«2013-2014 жылдары біз ауыл шаруашылығын таргеттеуді ойластырған болатынбыз. Сондықтан, осы құралдарды жетілдірудің маңызы аса зор», - дейді Абылай Мырзахметов.
Ал Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, аграрлық саланы дамыту үшін қаржы салымын арттыру керек. Оның сөзіне сүйенсек, соңғы жылдың өзінде екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына берген жалпы несиесі 25 пайызға қысқарып кеткен.
«Біз ауыл шаруашылығына қор жинауды арттыра беруіміз керек. Ауыл шаруашылығына қалдық қағидаты бойынша қарайды. Мемлекеттік бағдарламаға дейін басқа бағдарлама қолға алынып, оның «салмағы» 1,5 трлн теңге болатын. Мемлекеттік бағдарламаны қабылдағаннан кейін 1 трлн теңге болып қалды. Оның өзі девальвациядан кейін. Бұл үш есеге аз деген сөз. Мұндай қарым-қатынастың барында ауыл шаруашылығы қалайша драйвер бола алады», - дейді Ө.Шөкеев.
«Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың пікірінше, осы мәселелер аграрлық салаға ақша құю бағытында қаржы институттарын тежеп отыр. Бұған қоса сарапшы АШМ басшылығына ең алдымен, жүйелі міндеттерді, атап айтқанда тәуекелдерді бәсеңдете отырып, агросектордың инвестициялық тартымдылығы туралы ұмытпауға кеңес берді.
«Біз қор жинаудың төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Аталған салаға қаржының ағымын радикалды түрде арттыру қажеттігі туралы дұрыс мәселе қойып отырсыз. Бірақ, оның қайнар көзі мемлекеттік бюджет қана емес, жеке инвестициялар да болуы керек», - дейді Ошақбаев.
Министрлік бірқатар жаңа құралдарды әзірлеп, банк өкілдерінің, шаруа қожалықтар мен облыстық атқарушы органдардың талқысына ұсынып отыр. Талқының қорытындысында АШМ тың бастамаларды алға жылжыту үшін Үкіметте кеңес өткізуді көздеуде.