Арада 3 жыл өтсе де бағдарламаның кемшін тұстары жойылар емес. Оның ауылдық жерлерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға ауылдық елді мекендердің жалпы санының 80 %-на, қалаларда 100 %-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету, суды есептеу аспаптарымен: қалаларда - 100% және ауылдық елді мекендерде - 80% қамту, сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезде Қазақстанда шығарылған бұйымдар мен технологияларды пайдалану үлесін 60%-ға жеткізу, 3000-нан астам ауылдық елді мекенді жер асты суларының қорларымен қамтамасыз ету, қалалар мен ірі елді мекендер үшін қорларды қайта бағалау мақсатында жер асты суларының 165 кен орнын және топтық су құбырлар үшін 15 кен орнын толық барлау, 86 қала мен 6943 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау және су бұру жобаларын мониторинг жүйесімен қамту, халықты тәулігіне 24 сағат ауыз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету сынды мақсатты индикаторы сол кезеңде көңілге үміт отын ұялатса, бүгінде оның күдігі басым болып тұр. Рас, атқарылған жұмыстар да жеткілікті. Дегенмен, өңірлер сумен жабдықтау нысандарын жоспарлауда, оларды салуда көштен кейін қалып келеді. Міне осы жайттар Үкіметтің бүгінгі отырысында негізгі мәселе ретінде көтерілді.
Алқалы жиында негізгі баяндама жасаған ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің атап өтуінше, 2011-2012 жылдарда ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұрудағы 492 жобаны жүзеге асыруға 62,5 млрд. теңге бағытталған. Ал жыл басында жоспарланған 316 нысанның 225-сі пайдалануға берілген. Осы ретте министр жоспардың орындалмауының негізгі себептері ретінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылмауын, тиімсіз жоспарлануын, әкімдіктер тарапынан құрылыс барысына бақылаудың әлсіз болуын атады.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша 153 ауыл жеткізілетін суды пайдаланады. Ал ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды талдау жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі тәсілдің жоқтығын көрсетіп отыр. Сонымен бірге әкімдіктерде сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне қолжетімділік бойынша дұрыс ақпарат, нақты есеп те жоқ. Жалпы, бағдарламаның орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жоспарлы көрсеткіштеріне қолжеткізу үшін жыл сайын ауылдық елді мекендерде 329 жаңа құрылыс жобасын, су бұру бойынша 137 жаңа құрылыс жобасын іске асыру қажет. «Алайда, өңірлер 2014 жылға барлығы 89 жаңа құрылыс жобасын ұсынды, соның ішінде 68 жобаға қолдау көрсетілді. Павлодар облысы 2014 жылға бірде бір жаңа құрылыс жобасына өтінім берген жоқ. Ал жыл сайын 44 жобаны іске асыру қажет. Басқа облыстарда да осындай жағдай қалыптасып отыр», - деді ведомство басшысы.
Б.Жәмішевтің сөзіне қарағанда, жаңа құрылыс жобаларына тапшылықтың бірнеше себебі де бар. Атап айтқанда, жер асты су қорларын қайта бағалау, барлау және растау кестеден артта қалуда. Топтық магистральдық су құбырларын салу және қайта жаңарту мерзімдері де ұзаққа созылып кеткен. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат жеткіліксіз бөлінуде. Мәселен, 341 ауыл үшін жер асты су қорларын қамтамасыз етуге орай Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қолға алған іздестіру-барлау жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталмақ. Ал биыл жер асты су қорларын растау жұмыстары 480 ауылдық елді мекенде жүргізілуі тиіс болса, оның тек 216-ында ғана жұмыстар жанданған. «Іздестіру-барлау жұмыстары кеш жүргізілуде. Бұл бағдарламаның жоспарлы көрсеткіштеріне қолжеткізу мерзімдерін бұзуға әкеледі. Сонымен бірге, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің топтық су құбырларын қайта жаңарту және салу жөніндегі жұмыстары да кеш жүргізіліп жатыр. Осы айтылғандардың негізінде бағдарламаны іске асыруда бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында ең алдымен ірі елді мекендерде халықтың ауыз суға қолжеткізуін арттыра отырып, оларды ауыз сумен қамтамасыз етуге назар аудару қажет. Содан кейін, оқшауланған сумен жабдықтау көздерін барынша пайдалану, халқының саны аз елді мекендерде үлгі жобаларды кеңінен қолдану керек. Жер асты су қорларын растау жөніндегі жұмыстар қиын болғандықтан іздестіру-барлау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесін пысықтау қажет», - деді министр.
Оның айтуына қарағанда, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаға талдау жүргізу барысында салынған көптеген нысандардың бірыңғай техникалық саясаттың жоқтығынан әрі сапасыз материалдар қолданылғандықтан жұмыс істемей тұрғаны анықталып отыр. Сондықтан да жүйелер мен құрылыстарды пайдаланған кезде олардың сенімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін материалдарды, технологияларды, жабдықтарды қолдану бойынша бірыңғай техникалық саясат қажет.
Бұдан бөлек, министр ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру басқармаларын құру қажеттігін де алға тарта келе: «Бірыңғай оператор ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру секторын орталықтандыруды және барынша тиімді басқаруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ одан әрі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік нысанын енгізе отырып, жоспарлаған кезде сумен жабдықтау және су бұру объектілерін сапалы жобалауға, салуға және тиісті деңгейде пайдалануға мүмкіндік береді», - деді.
Өңірлік даму министрлігінің алға тартқан деректеріне қарағанда, қалалық сумен жабдықтау және су бұруға 2011-2012 жылдары өңірлерге 205 жобаны іске асыру үшін 102,9 млрд. теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 136 жобаны іске асыру жоспарланса, іс жүзінде оның 116-сы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы қалаларда құны 48,7 млрд. теңге болатын 136 жоба іске асырылу үстінде. Ал 2014 жылға жаңа құрылыс бойынша тек 43 жобаға ғана өтінім беріліп отыр.
Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруда олқылықтарға жол бергендер жазаға тартылатындығын баса айтты. «Өңірлік даму министрлігіне, облыс әкімдеріне жыл қорытындысында осы бағдарлама аясында қарастырылған жобаларда олқылықтар жіберген және қаржыны игермеген жауапты тұлғаларды жазаға тарту туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.