Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында БҰҰ Әйелдер қорының (ЮНИФЕМ) ТМД елдеріндегі бағдарламаларының өңірлік директоры Дамира Сартбаева мәлім етті. Бүгінде 15-44 жас аралығындағы әйелдер арасында өлім мен мүгедектікке әкелудің басты салдары зорлық-зомбылық, жәбірлеу болып отыр.
«Дүниежүзілік банктің жүргізген зерттеулеріне сәйкес осы топ жиі ұшырасатын қауіп-қатердің 10 түрі ішінде зорлау мен тұрмыстық зорлық-зомбылық рейтингі жағынан қауіпті ісік, жолдағы апаттардан жоғары тұр. Қазақстанда әрбір оныншы адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, соның ішінде - жыныстық, психологиялық, физиологиялық және соңғы кездері экономикалық зорлықтың түрлеріне шалдығуда», - деп атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің көпшілігі АҚТҚ (ВИЧ) ауруын жұқтырып алу қаупінде тұр. «Мәселен, жәбір көрген Оңтүстік Африканың 1366 әйелінің, жәбірленуге ұшырамаған әйелдерге қарағанда АҚТҚ ауруына ұшырау қаупі 48 есе жоғары. Сонымен қатар тұрмыстық зомбылық көруші әйелдер компанияның өндірістік көрсеткішіне де теріс әсер етуде.
Алматы қаласының ІІД-нің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы Әйгерім Абылқасымовның айтуынша, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша биылғы жылы 6 айдың ішінде 21 000 қылмыстық іс тіркелген. «2009 жылы 32 000-нан аса қылмыстық іс тіркелгенін ескерсек, бұл келеңсіз жайттың етек жайып, таралып жатқандығын,көрсетеді», - деп атап өтті ол.
Қазақстандағы «Дағдарыс орталығының одағы» директоры Зульфия Байсақованың сөзіне қарағанда, жыл сайын Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 500 әйел көз жұмуда. «Сондықтан биыл елімізде бұл мәселенің алдын алуға ықпал ететін, тұңғыш рет әйелдерге арналған телефон желісі ашылды», деп хабарлады ол.
Қазір осындай жағдайға ұшыраған әйелдер мен қыздарға көмек көрсететін 20 орталық бар. «Менің ойымша, ол аз. Бізге жыл сайын әртүрлі көмек бойынша 5000 адам хабарласады. Сенім телефонына 20 000 телефон қоңырауы келіп түседі. Жыл сайын 100 әйел мен олардың балалары уақытша паналау орындарына келеді», дейді Зульфия Байсақова.
Оның пікірінше, бұл мәселені тиімді шешу үшін қоғамның бұл мәселеге қатысты пікірін өзгерту керек және жедел түрде көмек көрсететін жұмыс тетігін жасау қажет.