Айдын Айымбетов: Өмірде қол жеткізген жетістіктерім - ұстаздарымның арқасы (ФОТО, ВИДЕО)

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов ҚР Қарулы күштері Әуе-қорғаныс күштерінің әскери-әуе ұшқыштарымен кездесіп, Әуе-қорғаныс күштерінің ғарышқа барып келген туын жас ұшқыштарға табыс етті.

«Ең алдымен, әрине, үшінші қазақ ғарышкерінің самғауына жағдай жасаған Жоғарғы Бас қолбасшысы - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым зор. Мен бұл оқиғаға 1998 жылдан бері дайындалдым. Жалпы, мен өмірде неге қол жеткізсем де ол - ұстаздарым мен тәлімгерлерімнің арқасы. Кезінде, училищеде оқып жүргенімізде Тоқтар Оңғарбайұлының (Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы) ұшып-қонғанын көрген едік, кейін бұл кісі менің өмірлік ұстазыма айналды. Бұл адам менің ұшқыш ретінде қалыптасуыма көп ықпал еткен адам», - дейді А.Айымбетов. Кездесу барысында ҚР әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов Халық Қаһарманы Айдын Айымбетовке ҚР Әуе қорғаныс күштерінің төсбелгісін табыс етті. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 2 қыркүйегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» ракетасымен ғарышқа ұшқан болатын. Айдын Айымбетов ғарышта 9 күн 20 сағат болды.