Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы егістік және егін жинау науқанына басқарушы холдинг бюджеттік несиені есепке алып, 114,9 млрд теңге, ал 2015 жылы 101,3 млрд теңге бағыттаған болатын.
Бұл ретте, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыру, сонымен қатар, отандық қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында биыл жаңадан қаржыландыру механизмі енгізілетін болады.
Нақтырақ айтсақ, биылғы несиелеу механизмі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ ол егістік алаңдарын әртараптандыруға бағытталған. Бұл үшін 1 сәуірге дейін басымдықтағы 11 дақыл бойынша өтінімдер қабылданған болатын. Атап айтсақ, олар: күнбағыс, рапс, зығыр, соя, арпа, қант қызылшасы, күріш, астық жүгерісі, мақта, сұлы, картоп. Ал 1 сәуірден бастап, басқа барлық дақылдар бойынша өтінімдер қабылдануда.
Ерекше атап өтетін жайт, биылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру барысында негізгі басымдық бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарына беріледі. Олар:
Майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр, соя). Бөлінетін каржы көлемі 12,138 млрд теңгеден кем емес. Арпа -2,5 млрд теңге, қант қызылшасы -1,2 млрд теңге, күріш -1,6 млрд теңге, жүгері - 1,1 млрд теңге, мақта -2,5 млрд теңге, сұлы -460 миллион теңге, картоп -288 миллион теңге.
Жалпы алғанда бұл дақылдарға 22 миллиард теңге бөлу жоспарланса, қалған дақылдарға (бидай, көкөніс, бақша, бұршақ және т.б.) - 38 миллиард теңге қарастырылған.
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі өкілдерінің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігімен белгіленген жоспарға сәйкес, қаржыландыруды қажет ететін басымдықтағы дақылдар 567,7 мың гектар жерді алып жатыр. Соңғы уақытта ауылшаруашылық тауар өндірушілерін рапс, зығыр, арпа және күріш егу жұмыстары аса қызықтыратыны белгілі. Бұны олардан келіп түскен өтінімдерден анық байқауға болады. Алайда басымдықтағы 3 дақылға, атап айтсақ, қант қызылшасы, мақта және астық жүгерісіне ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қызығушылығы төмен.
Аталған бағыттарды қаржыландыру жұмыстары жоспар орындалғанға дейін жалғасады.
Сонымен қатар ағымдағы жылы бюджеттен бөлінген ақша қаражаты тікелей Аграрлық несие корпорациясына түсті. Қаржыландыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады:
- екінші деңгейлі банктерді қорландыру арқылы - қарыз алушылар үшін соңғы пайыздық мөлшерлеме жылдық 5%-ды құрайды;
- несие серіктестіктерін, аймақтық инвестициялық орталықтарды, шағын қаржы ұйымдарын қорландыру арқылы - ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін соңғы мөлшерлеме - жылдық 6%;
- Корпорацияның жылдық 2%-бен екінші деңгейлі банктің кепілдігімен тікелей несиелеуі, ол ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін Банктің кепілдік құнын есепке алғанда шамамен жылдық 6%-ды құрайды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауылшаруашылық кооперативтерін екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру бағдарламасы жалғасады. Егер, 2015 жылы қаржыландыру екі кооперативтен басталса, 2016 жылы 10 кооператив қаржыландырылған болатын. Биыл қаржыландыруға 12 кооператив өтініш берді.
Естеріңізге сала кетейік, бюджеттен тыс көздер есебінен қосымша көктемгі егістік және егіс жинау жұмыстарын жүзеге асыру үшін ауыл техникасын сатып алуды қаржыландыруға «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы шамамен 35 млрд теңге бағыттау жоспарда бар.