Сарапшылар қазіргі тұста Қазақстан үшін экономикалық дағдарыстан шығудың бір жолы өндіргіш күштердің инновациялық дамуын қамтамасыз етуде өзіміз қамтуды арттыру деп санайды. Шетелдік дайын тауарларға тәуелділіктен құтылып, отандық мазмұнға көшу ұлттық экономиканың қарқын алуына, оның бәсекеге қабылеттілігіне тікелей байланысты. Бұл міндеттер жаңа индустрияландырудың басты өзегін құрайды.
Қазақстандағы индустрияландырудың бірінші бесжылдығы бойынша экономиканы әртараптандыру үдерісінде қол жеткен жетістіктердің бірі әрі бірегейі машина жасау саласы болып табылады. Алғашқы бес жыл ішінде отандық жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге, мұнай қондырғыларын шығару 3 есеге көбейген. Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 2014 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға ұлғайды. Жалпы экономикадағы автоөнеркәсіптің үлесі 2013 жылдың өзінде 2008 жылмен салыстырғанда төрт есе өсті. 2013 жылы отандық кәсіпорындар 37 мыңнан астам жеңіл автокөлік құрастырды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есеге артық және 2008 жылдың көрсеткішінен 11,6 есе көп. Автокөлік кластері негізінен Өскемен мен Қостанайда шоғырланған және автоөндірістегі бірінші қадамдары айтарлықтай табысты. Соның нәтижесінде Қазақстанда бұрын-соңды болып көрмеген машина жасау саласы пайда болып, отандық өнеркәсіптен өз орнын иеленді. Келешекте Қазақстандағы автокөлік өндірісі жылына 300 мың бірлікке дейін жетеді деп болжануда.
Жалпы индустрияландыру бағдарламасы ең алдымен халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға негізделген құжат ретінде басымдыққа ие. Бұл бағыттағы экономикалық іс-шаралардың әлеуметтік маңызы тұрғындарды жұмыспен қамту, әл-ауқатын көтеру, экономиканы әртараптандыруға атсалысу іспетті құрамдастарымен айрықша арта түседі. Бұл жобалардың айрықша тартымдылығы олардың әлеуметтік-экономикалық құрамдасында жатыр, яғни экономиканың практикалық мұқтаждығына және сонымен қатар нақты әлеуметтік тиімділік алуға бағдарланған. Қазақстандық автокөлік өндірісі де негізгі тұтынушы ретінде қатардағы тұрғындардың қажеттіліктеріне бағдарланады. 2015 жылдың сәуірінде жеңілдетілген автонесие бағдарламасына Ұлттық Қордан қаржы бөлінуі отандық автокөлік өндірісіне үлкен серпін берді. Бағдарлама бойынша жеке тұлғаларға Қазақстанда құрастырылған жеңіл автокөліктер алу үшін жылдық тиімді мөлшерлемесі 7,5 пайыздан аспайтын несиелер берілді. Осы шараның нәтижесінде отандық автокөліктер сатылымы мамыр және маусым айларында рекордтық көрсеткішпен өсті, ал нарықтағы отандық машиналардың үлесі 27%-ға жетті. Бұл жағымды көрсеткіштер ҮИИДМБ-1 жүзеге асырғалы бері Қазақстанда машина жасау саласында кластерлік тәсілді қолданудың және мемлекет-бизнес әріптестігінің нақты нәтижесін көрсетеді.
2015 жылдан басталған индустрияландырудың екінші бесжылдығы 1-ҮИИДМБ-нің нәтижелері мен жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өнеркәсіпті үдемелі дамытуға бағытталуда. Бұл бесжылдықтың негізгі мақсаты өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруды ынталандыру және бәсекеге қабілеттілікті барынша арттыру болмақ. Табысты экономиканың негізіне айналуға қабылетті кластерлік тәсіл бір аумақта шоғырланған компаниялардың, корпорациялардың тобы ретінде белгілі бір қызмет түріне маманданады. Қазақстандық экономикада басымдық берілген салалар арасында машина жасау да бар және бұл саланың басқа салаларға мультипликативтік әсері зор. Әсіресе 2015 жыл басынан бері бұл салада ілгерілеушілік айқын байқалады. Жеңіл автомобильдер арасында шетелдік көліктерді сату азайып, оның орнына отандық өнім көлемі артты. Қазақстандағы автомобиль кластеріндегі өндіріс көлемінің өсуі әсіресе Chevrolet, KIA Motors, Skoda, Renault, Nissan бренді автокөліктерін сатудың ұлғайғанын көрсетеді. Бұл көліктер отандық автоөндірістің ірі өндірушісі саналатын өскемендегі «АЗИЯ-АВТО» автокөлік зауытында шығарылады және зауыт алдағы уақытта жылына 120 мың көлік шығаруға қол жеткізу, өндіріске заманауи технологияларды енгізу міндеттерін қойып отыр. Өндірісті жаңа деңгейге көтеру мыңдаған жұмыс орнының құрылуымен қатар жүреді.