Ауылдасынан ақша алған жол полициясы инспекторына айыппұл салынды

ОРАЛ. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметші, жол полициясының аға мемлекеттік автоинспекторы К. тікелей міндетін өрескел бұзып, Қазталов ауданы Қоныс ауылының маңында соқтығысқан жол-көлік оқиғасы болған жерге жетіп,

 екінші көліктің иесі, өзінің танысы Х-ның пайдасына шешу мақсатында, алдыңғысының жүргізуші куәлігін ешқандай рәсімдеусіз алып, Х-ның көлігін оңдатуға 35 мың теңге бергесін ғана куәлігін ала алатындығын айтқан.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, амалы құрыған көлік иесі инспектордың үстінен қаржы полициясына арыз түсіруге мәжбүр болған.

Жол полициясының инспекторы өзінің шарты бойынша әкелінген 30 мың теңгені алу үстінде қаржы полициясының қызметкерлерімен құрықталған.

Басты сот талқылауында инспектор оқиға болған жерде екі жүргізушінің де құжаттарын тексерген кезде алдыңғысының тек қана жүргізуші куәлігі болғанын ал, Х-ның құжаты түгел болып, сосын Х. телефон арқылы  автокөлігін  жөндеуге 35000 теңге  ақша  керек  екенін  сұрап біліп, екеуара  автокөлігін  жөндеуге 35000 теңге   ақша  беретін  болып келіскендерін,  өзінің алдыңғы жүргізушіге  35000  ақша  әкелесің деп айтпағанын, ақша алайын  деген  ойы  болмағанын,   екеуі де  ауыл   адамдары  болғасын, өзара келіскесін ғана  хаттама  толтырмағанын  айтып, асырауында 12 жастағы баласы, 10  жастағы  егіз  балалары, сексеннен асқан кәрі ата-анасы барын, болған  жайға  өкінетінін, 19 жыл  ішкі  істер бөлімінде  қызмет  жасағанын, істеген  әрекетіне  сай,  бас  бостандығынан  айырмай,   жаза  тағайындауын сұраған.

Орал қалалық соты К-ге жаза тағайындауда барлық жинақталған  деректерді  тұжырымдай  келе, оның жасаған  қылмысының   қоғамдық қауіптілік дәрежесін,  асырауында кәмелетке  толмаған  үш баласының барын ескеріп,  оны  ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танып, бір  мың  айлық есептік  көрсеткіш мөлшерінде 1 618 000 теңге айыппұл салуға үкім етті.