Бұл жайлы бүгін Елбасының Алматыдағы Қазақтың ұлттық аграрлық университетіне жасаған сапары кезінде айтылды.
"Ауыл шаруашылығында бәрі - жер де, мал да жекеменшіктің қолында. Біз өзіміздің ұсынысымызды жасап отырмыз. Қазір жер, су қатынасына, орман шаруашылығы, ветеринария және тағы басқа да салаларға қатысты мамандықтар ауылда үлкен сұранысқа ие. Сондықтан "Дипломмен ауылға" бағдарламасына болашақта біз де кіреміз деген ерекше сеніміміз бар", - дейді Қазақтың ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов.
1929 жылы ашылған Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институты негізінде құрылған бұл жоғары оқу орнына 2001 жылы "Ұлттық" мәртебе берілген болатын. 80 жылдың ішінде 135 мың маман дайындалды. Олардың арасында 3 Кеңес Одағының Батыры, 35 Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғары Кеңесі мен ҚР Парламентінің 80 депутаты, КСРО Ғылым академиясы мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының 52 академигі, Мемлекеттік сыйлықтың 12 лауреаты бар.