«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несиелерінің орташа пайыздық мөлшерлемесі - 8,2 пайыз

АЛМАТЫ. 20 маусым. ҚазАқпарат - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несиелері 8 жылға дейінгі мерзімге берілуде.

Бұл туралы қор басшыларының Есік қаласында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен болған кездесуінде айтылды.

«2012 жылдың басында Қордың несиелері бойынша орташа пайыздық үстеме 8,2 пайызды құрайды. Несиенің ең ұзақ мерзімі - 8 жылға дейін. Ағымдағы жылы қор Ислам даму банкімен бірігіп ауылдық шағын несиелеуді бастамақ», - дейді қордың басқарма төрайымының орынбасары Нармұхан Сарыбаев. 

Оның айтуынша, «Жылыжай»бағдарламасы бойынша  2,5 млн. теңгеге дейінгі шағын несиелер жылдық 9,5 пайыз сыйақы үстемемен 3 жылға дейін мерзімге берілуде.

Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың ішінде «Жанай» шаруа қожалығының шағын жылыжайлар кешенін атап айтуға болады. 2,5 гектар жерде орналасқан кешен 2010 жылдан бастап  қаржыландырылып, 2011 жылы  іске қосылды. Қазіргі таңда лизингке берілген кешен екінші өнім жинау маусымын аяқтауда. Ондағы томат пен  тәтті бұрыш Алматы қаласының сауда орындарына жеткізілуде. Қорда сондай-ақ,   2010 жылдан бері көктемгі-дала және егін жинау кезеңінде шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдауға бағытталған «Егінжай» бағдарламасы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда осы мақсатқа 1,6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Алматылық шаруалар 2010-2011 жылдары  несиеге алынған 73,4 млн. теңгеге 400 гектардан астам жерге дәнді дақылдар, 35 гектарға - көкөніс, 22 гектарға - картоп егуге мүмкіндік алды.