Гендерлік зорлық-зомбылық: елордалықтар тренингке қатысып, тегін кеңес ала алады

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық акция 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді.

«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» акциясы әйелдерді, балаларды және отбасыларды тұрмыстық және цифрлық зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға бағытталған. Іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады.

Акцияның мақсаты - зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару және қолжетімді көмек туралы халықты кеңінен ақпараттандыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама тек ақпараттандыру деңгейін арттыруды ғана емес, сондай-ақ кез келген зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

- Екі апта ішінде еліміздің барлық өңірінде ақпараттық, білім беру және әлеуметтік бағыттағы жүздеген іс-шара өтеді. Тұрғындар әлеуметтік желідегі кампанияларға, тікелей эфирлерге, ашық сабақтарға, ата-аналар жиналыстарына және тренингтерге қатыса алады. Сауда орталықтарында кеңес беру пункттері жұмыс істеп, көшелерде әлеуметтік жарнама мен ақпараттық материалдар орналастырылады. Іс-шара елорданың 10 мыңнан астам тұрғынын және бүкіл ел бойынша одан да көп азаматты қамтиды, - деді Астана қаласы Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Гүлзат Керімбекова Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі.