«Ауылдық шағын несие» бағдарламасы бойынша 2012 жылы 3 143,3 млн. теңге берілді

АЛМАТЫ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2012 жылы «Ауылдық шағын несие бағдарламасы» бойынша 3 732 теңге несие берді.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыл тұрғындарын тікелей шағын несиелеу бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүргізілуде. Бұл несие   ауыл тұрғындарына беріледі. 8 жылдың ішінде бұл бағдарлама арқылы 17,9 млрд. теңгеге 66 662 шағын несие бөлінді.  Ол 71 695 адамды жұмыспен қамтып, 383 мың бас мал сатып алуға және 52 гектардан астам жерге егіс егуге мүмкіндік берді. Мәселен өткен жылы берілген 3 143,3 млн. теңгенің 90,7 пайызы   мал шаруашылығына, 2,3 пайызы  - өсімдік шаруашылығына, 7 пайызы  бизнестің басқа түрлеріне бағытталған.

Қордың несие қоржынындағы 21,4 млрд. теңгенің  27 пайызы «Ауылдық шағын несие» бағдарламасының үлесінде.  Бұл қазір «Сыбаға» бағдарламасынан (45%) кейінгі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.