Сарапшылардың болжамы бойынша, егер нарыққа қайтадан лицензиялау жүйесі енгізілсе, елімізде жұмыс істеп тұрған 727 автомектептің 300-ге жуығының жабылу қаупі бар. Бұған мектептердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, білікті мамандардың жетіспеуі және оқыту процесінсіз-ақ жалған сертификаттар сату тәжірибесінің белең алуы себеп болып отыр.
ІІМ бастамасы: Бақылауға биометрия мен геолокация енеді
Елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп, қайғылы жағдайлардың көбеюіне мамандар жүргізушілерді даярлау сапасының төмендігін басты себеп ретінде атайды.
Қазір автомектеп ашу үшін ІІМ ақпараттық жүйесіне бес қана құжат енгізу жеткілікті және бұл мәліметтер алдын ала тексерілмейді. Жүргізушілерді даярлау жөніндегі кәсіби бірлестіктің өкілі
тің айтуынша, жаңа заң жобасы ІІМ-нің тікелей бастамасымен дайындалған.
— Қазіргі таңда курсанттардың сабаққа қатысуын бақылау өте қиын. Оқушы топқа тіркелгенімен, теория мен базаны өз бетінше жаттап, сабаққа мүлдем келмей-ақ, арзан бағаға сертификат сатып ала салатын жағдайлар жиі кездеседі. Осыны тоқтату үшін жаңа заң аясында биометрия мен геолокация жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Курсант жеке кабинетке өз телефонымен кіргенде, оның нақты автомектепте отырғаны геолокациямен және бет-әлпетін тану арқылы тексеріледі. Лицензиялау қайта келсе, ең алдымен мектептің материалдық-техникалық базасы мен кадрлық құрамы жіті тексеріледі. Меніңше, заң қабылданғаннан кейін нақты нәтижесін 1-1,5 жылда көретін боламыз, — дейді Әділ Әлібеков.
Жалған құжаттың салдары қандай болуы мүмкін?
Реформаның басты мақсаты — нарықта тек қана адал жұмыс істейтін, материалдық базасы мен жеке автодромы бар ұйымдарды қалдыру. Ал автомектептердің сапасыз білім беруі немесе заңсыз құжат беруі тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғуы мүмкін.
Заңгер Аржан Сәдуақастың айтуынша, кез келген азамат автомектепке барар алдында оның ІІМ реестрінде бар-жоғын арнайы нөмір арқылы тексере алады.
— Егер автомектеп толыққанды оқытпай, жалған құжаттар дайындаған болса, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Көлік жүргізу құқығын алуға немесе емтихан тапсыруға негіз болған сертификат заңсыз деп танылған сәттен бастап, оның күші жойылады. Бұл дегеніміз — алдағы уақытта заңсыз құжатпен куәлік алған көптеген азамат жүргізуші құқығынан айырылуы мүмкін деген сөз. Егер мектеп «лицензиямыз бар» деп алдап, сапасыз оқытса, бұл — алаяқтық. Азаматтар заңсыз төленген ақшасын сот арқылы өндіріп алуға құқылы. Сонымен қатар, менің ойымша, мектеп бағдарламасына 9-сыныптан бастап жол ережесін оқытуды енгізу керек. Көлік айдамасақ та, бәріміз жаяу жүргінші ретінде сауатты болуымыз қажет, — деп атап өтті заңгер Аржан Сәдуақас.
Заң тұрғысынан талап күшейтілгенімен, жол үстіндегі қауіпсіздікке рөлдегі адамның психологиялық дайындығы мен практикалық дағдысы да тікелей әсер етеді. Жүргізу куәлігі бар азаматтардың өздері қала ішіндегі қозғалыстан қорқып, қосымша көмекке жүгінеді.
Рөлдегі психология қалай әсер етеді?
Көп жылдық тәжірибесі бар автонұсқаушы Ерасыл Әубәкіров Астана қаласында соңғы уақытта рөлге отыратын әйелдер қатарының айтарлықтай артқанын айтады.
Бес жылдық нұсқаушылық тәжірибесінде ол жаңадан бастаған жүргізушілердің басты қателіктерін анықтаған. Оның сөзінше, автомектептерде практикалық сағаттардың аздығынан, адамдар қалада тұраққа тұрудан, жолақ ауыстырудан қорқады.
— Жаңадан рөлге отырғандар басында эмоцияға көп беріледі. Телефонға түсіру, ән тыңдау, сөйлесу сияқты қауіпті әрекеттерге барады. Олар арақашықтықты сақтамайды және назарды бір жерге бекітіп алады. Көлік жүргізудің артында үлкен жауапкершілік пен адам өмірі тұр. Жүргізу кезінде шәкірттердің жасына байланысты ерекшеліктер де бар. Мәселен, 20 жастағы жастар жауапкершілікті аз сезінгендіктен қорықпай тез үйренсе, 40 жастағы шәкірттерде қауіпсіздікті ойлап, үрей мен қорқыныш басым болады. Сондықтан біз қысқа курстарда тек теорияны емес, көлікті қауіпсіз жүргізудің практикалық әдістерін үйретеміз, — дейді нұсқаушы Ерасыл Әубәкіров.
Жоғарыда айтылған халықаралық тәжірибелерді ескерсек, көп елдерде жүргізуші жиі айыппұл төлесе, оны қайтадан емтихан тапсыруға жіберетін жүйе қалыптасқан. Қазақстан да қазіргі таңда осы сынды тиімді тетіктерді талқылау үстінде.
Айта кетейік, бұған дейін, елордадағы ақылы тұрақтардың тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазған едік.