Автотуристерге кеңес: Ұлттық паркке кіргенде кідірістен қалай сақтануға болады

Фото: Фото: С.Балташева 

АСТАНА. KAZINFORM — Мамыр айындағы мерекелер қарсаңында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) дирекциясы келушілерге уақыт үнемдеуге және парк аумағынан шыққанға дейін төлем жасау мүмкіндігін пайдалануға кеңес береді.

— Ұлттық парк аумағынан шығар кезде ұзақ кідіріп қалмау үшін, БӨП камералары көлігініңіздің нөмірін тіркегеннен кейін паркқа келу төлемін алдын ала төлеуіңізді сұраймыз. Қонақтарға ыңғайлы жағдай жасау үшін Ұлттық парктің адамдар ең жиі баратын жерлерінде онлайн төлем жасауға арналған QR-кодтар орнатылған. Бұл QR-кодтар парктың барлық 5 бақылау-өткізу пунктінде, Абылай хан алаңында, Бөлектау, Көгілдір шығанақ, Оқжетпес пен «Ұлутас» маңындағы тұрақтарда орналасқан, не болмаса Kaspi.kz немесе Homebank банктерінің мобильді қосымшаларындағы «Төлемдер» бөлімінен «Көлік» — «Бурабай ұлттық паркі. Кіру үшін төлем» қызметін таңдап, алдын ала төлем жасауыңызды сұраймыз. Төлем сол күні түнгі 00:00–ге дейін жарамды. Демалысты алдын ала жоспарлап, ыңғайлы төлем тәсілдерін қолданып, кептелісте уақыт жоғалтпаңыз! — деп ескертті ұлттық табиғи парк баспасөз қызметі.

Фото: С.Балташева

Сонымен қатар, 1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында демалыс пен мереке күндері кіру ақысы төмендегідей болады:

· жеңіл автокөлік — 0,4 АЕК (1573 теңге);

· сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігі — 1,5 АЕК (5898 теңге);

· 32 орынға дейінгі автобус — 2,5 АЕК (9830 теңге);

· 32 орыннан көп автобус — 3,5 АЕК (13762 теңге).

Фото: С. Балташев

Мына көлік құралдарынан табиғат қорғау мекемесі аумағына кіргені үшін төлем алынбайды:

· электромобильдер;

· жолаушыларды тұрақты тасымалдаумен айналысатын автобустар;

· зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың, Ұлы Отан соғысының және басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлерінің, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалардың, еңбек ардагерлерінің көліктері;

· қызметтік міндетін атқарып жүрген арнайы көліктер: жедел жәрдем, құтқару қызметтері, құқық қорғау органдары және т. б.;

· ауыл шаруашылығы мен мелиорациялық техникалар;

· Ұлттық парк пен оның қорғау аймағы шекарасында тұратын, осы аумақта тіркелген тұрғындардың көліктері.

Бұған дейін Бурабай курортын дамыту жоспарына 137 миллиард теңге бөлінгені мәлім болды.