Бұл туралы бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
Е. Қанағатов қазіргі күні республикада бұқаралық спортпен айналысатын спорт нысандары жетіспейтіндігін тілге тиек ете келе, жергілікті атқарушы органдар құрылымдары оңтайландырылғаннан кейін аудандық деңгейдегі аудандық Спорт және дене шынықтыру басқармалары қысқарып кеткенін айтты. Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда және Қостанай облыстарынан бөлек ауылдық спорт бөлімдері аудандық білім беру, мәдениет және тілдерді дамыту басқармаларына қосылды.
«Қазіргі уақытта 156 ауданның 103-де жеке спорт бөлімдері жоқ. Олардың орнына аудандық білім беру, мәдениет немесе тілдерді дамыту басқармаларында бір ғана бірлік қалдырылған. Қалыптастып отырған жағдай бойынша біз облыс әкімдерінен, спорт басқармаларынан ауылдық елді мекендердегі спорт басқармалары мәселесін қарастырып, оларды қайта құруды сұраймыз»,-деді комитет төрағасы.