***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Отанымыздың білім, ғылым саласындағы өткен жылғы жетістіктер мен биылғы атқаратын жұмыстар, алдағы міндеттер туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа жиыны кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған тапсырмаларды орындау жолындағы жоба-жоспарға қысқаша тоқталып, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту, орта білім беру саласы, кәсіптік білімнің жай-күйі, жоғары оқу орындарының тыныс-тіршілігі, ғылыми ізденістердің нәтижесі туралы айтып, балабақша мәселесін шешу үшін 2015-2017 жылдары Ұлттық қордан 20 миллиард теңге бөлінетінін, оған 36 ғимарат салынатынын атап өтті. Мектептер бойынша да мәліметтер келтірілді.
Өткен жылы 50 апатты және 27 үш ауысымды мектептің проблемасы оң жолға түсіпті. Сөйтіп, апатты мектептер саны 136-ға, үш ауысымды мектептер 99-ға төмендепті. Техникалық және кәсіптік білім беруді, дуалды оқыту жүйесінің элементтерін еске салды. Елімізде 127 жоғары оқу орны бар көрінеді. 341 ғылыми ұйымдар болса, оған бөлінген қаржы жыл сайын өсіп, нақтылай түссек, 2010 жылы 20 миллиард, 2013 жылы 53 миллиард теңгеге, яғни екі есе өсіпті. Бұл мақала көпшілік назарына «Алқада ақиқаттар айтылды» деген тақырыппен берілген.
Бас басылым «Ұйым қашанда денсаулық күзетінде» атты мақаланы жариялады. Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Еуропа өңірі бюросының директоры Ж.Якабпен кездесті. Мемлекеттік хатшы Ж.Якаб ханымды Қазақстан аумағында, географиялық жағынан ДДҰ бас штабынан ең шалғай жерде орналасқан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі офисінің ашылуымен құттықтады. Бұл офистің Алматыда ашылуының елеулі символикалық мәні бар. Өйткені, ДДҰ-ның медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі декларациясы алғаш рет 1978 жылы Алматыда қабылданған еді, деді ол.
ДДҰ-ның Алматыдағы офисі ұйымға мүше 53 мемлекеттің жұмысын үйлестіруді жүзеге асыратын Еуропа мен Орталық Азия аумағындағы алғашқы ірі офиске айналып отыр. Офистің Қазақстан аумағында ашылуы - алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша біздің еліміздің жасап жатқан жұмыстарының ДДҰ тарапынан жоғары баға алғандығының көрінісі. Бұл туралы Ж.Якаб ханым журналистерге кездесуден соң баяндап берді. Ол Қазақстандағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын да жоғары бағалайтынын жеткізе келіп, Елбасының өз азаматтарының денсаулығын сақтауға зор көңіл бөлетініне ризашылығын білдірді.
***
«Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қос заң жобасы нұротандық депутаттар тарапынан қатаң сынға ұшырады. Кеше Мәжілісте «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заң жобасының және оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өткен болатын. Олар бойынша құрылған арнайы жұмыс тобының жетекшісі, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Рауан Шаекин «бұл жобаларды тіпті қарауға алудың да мәні жоқ» деген шешімге келді»,-деп жазады «Айқын» газеті «Ауылға қатысты заңда ақау болмайды» деген мақаласында.
АШМ басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, жаңа заң жобасы Қазақстанда өндірістік ұжым түрінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашуды қарастырады. Ол ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке адамдар мен заңды тұлғалардың «ерікті негізде құрған» бірлестігі болуға тиіс. Бұл ретте АШМ-ның мәліметінше, онда әрқайсысының құқығы тең: басқару «бір қатысушы - бір дауыс» қағидатына негізделеді. «Ауыл шаруашылығы кооперативі коммерциялық ұйым болатындықтан, тиісінше, оның табысы мүшелері арасында олардың жарғылық капиталдағы үлесіне барабар көлемде немесе шаруашылық қызметке қатысуына қарай бөлінетін болады» деді вице-министр.
Заң жобаның тағы жаңашылдығы бар: Қазақстандағы барлық ауыл шаруашылығы кооперативтері бұдан былай «кооперативтердің ревизиялық одақтарында (немесе қауымдастықтарына) мүше болуға міндеттеледі». Өз кезегінде осы одақтар жыл сайын әрбір кооперативке тексеріспен барып, ішкі аудит жүргізеді. Бұл жұмыс шығынының 50 пайызын бастапқы кезеңде мемлекет өз мойнына алып, субсидиялауға ниет білдірді.
Осы газетінің жазуынша, теңге кенеттен күрт құнсызданбайды. Алайда шұғыл қадам жасауға мәжбүр болмас үшін Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы бағамын ақырындап көтере береді. Оның үстіне, ұлттық валютаның тұрақтылығына әрбір азамат та үлес қосқаны абзал. Ол үшін жылжымайтын мүлік және көлік сатып аларда теңгені пайдалану керек. Кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов келесі аптада Қазақстан экономикасын долларсыздандырудың жаңа жоспарын жариялайтындықтарын жеткізді. Төрағаның мәлімдеуінше, Қазақстандағы тұрғындар арасындағы сауда-саттықтың 93 пайызы қолма-қол, яғни банктік аударым процестерінен тыс жүргізіледі. Оның үстіне, осылардың басым бөлігінде бағалау және саудалау доллармен өткізіледі. Әрине, мұның салдарынан ұлттық валютаның нарықтағы өз салмағын жоғалтады және мемлекете те тиісті салықтық түсімдерден айырылады. Бұл мақала «Теңгенің тегеурінділігі сақталады» деген тақырыппен жарияланды.
***
Сәулетшілер ЭКСПО-2017-ге қарай астаналықтар мен қала қонақтарын қандай өзгерістер күтіп тұрғандығын айтып берді. «Казахстанская правда» басылымы «Перспективы Генплана» деген материалында жазуынша, қала құрылысының жалпы тұжырымдамасында жоғарықабатты үйлердің құрылысана үлкен мән беріліп отырған көрінеді.
Сонымен қатар қаладан 60 шақырым радиустағы аумақ азық-түлік белдеуі ретінде көрсетіліп отыр. Жаңа жоспар бойынша 10-ға жуық орталық аймақтарды ұйымдастыру жоспарлануда, онда рекреациондық, сауда жән мәдени, ойын-сауық нысандары орналастырылады. Мұнымен қоса, қаладағы жылу мен электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету жүйесі де жетілдіріледі.