Автосалондар жаңа көліктерді қосымша қондырғымен сатып алуды міндеттеген
Қадағалау органы автосалондардың мұндай әрекеті заңға қайшы екенін анықтады. Автодилерлер көліктерді сатқанда бұл қызметтер мен керек-жарақтарды орнатуды тұтынушыларға жүктейді.
«ҚР Конституциясының 26-бабына сәйкес, монополиялық қызмет заңмен реттеледі және шектеледі. Жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады. «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабына сәйкес, cатушы тұтынушымен жасалған шарттарға тұтынушының құқығын бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс.
Заңның 28-бабына сәйкес сатушы тұтынушыға тиісті сападағы тауарларды тұтынушыға ыңғайлы уақытта еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны қажетсіз мөлшерде және ассортиментте өнімді сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады», - деп түсіндірді прокуратурадан.
Шарт жасасу кезінде тұтынушының құқығын бұзатын жағдайдың бірі — сатушының ақылы тауарлар бойынша қосымша міндет жүктеуі.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 5 наурыз күні қадағалау органы Алматы қаласы Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментіне заңдылықты бұзушылықты жоюды ұсынды. Қазіргі уақытта уәкілетті орган жаңа автокөліктерді сату бойынша дилерлік орталықтардың тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне талдау жасауды аяқтады», - деп атап өтті ведомстводан.