«Аурудың 14 мың түрін бір дәрігер емдей ала ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 қараша, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, егер жаһандық жылынудың алдын алу жөнінде шаралар қабылданбайтын болса, 2030 жылға қарай кедейшілік жағдайында өмір сүретіндердің саны 100 миллион адамға дейін өсіп кетуі мүмкін. Климаттың өзгеруі салдарынан Африкада азық-түлік бағасы шамамен 20 пайызға қымбаттайды, соның нәтижесінде көптеген адамдар кедейшілік шегіне жетеді, деп есептейді аталған ұйымның сарапшылары», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Кедейшілік проблемасы шешіле ме?» деген тақырыптағы мақаласында. Массачусетс университетінің экономика профессоры Ричард Вольфтің пайымдауынша, Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық қаржы ұйымдары бар болғаны әлемдегі кедейшілік проблемалары бойынша жұмыс істеген сыңай танытады. «Дүниежүзілік банк кедейшілікпен күрес туралы жаңа бағдарламаны жариялаудан небәрі екі апта бұрын БҰҰ-ның жоғары лауазымды шенеунігі бұл ұйымның атына «адам құқықтарынан бос аймақ» деген сын айтты. Осыдан бірнеше ай ғана бұрын Халықаралық журналистік қауымдастықтың баяндамасы жарияланғаннан кейін тағы бір жанжал бой көрсетті. Аталған баяндамаға сәйкес, соңғы онжылдықта Дүниежүзілік банктің бағдарламалары тура мағынасында 3,4 миллион адамды баспанасыз қалдырған», - делінген мақалада.

«Денсаулық сақтау саласына қаржы бөлу артуда». «Егемен Қазақстан» газетінің дәл осы тақырыппен берілген мақаласында бұл туралы Алматыға үш күндік жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова медицина қауымымен кездесуде мәлім еткені айтылған. Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіріп, азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер туралы, 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы жайлы жан-жақты баяндап беріпті. «Ең бастысы, жаңа бағдарламада халықтың денсаулығын қорғауда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуда үш бағыт қамтылған. Ал осы үш бағытты жүзеге асыру үшін он қадам белгіленген. Министр медицина қауымының алдында осы қадау-қадау он қадамның әрқайсысына кеңінен талдау жасап, нақты түсіндіріп берді», - делінген мақалада.

***

Бала бауыр етің. Баланың денсаулығы әрбір ата-ананы алаңдатпай қоймайтыны анық. Мәселен, жақында жалпы тәжірибелік дәрігер, көпшілік арасында сіңіп кеткен термин отбасылық дәрігердің жұмыс істеу жүйесіне көңілдері толмайтынын жеткізген ата-аналар болды. Бірақ сала мамандары мұның бізге дамыған елдердің тәжірибесінен жеткен жүйе екенін түсіндіріп бағуда. Ал Қазақстандағы педиатрия ғылымының практикалық негізін қалаушы, белгілі профессор, академик Камал Ормантаев отбасы дәрігері балалар дәрігерін алмастыра алмайтынын айтады. Көкейдегі көп сауалға қатысты «Айқын» газеті академикпен сұхбаттасқан. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген академик: «Отбасы дәрігері 14 мың аурудың астарын білмейді. Олар кішкентай баланы қараудан қорқады. Өйткені балаларды емдеудің өз ерекшеліктері бар. Мысалы, жаңа туған бала мен 1,2 жасқа дейінгі балалар ауруын айта алмайды. Осыған байланысты баланың денесінде қызу болса, қазір дәрілер көп, дәрігер дәрімен қызуын түсіреді. Бірақ ол емге жатпайды. Бұл бірте-бірте созылмалы ауруға айналып жатыр. Еліміздегі педиатрия факуль¬тетін жауып тастағанына он жыл болды. Ал біздің халқымыздың 30 пайызы балалар. Негізі, балалармен жұмыс істеу қиын. Декан болған 1980-90 жылдары бір жылда 300 педиатр маман дайындап шығаратынбыз. Былтыр 58 педиатр ғана болды. Қазір пе¬диатрлардың саны да азайып кетті, білімдері де төмен. Сондықтан педиатрия факультеті ашылса екен деймін. Оған көп қаржы да керегі жоқ», - дейді. Сұхбат «Аурудың 14 мың түрін б ір дәрігер емдей ала ма?» деген тақырыппен берілген.

Неге екенін кім білсін, қазір біздің қазақ мола салып жарысатын болып алды. Баласына дұрыс білім әперіп, не болмаса қайырымдылық жасап жарысса жөн-ау, жо-оқ, бейіт салып жарысамыз. Одан да ол марқұмға тірі кезінде бір шарапатымызды тигізгеніміз дұрыс еді-ау! Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Көрікті» бейіт өліні разы ете ме?» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, қазір Алматының батысындағы Кеңсай зиратына барсаңыз, бірден байқайсыз. Бейіт емес, бір сәулетті саябаққа кіріп кеткендей боласыз. Бейіттердің бәрі еңселі, біріненбірі өтеді. Құдды бір қабірқалаға кіргендейсіз. Бұрынғы бейіттер қарапайым болатын еді, бүгінгілердің бәрінің сәулеті асып тұр. Құлпытасы өз алдына, қашалған, тіпті мүсінделген. «Бір бейіттен қылышын құшақтаған батырдың мүсінін байқадық. Қорымда адасып жүрген бұл қай батыр болды екен? Сөйтсек, бұл тірісінде батырдың рөлін ойнаған актерге қойылған ескерткіш болып шықты. Тағы бір мазарға тасты ойып тұрып Қазақстанның картасын салғызыпты. Бәлкім, бейіт иесі географ па екен? Сол сияқты гитара, кітап, қауырсын қалам сияқты ескерткіштер марқұмның мамандығынан сыр шертіп тұрғандай. Қоңыр құлпытас үстіне құстың қос қанатын қондырыпты. Енді бір бейітте биіктігі екі метрдей ұзынша тастың ұшына адамның қолы қашалған. Ал алақанда ақ қызғалдақ. Жүйрік ой не істетпейді? Бірақ мұндай тас мүсіннің өлген адамға қандай қажеттілігі бола қойсын?» - деп жазады мақала авторы.