Ауыл шаруашылығын қолдау қорының қызметкерлері исламдық қаржыландыру әдістемесін үйренуде

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдарында қарашаның 10-на дейін исламдық қаржыландыру әдістемесі үйретілуде.

 Еліміздің 11 аймағында түгел жүргізілетін бұл  семинардан бүгінгі таңда Ақтөбе, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары сияқты 3 пилоттық аймақта  арнайы оқытылған қызметкерлер ауыл тұрғындарының өтініштерін қабылдауда. Енді жақын арада мақұлданған жобалар бойынша қаржыландыру басталады деп күтілуде. Ал өзге  аймақтарда исламдық несиелік өнімдер бойынша өтініштер 1 қаңтардан бастап қабылданады деп жоспарлануда.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыту семинарларына жаттықтырушы  ретінде Астанадағы «Badr Finance & Investment» ЖШС қатысуда. Аталмыш компания,  қор және  Ислам даму банкінің арасындағы келісімнің аясында Қазақстанда енгізілетін бұл исламдық шағын несиелендіру әдістемесінің авторы - профессор Адалет Джабиев. Оны  жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Сәтті» жаңа шағын несиелік бағдарламасы 2  шағын несиелік өнімнен құрылады. Олар  - «Мұрабаха» және «Салам». Өнімдер ауыл шаруашылық техникалары, жүк көліктерін, биологиялық активтерді (жылқы, түйе, ұсақ мүйізді мал) қарызға алушыларға бөлшектеп сату үшін сатып алуға бағытталған. Сомасы 25 мың долларға дейінгі бұл қарыздың табыстылық үстемесі - жылына 9,5 пайыз, ол  18 айға дейінгі мерзімге беріледі.