Ауылға да үй керек - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 4 сәуiр, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

"Егемен Қазақстан" басылымы өзiнiң бүгiнгi санында танымал әдебиеттанушы Серік Негимовтің қаламгер шығармашылығы туралы толғанысын оқырман назарына ұсынып отыр.

"Қазақ әдебиеті тағы да бір абыройлы биікке көтерілді. Ресей Федерациясының «Лучшие книги и издательство года-2013» атты ұлттық сыйлығы Немат Келімбетовтің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Надежда. О самом сокровенном» («Үміт үзгім келмейді») кітабы үшін берілді", - деп жазады газет.

«Егемен Қазақстан» басылымы «Қиғаштағы көпір» деген мақаласында бұл жобаның Қазақстан мен Ресей ғана емес, ТМД елдері арасындағы алғашқы бірлескен жоба екендігін алға тартады. «Ежелден қоңсы отырған Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық, іскерлік қарым-қатынасының көкжиегі әр салада кеңейіп келеді. Оның мысалын шекаралас аймақтардағы өзара байланыстардың жанданғанынан көруге болады» деп жазады басылым. Газеттің жазуынша, жаңа көпір үстімен бірінші болып Ресейге бет алған қазақстандық көліктер тәулік бойы бір тоқтамайтын көлік қатынасына даңғыл жол салғаны даусыз. Өйткені, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық, интеграциялық байланыстардың артуын айтпағанда, бұл көпір Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерінің Ресеймен, Украинамен, Кавказ және Еуропа елдерімен арадағы көлік қатынасын жетілдіруге жол ашып отыр.

Ұлттық бас газеттің айқарма қос беті алда болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына арналып, еліміздегі ұлтаралық келісім мен азаматтық қоғам бірлігіне арналған топтама материалдарды ұсынған.

«Әлемдік көне тарихқа үңіліп, ықылым замандар қойнауынан отыз жылдан астам уақыттан бері түрік тектес халықтардың ортақ тарихына, оның ішінде қазақ халқына қатысты суыртпақтап сыр іздеген тарихшы-жазушы Қойшығара Салғараұлының ғылыми қауымға ұсынған жаңа еңбегі «Мыңғыл мен моңғол және үш Шыңғыс» деп аталады. Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген осы туынды жайлы «Егемен Қазақстан» газеті журналист-заңгер Ақайдар Ысымұлының ой-толғамдарын оқырмандар талқысына салады.

"Ауылдағы ағайынның да тұрғын үй мәселесін ойлайтын жан бар екен" деп жазады "Айқын" басылымы "Ауылға да үй керек" атты мақалада.

"Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Қадырәлиева «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы ауылдарда жұмыс істемейді, баспана құрылысы бүгіндері, негізінен, қалалар мен облыс орталықтарында ғана жүргізілуде, ал ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мүлдем ұмыт болған және ауыл тұрғындарының мемлекеттік баспанамен қамсыздандыру туралы конституциялық құқығы іске асырылмайды» деп елі­міздің экс-Үкімет басшысы Серік Ахметов отставкаға кетпей тұрып сауалын жолдап үлгерді. Үкіметтегі ауыс-түйіс кезінде ескерусіз қалмаса, негізі, депутаттың көтеріп отырған мәселесі өте орынды", - делiнген материалда.

Шынында, ауылдағыларды баспанамен қамтамасыз етудің арғы жа­ғында жастарды ауылда тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы саласының жұмысын жандандыру, әрбір дегенде 30-40-қа келгенше ата-анасының зейнетақысымен күн көріп, үйленбей, енші алмай жүрген қыз-жігіттеріміздің өз алдына отау құрып, ел демографиясына үлес қосу сияқты ауқымды мәселелері тұр.

"Айқынның" тағы бiр мақаласында Қазақстанның болашақ аналарының денсаулығы сынды өзектi тақырып қозғалып отыр.

Қазіргі таңда бедеулік тек бір отбасының мәселесі ғана емес, бүкіл қоғамдық дертке айналып бара жатқаны жасырын емес. Шаңырақта баланың шат күлкісі болмағандықтан, ерлі-зайыптылардың ажырасуы да көп орын алған.

"Мамандардың айтуынша, отбасын құрғандардың 15 пайызында бедеулік кездессе, жыл сайын ұрпақ өрбіту бойынша дәрігердің алдына 20 мыңға жуық жұп жүгінеді екен. Олардың кем дегенде 30 пайызына репродуктивті медицинаның көмегі қажет", - делiнген "Жатыр iсiгi жасарып барады" атты мақалада.

«ЭКО» жасату өте қымбат бол­ғандықтан, мемлекет 2010 жыл­дан бері арнайы квота бөліп келеді. Алғашында 100 квота бө­лін­се, қазір оның саны 700-ге жетті. Осы уақыт ара­лы­ғында Қазақстанда жалпы саны 10 мыңға жуық бала реп­родук­тивті медицинаның кө­мегімен дүниеге келіпті.

"Түркiстан" газетi "Үкiмет басына екiншi рет келген бiрiншi премьер-министр" атты мақала жариялады. Онда Елбасы Н. Назарбаевтың жаңа Премьер-Министрге артқан мiндеттерi туралы айтылады.

"Бұл кандидатура қазіргі жағдайда тиімді жұмысты қамтамасыз ету үшін мейлінше лайықты деп есептеймін", - деп атап өтті Президент. Басты мақсат инвесторларды тарту қажеттігін де айтты. Ал бұл тұрғыда Мәсімов мырзаның шетелдік ұйымдар мен кәсіпкерлерге етене таныс екені белгілі. "Кәрім Мәсімов біз рецессияға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеген 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде жұмыс істеді. Экономиканы одан әрі дамыту үшін бізге елдің ішінде де, негізгі шетелдік серіктестерімізбен де тиімді жұмыс жүргізу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Парламент Мәжілісінің депутаттары елдің Премьер-Министрі лауазымына К.Мәсімовтің кандидатурасын бірауыздан мақұлдаған болатын (105 дауыс). Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 1965 жылы туған. Ол 2007 жылдың қаңтар айынан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарған болатын", - делiнген материалда.

" Казахстанская правда» газеті «Вектор ХХІ века» деген ақпараттық-талдама материалында Қазақстандағы атом өнеркәсібінің дамуы және келешегі жайлы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің мақаласын ұсынған. Газеттің жазуынша, бүгінде әлемде жалпы қуаты 372 ГВт 435 атом реакторлары жұмыс істейді екен. Атом электр стансаларын салу энергияға арта түсіп отырған сұранысты қанағаттандырумен қатар экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміз Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша маңызды шешім қабылдау табалдырығында тұр. Атом энергетикасын дамыту жоғары технологиялы және перспективалы саланы дамытуға және біздің уран қорларымызды өз мүддемізге жаратуға және ұзақ мерзімде елдің энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.