***
Қостанай облысындағы Качар кентінде жаңа мешіт ашылды. 100 орынға арналған ғимараттың ішімен қатар, сырты да сұлулығымен көз тартады. «Архидизайн 2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары мен сәулетшілері шағын мешіттің сыртқы көркімен қатар, оған қолданған материалдардың суыққа беріктігіне де мән беріпті. Мысалы, мешіттің күмбезі фарформен жабылған. Құрылысшы мамандардың айтуынша, еліміздегі фарфор күмбезді бірінші мешіт те осы көрінеді. Ол Арқа жерінің қары мен желіне, жаңбырына төзімді келеді. Сонымен бірге, мешіттің іші де фарформен безендірілген. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында хабарлап отыр.
Газеттің жазуынша, мешіт ENRC корпорациясы мен Қостанай облысы әкімдігінің арасындағы әлеуметтік әріптестік меморандумы шеңберінде салынды. Имандылық үйі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне 40 миллион теңгеге түсті.
Өзен шаяндарын өсіру, саудалау өте пайдалы табыс көзі. Себебі, бұл шаяндардан жоғары сапалы диеталық әрі дәмді ет алынады.Ет құрамының 16 пайызы ақуыздардан, 0,5 пайызы майлардан тұрады. Шаяндарды негізінен алғанда сорпалар, салаттар және ас мәзірлеріне қоспалар үшін пайдаланады. Қайнатылған шаянды балықтан жасалған тағамдарға тұздық есебінде ұсынады. Осы қасиеті арқылы ол сыра ішкен кезде ауыздың дәмін келтіретін бағалы тіскебасар есебінде де қолданылады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде жазып отыр.
Мақалада шаян өсірудің қыр-сыры, экономикалық маңызы, оларды өткізу жолдары сияқты пайдалы кеңестер берілген.
«Бір аналық шаян жылына 60-900-ге дейін жұмыртқа шашады. Орта есеппен алғанда бір аналық 400 жұмыртқа шашты деп есепке алатын болсақ, сіздің сатып алған 10 килограмм тірі шаяныңыз бір жылда кем дегенде 20 мың жұмыртқа беруі тиіс. Бұдан сіз 1 мың килограмм шаян етін өндіре аласыз. Яғни сіз бастапқы бір жылдың ішінде ғана 1 миллион теңге кіріс аласыз. Мұнан кейінгі жылдары бұл бизнестің сізге беретін пайдасы сіздің өз ілкімділігіңізге байланысты болатындығын ескертеміз», - дейді мақала авторы. Мақаланың толық нұсқасын «Шаян өсіру» тақырыбымен оқи аласыздар.
Алаштың ұлы қайраткерлерінің бірі Әлімхан Ермековтің солақай саясаттың құрбаны болғанына бүгін көз жеткізіп отырмыз. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін біздің елімізде оны білетіндер өте аз болды. Оның есімі Қазақ кеңес энциклопедиясына енгізілмеді, тарихшылар да ол туралы шындықты айта алмады. Тек математиктер ғана Қазақстандағы математика білімі мен ғылымы тарихын қарастырғанда Ә.Ермековті оқта-текте ауызға алатын. Сөз жоқ, бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған, қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор Ә.Ермековтің ғылым саласына сіңірген еңбегі өте зор, деп жазады «Егемен Қазақстан» «Ермековтің ерлігі ұрпаққа - ұран, елге - мұра болуға лайық» деген мақаласында.
Оның ұстаздық жолын қысқаша шолар болсақ, ел игілігі жолында қыруар істер атқарғанына көз жеткіземіз. Ол 1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» атты кітаптың бірінші бөлімін, 1936 жылы ұстаздық тәжірбиесі негізінде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін, ал 1937 жылы «Детерминант теориясының элементтері» деп аталатын еңбегін жазды. Өкінішке қарай, 1938 жылы «халық жауы» атанып, тұтқындалуына байланысты оның өңделіп, баспаға тапсырылған «Ұлы математика курсы» кітабының 2-бөлімі жоғалып кетті, дайындаған докторлық жұмысы аяқталмай қалды.
Ә.Ермеков 1921-1922 жылдары Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен педагогикалық техникумды (қазір Саран педколледжі) ашуға тікелей басшылық жасаған. 1926 жылы біржола оқытушылық қызметке ауысқаннан кейін, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі тұңғыш қазақ педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасының оқытушысы, кейін жаратылыстану-математика факультетінің деканы, 1928-1930 жылдары Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде математика кафедрасының доценті, 1930-1936 жылдары Қазақ мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтының доценті әрі профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі міндеттерін атқарды. 1936-1938 жылдары Қазақ кен-металлургиялық институтында математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі міндетін жалпытехникалық факультеттің деканы қызметіне қоса атқарды. 1938 жылдың басында Куйбышевтің (қазіргі Самара) жоспарлау институтында математика және математикалық статистика кафедрасының меңгерушісі әрі профессоры болып қызмет істеді. 1947-1948 оқу жылдарында Шымкент технология институтының математика кафедрасының меңгерушісі, ал 1958 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды политехникалық институтының жоғары математика кафедрасында аға оқытушы болды.
***
Аймақта құрылысы жүріп жатқан ғасырлық жоба - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің «Алматы-Ташкент-Термез» бағытындағы 261,5-358,6 шақырымдық теліміндегі жолқұрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы «Айқын» газеті хабарлап отыр.
Басылымның жазуынша, «Ойтал-Қайнар» аралығындағы бұл жолдың ұзындығы 48,1 шақырымдық бөлігінің құрылысына жалпы сомасы 12,3 миллиард теңге жұмсалып, екі көпір, бір көліктік жолайрық, 51 су өткізу құбыры, 3,3 миллион текше метр жер төсемі және 48,1 шаршы метр цементтібетон жамылғысы төселген. Кореялық «KCC E&C» АҚ мердігер компаниясы қолға алған шаруаны атқарып шықты. Ендігі кезекте арнайы жұмыс комиссиясы бір айдың ішінде жұмыстың сапасын сыннан өткізеді. Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Айжан Туғанованың айтуынша, жобаны іске асыру барысында нақтылы кезеңде облыс бойынша бір бағытта 75 шақырым асфальттібетонды және 563 шақырым цементтібетонды жамылғы төселген. Жалпы, ұзындығы 215 шақырымды құрайтын бес учаскеде құрылыс жұмыстары аяқталған. Ағымдағы жылы тағы да үш учаскенің жұмысын аяқтау межеленіп отыр.
Медицина саласында тағы бір жаңа реформа қолға алынады. Шенеуніктер биылдан бастап мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері, яки ауруханалар мен емханаларды жекенің қолына өткізуді көздеп отыр.
Яғни, қостарапты әріптестік арқасында жекеменшік иелері мен мемлекеттің арасында байланыс орнайды. Мұндағы мақсат - медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырып, бәсеке орнату. Дегенмен, министрліктің шешімі қалың бұқараны қуанта қоймайтын сияқты. Жалғыз медицина саласы емес, кез келген салада екіжақты сенімді әріптестік орнатып, жауапкершілікті қос тарапқа теңдей бөлу - нарық заманының басты мақсаты. Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік ауруханаларды белгілі бір талаптарға сәйкес сенімді басқару негізінде жекеменшікке өткізуді жоспарлап отыр. Бұл - «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында мемлекет пен жекеменшік иелері арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында жүргізілетін жұмыс. Бұл жөнінде «Айқынның» «Аурухана жекешеленсе, ұтарымыз не?» атты мақаласынан оқи аласыздар.
Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежановтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті енгізу денсаулық сақтау жүйесіне жеке инвестцииялар тартылып, медициналық қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. «Министрлік медицинаға жеке секторды тарту үшін барын салуда» дейді вице-министр. Түсінгенімізше, мемлекеттік ауруханалар жекенің қолына тапсырылса да, жеке адам меншік иесі атана алмайды. Екіншіден, жекеменшік иелері емхананы салып беріп, жұмыс істеуіне барынша жағдай жасайды. Ал жұмсалған шығынды мемлекет белгіленген уақытта кері қайтаруы тиіс. Атап өту керек, қан орталығы, ЖҚТБ ауруларын емдейтін арнайы ауруханалар сынды мемлекеттік мекемелер жекеменшікке өтпейді. Ал жеке кәсіпкерлерге тапсырылатын ауруханалар мен емханаларды денсаулық сақтау басқармалары ұсынады, деп жазады басылым.
Украина Президентінің кеңесшісі Владимир Зубанов Севастопольде өткен баспасөз мәжілісінде «Юлия Тимошенко түрмеден шықпайды» деп мәлімдеген. Бұл туралы «Айқын» газеті хабарлап отыр.
- Юлия Тимошенкоға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалған. Темір торда жазасын өтеп жатқан Тимошенко бостандыққа әлі шықпайды. Украина сот жүйесін жетілдіруге қатысты жұмыстарын жалғастыра береді. Еуропарламанттің адам құқықтарына қатысты өзге де талабы - ресми Киевтің Вильнюстегі саммитте Еуро Одақпен келісім жасауға еш кедергі келтірмейді, - деді ол.
Ақиқатын айтсақ, Украинаның бұрынғы үкімет жетекшісінің түрмеде отырғанына биыл тура екі жыл толды. Тимошенко «Ресеймен газ келісіміне қол қою кезінде өкілеттілігін асыра пайдаланған» деп айыпталып, түрмеде 7 жыл жазасын өтеуге кесілді. Украинаның Бас прокуратурасы Тимошенко 2010 жылғы Президент сайлауы алдында өз имиджiн жақсарту үшiн РФ-мен тиімсіз газ шартына қол қойды деп есептейді. Сонымен қатар Тимошенконың билікті өз мақсатына пайдалануы мемлекетке 190 миллион доллар шығын келтірген көрінеді, деп жазады басылым.