18:13, 23 Сәуір 2009
Айдынды Есіл бойындағы елордаға ел көптеп қонып жатыр
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Биылғы қаңтар, ақпан айларында елордалықтардың санын дүниеге жаңа келген 1 971 сәби толықтырды. Осы аралықта басқа жақтан 6 761 адам көшіп келіп, қоныстанған. Осылайша, жыл басынан бері қала халқының қатарына 8 732 адам қосылды. Астана қалалық Статистика басқармасының наурыз айының басында шығарған есебіне қарағанда, елорда тұрғындары 648 311 адам болды.
Бүгінде Астана тұрғындарының өсу динамикасы республика бойынша ең жоғарғы көрсеткішті айқындады. Олардың ішінде оралмандардың үлес салмағы ауыз толтырып айтарлықтай. Күні бүгінге дейін Астана қалалық Көші-қон департаментіне 5 821 оралман, 1242 отбасы ресми тіркелген. Көштің басында Өзбекстан тұр. Жазы ыстық аймақтан қысы ұзақ болатын елордаға 440 отбасы келіпті. Моңғолиядан 225 отбасы жетсе, Қытайдан 159 отбасы, Ресейден ? 289 отбасы, Түрікменстаннан ? 46 отбасы, Тәжікстаннан ? 3 отбасы, Қырғызстаннан ? 76 отбасы, Беларустан ? 2 отбасы ат басын атамекенге бұрған. Украина мен Молдовадан көшіп келген бір-бірден отбасы бар.«Елге ел қосылса ? құт», жаннан бұрын малдың амандығын сұрағанымен, қазақ, әдетте, мал байлығынан жан байлығын артық көрген. Әсіресе, баланың жөні бір бөлек. Бізге қосылған 5 821 оралманның жартысына жуығы, яғни 2 598-і ? өскелең ұрпақ. Демек, ертеңгі күні қарамыздың қоюлана түседі деген үмітті оятады. Бұл, пайызға шаққанда, 44,6 пайыз. Елорда мектептеріндегі 1 579 оқушы ? жырақта түтін түтеткен қандастардың ұл-қыздары. Өз еліміздің ілімін де, тәрбиесін де сіңіріп, біте-қайнасып келе жатыр. Ал мектеп жасына жете қоймаған 1 019 «қаспақтанау» аға-әпкелерінің кітап-дәптерін шимайлап, қалам-қағазына таласып өсіп келеді. Оралман әйелдердің қатарындағы «алтын құрсақ» 544 анаға үкімет көп балалы ана ретінде арнайы жәрдемақы тағайындады.
«Жастың шаршадым дегеніне сенбе, кәрінің қарным ашты дегеніне сенбе» деген атам қазақ. Еңбекке жарамды ер-азаматтар мен қыз-келіншектер 2 954 екен. Бұл ? 50,7 пайыз деген сөз. Олардың 31-і шығармашылық қызметкер, 240-і ? ұстаз, 169-і ? дәрігер, 49-ы мемлекеттік қызметте, 62-сі ? ауыл шаруашылық маманы, 611-і жеке кәсіппен айналысады. Осы ағайындардың 928-і ? жоғары білімді. 473 адам ? орта арнаулы білім иелері. Араларында ғылым докторы ілім-білімнің жолына түскен 8 кісі бар. Осы күнде Қаржаубай Сартқожаұлы, Зиябек Қабылдин және Дүкен Мәсімханұлы секілді «ілімнің майын ішкендер» Астана ғана емес, алысты-жақын қазаққа танымал. Сайд Захан, Қуандық Шамақайұлы, Гүлнәр Нәсілін қатарлы 19 ғылым кандидаты елорданың ғылым әлемін дамытуға көз майын тауыса ізденіп келеді. Астананың жоғары және арнаулы орта оқу орындарында 484 оралман балалары дәріс алып жатыр. Бәрінен бұрын Елтаңбаның авторы, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі Жандарбек Мәлімбаевтың қазақ мемлекетіне қосқан үлесі ? атан түйеге жүк боларлық абырой.
Бұрынғыша айтқанда, 269 кісі құрметті еңбек демалысында, бүгінгіше ? зейнеткер. Жаста көрген бейнеттің зейнетін атамекенінде көріп, 253 адам зейнетақы алып жүр. Елімізде квота беру қолға алынған 1998 жылдан бастап елордаға 671 отбасы, яғни 3 517 адам квота бойынша көшіп келді. Бұл отбасылардың барлығына ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 29-бабына сай, баспана алу үшін біржолғы жәрдемақы мен көлік шығындарын өтеуге арналған төлем берілді. Қалған 571 отбасы немесе 2 304 адам ? квотадан бұрын мемлекетаралық еңбек шарты бойынша көшіп келгендер. Астана қалалық Көші-қон департаментінің директоры Орал Мұқияевтің сөзіне қарағанда, өткен жылы Астанаға квота бойынша 95 отбасы көшіп келді. Жан санын есептегенде ? 474 адам. Атап айтқанда, Өзбекстаннан ? 21, Ресейден ? 31, Моңғолиядан ? 15, Қытайдан ? 20, Қырғызстаннан ? 4, Түрікменстаннан келген 4 отбасы мүшелері елорда тұрғыны мәртебесіне ие болды. Оларға қоныс аудару іс-шараларына арналған қаржыландыру жоспарына сәйкес тиісті жәрдемақы төленді. Осылардың ішінде: еңбек жасына дейінгілер ? 178, еңбекке жарамдылар қатары ? 283, зейнет жасында 13 адам бар. Еңбек жасындағылардың 36,1 пайызы немесе 102 адамның жоғары білімі бар. Қалған 127 адам арнаулы білім иелері.
Астаналық еңбек жасындағы оралмандардың 86,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Қалалық Коммуналдық шаруашылық департаменті оралман азаматтарды қаланы абаттандыру жұмысына тартуды жақсы жолға қойылған. «Зеленстрой» мекемесінде 100-ге жуық оралман жұмыс істейді.
Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жыл басынан бері 5 оралман жұмыс сұрап барыпты. Олардың 3-еуі жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ 4 оралман жұмыссыз ретінде тіркелген, оның 1-еуі біліктілігін арттыру курсына жіберілген.
Бірақ, өз үйің, өлең төсегің болмаса, тұрмысыңнан да, жұмысыңнан да күй кетеді.
? Астана қаласы Көші-қон департаментіндегі есеп бойынша бүгінде 565 оралман отбасының баспанасы бар. Оның ішінде 117 отбасы 2001 жылы республика бюджетің есебінен баспана алды. Квотамен келген 205 отбасыға үй 2004 жылға дейін берілді. Ал квотадан тыс келген 243 оралман отбасы өз қаражатына пәтер сатып алды. Қалған отбасылар яғни оралмандардың 51,9 пайызы пәтер жалдап тұрады, - деді О. Мұқияев. Бұл, демек, елордада әрбір екінші оралман отбасы баспанасыз жүр деген сөз. Депарамент директорының айтуынша «Астана халқының әлеуметтік қорғалатын топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің 2007 ? 2011 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, оралмандарды мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы баспанамен қамтамасыз етудің жолын қарастырып отырған көрінеді. 261 оралман отбасы қалалық Тұрғын үй басқармасында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілуге тиісті баспанаға мұқтаждар кезегінде тұр.
«Альянсқұрылысинвест» құрылыс компаниясы «Орман алаңқайы» тұрғын үй кешенінен оралмандарға жеңілдетілген түрде 1 шаршы метр аумақты 850 АҚШ долларына бағалап пәтер сатуға уәде берген болатын. Бірақ, алдына ала жасалған келісімді оралмандар қолай көрген жоқ, бұдан бас тартты.
Оралмандардардың бірқатары тек мемлекеттен берілетін баспанаға сүйенбей, өздері жекеменшік үй салып алуды жөн көреді. Оларға жер телімдері де қарастырылған. Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Астана іргесіндегі Қоянды ауылының маңына 998 оралман отбасы орналасып жатыр. Монғолиядан келген 463 отбасы, Қытайдан ? 384 отбасы, Өзбекстаннан жеткен 75 отбасы, Ресейден қоныс аударған 63 отбасы, Қырғызстаннан ? 8 отбасы, Түрікменстаннан оралған 5 отбасы үйдің құрылысын бастап кетті. Сонымен қатар, оралмандарға баспана салу үшін жер телімдерін беру туралы ұсыныс Астана қаласы әкімінің қатысуымен 2007 жылы 12-қаңтарда өткізілген кеңесте қаралып, тиісті хаттамамен рәсімделген болатын. Жер телімін алуға үміткерлердің өтініштері қала әкімшілігі арқылы Астана қаласы Жер қатынастары басқармасында тіркеліп, тұрғын үйлер салуға бөлінген жер телімдерінің техникалық құжаттары дайын болған жағдайда 150 оралман отбасының өтініштері қанағаттандырылуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі күнге дейін осы мәселе нақты шешімін тапқан жоқ.
Бүгінде Астана қалалық Жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекте 500-ден астам оралман тұр.
Жөн-ақ. Бірақ, бүгінде алыстағы ағайындардан басқа, аяғы жеткендердің бәрі жүзін де, бүйрегін де Астанаға бұрып тұр. Орталық Азия аумағындағы іргелес елдердегі тамырлар әртүрлі жолдармен жетуге тырысады. Қазақ елінің азаматтарымен «жағаласып», жұмыс сұрап жүргендердің қатарында қырғыз, өзбектер мол. Білетіндердің айтуынша,, Астананың он жылдық мерейтойы кезінде қала тазалығын қамтамасыз еткендердің көбі Алатооның ар жағынан келгендер. Айтпақшы, Астана базарларындағы өрік-мейіз сатып тұрған өзбектерден қазақ ағайындардың көбіне саудаласпай, айтқан пұлын ұстата салатын «мәрттігі» ащы-тұщы сататын тәшкенттік кәріс әйелдерінің құлағына ә дегеннен жағып кеткен екен, бүгінде Астана базарлары да көзіңді бақырайтып қойып, қос уысқа толмайтын бұрышпен булаған қызғылт-сарғыш сәбіз салатына бақандай бес жүз теңге сұрайды.
Астана қалалық Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының мәліметіне қарағанда: 2008 жылы елордаға шетелден келген азаматтардың саны алдыңғы 2007 жылға қарағанда 20 мыңға кеміпті. 2007 жылдың алғашқы 10 айында Көші-қон полициясында 116 807 шетелдік азамат тіркеуде тұрса, 2008 жылы 94 618 адам есепке алынған. Соның ішінде ТМД елдерінен елордаға 80 500 шет ел азаматы келіп тіркелген.Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы шілденің 1-індегі тапсырмасына орай Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары Қазақстан аумағында 90 күнге дейін тіркелмей жүріп-тұруына жағдай жасалған. Бұлардың кейбірі тіркеу есебіне алынбай отырғанын ескерген жөн.
Одан кейін заңсыз жүрген шет ел азаматтарын анықтау мақсатында 623 нысанға (базарлар мен демалыс орындары) тексеру жүргізіліп, «Құқықтық тәртіп», «Мигрант», «Іздеу», «Қаңғыбас» т.б. жоспарлы шаралар өткізілді. Нәтижесінде, заңсыз жүрген 5 414 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 305-і алыс шетелдерден, ал қалған 5109-ы ТМД елдерінен келген азаматтар болып шықты. 2 122 шет ел азаматының Қазақстанда жүру мерзімі аяқталғаны анықталды. Шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде заңсыз пайдаланғаны үшін 20 мекеме жауапкершілікке тартылды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 323-п бұйрығына сәйкес 2008 жылы Астана қаласы аумағына шетелден жұмыс күшін тарту квотасы 14598 бірлік деп бекітілген болатын. Оның ішінде І және ІІ санат бойынша ? 3 530 бірлік, 3 санат бойынша ? 11 068 бірлік деп көрсетілген. Осы бұйрықтың негізінде: 2008 жылдың алғашқы 11 айында 1 379 жұмыс беруші әртүрлі ұйымдарға ? 1 санат бойынша - 667 адам, 2 санат бойынша ? 1 223 адам, 3 санат бойынша ? 8 025 адам, барлығы 10 015 бірлік шетелдік жұмыс күші тартылған. Олар негізінен ? Түркия, Қытай, Косово, Сербия, Ресей мемлекеттерінен келген.