан бері әлі күнге дейін оны өшіре алмай арпалысып жатыр.

Ал бізде дәл осындай ұшақтар бар ма? Жоқ. Тіпті шығарушы саналатын Ресейдің өзінде де бұндай техника саусақпен санарлық қана. Жиын барысында еліміздегі ормандардың жай-күйіне, өрт сөндіруге қажетті техникалар сынды мәселелерге шолу жасаған Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров Үкімет басшысына БИ-200 амфибия ұшағының үшеуін сатып алуға өтініш жасады. «Елімізде ықтимал табиғат өртін тиімді сөндіруге арналған үш БИ-200 амфибия ұшақтарын сатып алу қажет. Бұл ұшақтар Ресей аумақтарындағы өрттерді сөндіру кезіндегі сынақта тиімділік танытып отыр», деді ол. Нарықтағы бағасы шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл әуе кемесінің үшеуін бірдей сатып алуға қажетті қаражаттың таяу арада бөліне қояры неғайбыл. Алайда вице-министрдің пікірінше, алғашқы кезеңде біреуін ғана сатып алып, Астана маңында ұстап тұру қажет дегенге саяды. Сондай-ақ оның республиканың барлық өңірлеріне бару мүмкіндігін де қарастырған абзал.

Ресейдің ТЖМ бастамасы негізінде әзірленген бұл көпфункциялы ұшақ 6 жылдан бері өрт сөндіру қызметіне пайдаланылып келеді. Сағатына 180 шақырым жылдамдықпен ұшып келіп, су бетімен жанасқан ұшақ екі ожаудың көмегімен 18 секундтың ішінде қажетті 12 тонна суды құйып алады. Өрт сөндіруге, сонымен қатар жүк тасымалдауға әрі суда қалған адамдарды құтаруға да жарамды әуе кемесінің бортына 47-ге дейін зардап шегуші сияды екен.

Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігі күштерінің тобында табиғат өртін ауыздықтауға арналған 238 арнайы техника бар. Алайда бұл техникалардың басым бөлігі 1970-1980 жылдары шығарылған, демек ескірген техника паркін жаңарту қажеттілігі министрліктің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі десе де болады.

Оған қанша қаржы керек? Вице-министрдің сөзіне қарағанда, арнайы техникаларды жаңартуға шамамен 20-25 миллиард теңге көлеміндегі қаражат қажет етіледі. Әрине мемлекет бұндай мол қаржыны да бір мезетте шығындай алмайтыны сөзсіз. Бұл орайда ол жыл сайын шамамен 3-4 миллиард теңге бөлу қажет деген пікірін алға тартады. «Сонда біз 5-8 жылдың ішінде техниканың жарамдылығы мерзіміне байланысты кесте бойынша ауыстырып шығар едік», дейді В.Петров. Қазіргі уақытта республикада өрт сөндіруге арналған 238 арнайы техника, оның ішінде 178 өтімділігі жоғары өрт сөндіру бөшкесі бар.

Жиын барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов өзі басшылық жасап отырған өңірдегі зауытта жасалынған өрт сөндіру тіркемесі туралы айта келе, әріптестеріне сатып алуға ұсыныс жасады. «Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауытында өртке қарсы әмбебап машина жасап шығардық. Бұл машинаның құны шамамен 1,5 миллион теңгені құрайды. Ал өрт сөндіру машинасының бір жиынтығы 10 миллион теңгеден жоғары тұратындығы белгілі. Бұл тіркеменің сипаттамасы өте жақсы. Сыйымдылығы 3 куб, 30 метрлік биіктікке дейін су атқылап, минутына 600 литр су шаша алады. Сондықтан әріптестеріміз осы тіркемені сатып алу мүмкіндігін қарастырса, өйткені бұл техника өрт сөндіру машинасына қарағанда үлкен ептілігімен де ерекшеленеді», деді. Өз кезегінде Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар вице-министріне осы жайтқа байланысты тапсырма бере келе «көріңіздер, егер шынымен солай болса, неге сатып алмасқа», деген тұжырымын айтты.

Жалпы орман өртінің жағдайы қалай? Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 363 өрт тіркелсе, оның 120-сы ерекше қорғалатын аумақтарда орын алған. 3974 гектарды шарпыған өрт 35 миллион 472 мың теңгеге материалдық шығын келтіріп отыр. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырған ағымдағы жылы ормандардағы өрт санының тіркелуі 10 пайызға төмендеген, алайда қызыл жалын жалмаған аумақ 19 пайызға ұлғайып отыр. Ал еліміздің далалы аймақтарында жалпы аумағы 55500 гектарды құрайтын 169 өрт тіркелген, материалдық шығын 4 миллион теңгені құрайды. Өрт салдарынан 200-ден астам ұсақ мал басы қырылып, аймақтың өсімдіктер мен жануарлар әлеміне де айтарлықтай зиян тиген. Дала өрті кезінде екі адам қаза тапқан.

Жіті қадағалауды қажет ететін әрі қауіп-қатері мол кезең енді жетті. Себебі вице-министрдің сөзіне қарағанда, орманды далалы алқаптардағы өрттердің басым бөлігі тамыз-қыркүйек айларына тиесілі. «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес тамызда және қыркүйектің бірінші жартысында республиканың басым аумағында жоғары температура сақталады, ал жауын-шашын көлемі тиісті нормадан төмен болмақ», деді ол.

Селекторлық жиынның соңына ала сөз кезегі тиген бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев ауа райының аптап ыстық болуына әрі Ресейдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты жергілікті билік байыпты ойланып, жинақы болуы керек дей келе, барлық әкімдіктер белгілі бір штабтар құру керек деген ойын алға тартты. Сондай-ақ әрбір орман шаруашылығындағы өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлға тағайындау қажеттігін де баса айтқан ол, бұл орайда Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің өкілдерін арнайы іс-сапарға жіберуге дайын екендіктерін де атап өтті. «Бүгін мәлім болған ақпараттарға қарағанда, мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 50 өрт тіркеліп, 25 гектар жер жанды. Ал Басаман орман шаруашылығында 5 өрт орын алып, 1900 гектар өрт құшағына оранды. Бұл өрттен гөрі жоспарлы іс-шараға көбірек ұқсайды. Бұндай фактілердің орын алғаны да жасырын емес. Шенеунікті жұмыстан босатқан дұрыс, бірақ бұл мәселеге байсалды қараған жөн», деген бірінші вице-премьер бұған дейін өрт құшағына оранған ормандарда тергеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін көтерді. Бұл сөздің де жаны бар, себебі осыған дейін орманға от қойып, орманшыларды соққыға жығу деректері жиелеп кеткен еді. Естеріңізде болса, осыдан 2-3 жыл бұрын «Бесқарағай» орман шаруашылығының директоры Т.Шаһармановты заңсыз ағаш кесіп сатуды кәсіп еткен, қылмыстық топ соққыға жығып, қабырғасын, басын зақымдап ауруханаға түсірген болатын. Одан кейін де дәл осындай оқиғалар бірнеше мәрте тіркелді.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов орманның қасақана өртелуіне жол бермеу үшін бұл мәселені айрықша бақылауға алуды тапсыра келе өрт қауіпсіздігіне байланысты барлық облыстарда арнайы штаб құру керектігіне тоқталды. Базасы ретінде Төтенше жағдайлар министрлігі бекітілетін штаб жұмысын үйлестіруді бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктеді. «Өртке қарсы қауіпсіздік мәселесі алдағы бірнеше аптада бірінші кезекте тұрған шаралардың бірі болады. Сондықтан, облыс әкімдері, министрліктер, ұлттық компаниялар, тиісті шаруашылықтар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек. Атап айтқанда, Ресейде жинақталып жатқан тәжірибені тыңғылықты зерделеу қажет», - деп қорытты К.Мәсімов селекторлық кеңесті.