БҚО әкімі аппаратының басшысы Жалғас Мырзағалиевтің айтуынша, бұл ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер беріледі және олардың ауылдағы ахуалға ықпалы күшейтіледі.
Мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайлауын енгізу туралы шешім қабылданды. Сайлау биылғы қыркүйек айында өтеді деп жоспарланып отыр.
Сайланған әкімдердің өкілеттігі де күшейе түседі. Мәселен, орталықсыздандыру мәселесі бойынша орталықтан жергілікті орындарға 28 функция, облыстардан орталыққа 15 функция, облыстардан аудандарға 6 функция және аудандардан ауылдық әкімдіктерге 8 функция берілмек. Бірақ мемлекеттік органдардағы барлық 5 мың функцияның 80 пайыздайы әзірге бұрынғы қалпында қалатынын да айту керек. Сонымен бірге функциялардың берілу мәселелеріне байланысты әкімдіктердің құрылымдарында, штаттық кестесінде және т.б. өзгерістер болады.
Күні бүгін 22 функция атқарып отырған ауыл әкімінің құзіретіне қосымша жастар тәжірибесін ұйымдастыру, тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары, мүгедектерге көмек, мәдени-көпшілік және ағарту, спорт және денсаулық сақтау бағытындағы шараларын ұйымдастыру секілді міндеттер қосылады. Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұрғындар саны 1,5 мыңға жетпейтін округтерде ауыл әкімі аппаратының штатында 5 адам, ал тұрғындар саны одан көп жерлерде 7 адамға дейін штат беріледі.
Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясында мемлекеттік аппараттың қызметін барынша тиімді ету мен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасау міндетін жүктеді. Биыл осы міндеттерді орындаудың бетбұрыс жылы болғалы тұр.
Әкімшілік реформаның ең басты мақсаты - мемлекеттік басқару аппаратының жұмысын әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындау үшін барынша жақсартып, оның халық сенімін ақтау жолындағы тиімділігін одан әрі нығайта беру.
«Біз халыққа жасалатын реформалардың тиімділігін дұрыс түсіндіріп, ұсынылатын қызметтердің сапасын қамтамасыз етуіміз керек.
Мемлекет басшысы айтқандай, халықтың мұң-мұқтажын өз мәселеңдей ұғыну керек, сонда құрмет те, тәртіп те болады. Біздің мақсатымыз - мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс.
Елбасы ұсынып отырған орталықсыздандыру идеясының мәні - шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру, жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру», деді Ж.Мырзағалиев.