Ауыл шаруашылығы техникалары жаңартуды қажет етеді - С.Кулагин

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қажет.Бұл туралы бүгін Көкшетауда өтіп жатқан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің агроөнеркәсіптік кеңесінде облыс әкімі Сергей Кулагин айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі машина-трактор паркін жаңарту бойынша нақты шаралар қолға алынуда. Оның ішінде өнімділігі жоғары қазіргі заманғы дән себетін кешендер мен астық жинайтын комбайндарға көңіл бөлінуде.
«Жалпы, облыс бойынша соңғы 4 жылда машина-трактор паркінің 9,3 пайызы жаңартылды. Бес ауданда (Ақкөл-5 пайыз, Астрахан-6 пайыз, Целиноград-6 пайыз, Жарқайың-8 пайыз және Зеренді-8 пайыз) облыстың орташа көрсеткішінен төмен болып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен облыс бойынша 30 бірлік трактор, 52 бірлік дән сепкіш техника және 1 егіс кешені сатып алынды.
Бұл әрине, жеткіліксіз. Қолға алынған шараларға қарамастан бүгінгі таңда облыстағы машина-трактор паркінің 67 пайызы тозған, оның 73 пайызы трактор, 11,7 пайызы егіс кешендері.
Сондықтан, бізге жыл сайын белгіленген амортизация-пайдалану мерзіміне сай, машина-трактор паркінің кемінде 10 пайызын жаңартып отыру қажет. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 15 мың трактор, 17 мың бірлік сеялка және 1076 өнімділігі жоғары егіс кешендері тартылатын болады», - деді С.Кулагин.