Ауыр немесе зиянды жұмыс орындарындағы қызметкерлердің саны 680 мыңға жетіп отыр

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - еЛІМІЗДЕ Ауыр немесе зиянды жұмыс орындарындағы қызметкерлердің саны 680 мыңға жетті.

Бұл туралы бүгін 2010 жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың міндеттеріне арналған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев мәлім етті.

«2010 жылдың жедел статистикалық шолуын қарасақ республикалардағы мекемелердегі ауыр немесе зиянды жұмыс орындарында қызмет жасайтын қызметкерлердің саны 680 мыңға жетті. Оның ішінде әйелдер саны 190 мыңды құрады»,-деді комитет төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда 2009 жылы 2102 қызметкер жазатайым оқиғаға тап болса, ал 2010 жылдың жедел қорытындысы бойынша 2162 осындай оқиға тіркелді. «Оның ішінде 2009 жылы өндірісте 346 адам апат болса, 2010 жылы олардың саны 363-ке жетті»,-деді С. Бисақаев.

Осы орайда ол мемлекеттік еңбек инспекторлары нысандарда анықтаған заң талаптарын бұзушылық тізімінде жабдықтардың қанағатсыз жағдайы, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етудің төмендігі, тиісті бақылаудың болмауы, сондай-ақ арнайы оқудан өтпей жұмысқа тұру сияқты жағдайларды белгілегенін атап өтті.

«Осы себепті еңбек қорғау саласындағы 916 өнеркәсіптік мекемелерде халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілді. Министрліктің стратегиялық жоспарына сәйкес 2010 жылы өндірістік нысандардағы еңбек жағдайына аттестация өткізген мекемелердің саны 10 мыңға жетті»,-деді комитет төрағасы.