Ауыр атлетикадан БҚО ашық чемпионаты мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында ауыр атлетикадан БҚО ашық чемпионаты мәреге жетті.

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатынан түскен мәліметке қарағанда, жарысқа Атыраудан, Ақтөбе облысы мен қаласынан, Хромтаудан, Маңғыстаудан келген зілтеміршілермен қатар Батыс Қазақстан облысынан бірнеше команда құрамында спортшылар қатысып, бақ сынады.

Чемпионат қорытындысында аталмыш мектеп-интернаттың ауыр атлеттері табысты өнер көрсетіп, бес бірдей алтын медальді жеңіп алды. Атап айтқанда, Рустам Орашев (46 кг), Мадияр Айдар (34 кг), Артур Зырянов (50 кг), Виктор Тарасов (85 кг), Ержан Жұмағұлов (77 кг) чемпион атанды. Сондай-ақ Нұралы Мақанов (50 кг), Сержан Хамидолла (38 кг), Өтепберген Әлиев (56 кг), Бекнұр Жамбылов (34 кг) күміс, Дмитрий Шулепов (62 кг) қола жүлдені иеленді. Зілтеміршілердің бапкері - Дәурен Байториев.