«Жайылымдық жерлердің мүмкіндігін пайдалану бойынша тозған жайылымдарды суландыру және қалпына келтіру есебінен 3 млн. гектардан астам жаңа жайылымдық жерлерді шаруашылық айналымына енгізуді ұсынамын. Бұл ретте аталған үрдіс біршама ынталандыруды талап етеді. Атап айтқанда, бірінші кезекте гидротехникалық құрылымдар ұстау және суландырылатын жерлердің жағдайын жақсарту бойынша шығындарды субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді қарастырамыз. Осы мақсатта суландырылатын жерлерді дамыту бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Екіншіден, азықтық дақылдардың тұқым шаруашылығын субсидиялау көлемі артатын болады. Үшіншіден, суландыру, дақылдық жайылымдарды құру, тозған жайылымдық жерлерді қалпына келтіру бойынша іс-шараларды бюджет есебінен несиелеу тетіктерін енгізуді жоспарлап отырмыз»,- деді А. Күрішбаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, аталған шаралар жемдік азықтың барлық түрлеріне деген сұраныстың артуына, мал азығы өндірісін дамытуға және маманданған құрылымдардың туындауына септігін тигізеді. «Жалпы азық өндірісі жүйесі барлық елдерде тек осы қағидаттарға сүйене отырып жасақталған. Ал бүгінгі күні бұл шаралар еліміздің 2015 жылға дейінгі мал азығы өндірісін дамыту бойынша әзірленіп жатқан бағдарламаның негізіне алынып отыр»,- деді министр.