Әйгілі хирург Оспанов: Қазақстанда семіздік мәселесі аса қатерлі ахуал ретінде мойындалуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде медицинаның бірқатар бағыттарында озық тәжірибені енгізген қазақстандық дәрігерлердің біліктілігі халықаралық қауымдастық тарапынан да мойындала бастады. Соның бірі хирургияда елеулі жетістіктерге жеткен медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Оспанов Қазақстанда ғана емес, әлемдік медицинада танымал адам. Өз саласында бірқатар шетелдік наградаларды алған  білікті маман 270-тен астам ғылыми жариялым мен 11 монографияның авторы, сондай-ақ өнертабыс бағытында 21 патенттің иегері. Қазіргі кезде ол «Астана медицина университеті» АҚ-да эндохирургия кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ-да қызмет етіп жүр. Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында Ресейден арнайы Астанаға қоныс аударып, қызмет етіп жүрген Орал Оспановтан сұхбат алуды жөн көрген едік.

- Орал Базарбайұлы, өміріңізді медицинаға арнаған адамсыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

- 1961 жылы Омбы облысында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ата-анам бес баласын жастайынан еңбекке баулыды, үнемі үй шаруасымен айналысатынбыз. Сондықтан балалық шағымда өмірімді медицинаға арнаймын деп ойлаған да жоқпын. Салыстырмалы түрде айтсақ, фельдшердің дәрігерден немесе медбикеден қандай айырмашылығы бар екенін де ажырата алмайтынмын. Мектептен кейін әскер қатарына шақырылып, сонда Украинадағы санитарлық нұсқаушы мектебіне кездейсоқ бағытталдым. Оқу орнында әскери дәрігерлерден жарты жыл курстан өтіп, аймақтық госпитальде әскери хирург Платицинмен бірге операцияларға қатыстым. Сол кезде бұл қызмет жоғары интеллектуалды екенін әрі қажырлы еңбекті қажет ететінін түсініп, хирург болуға бел будым. Әскери борышымды өтегеннен кейін Омбы медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түстім.

- Сіз бір жағынан өнертапқыштыққа да әуессіз. Бұны қалай меңгердіңіз?

- Екінші курстан бастап хирургиялық үйірмелерге қосымша барып, жануарларға ота жасап, ауруханаларда ассистент болдым. Мединститутта оқып жүрген кезде мардымсыз құралдарға көңілім толмайтын, сондықтан хирургтің жұмысын жеңілдетіп, операцияның тиімділігін көтеру үшін құралдарды жетілдіру жайында жиі ойланатынмын. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң үш жыл бойы Омбы облысының шалғайдағы аудандық аруханасында қызмет еттім. Кейіннен бас хирургтің жеке ұсынысымен болашағы бар маман ретінде Омбы мемлекеттік медициналық академиясының клиникалық ординатурасына түстім.

Сол кезде өнертапқыш ретінде өзімнің алғашқы жобамды жасадым. Онда  өт жолы үшін дренажды таныстырып, осыған бірінші халықаралық патентімді алдым. Бұл өз кезегінде өмірімдегі үлкен оқиға болды, кафедра мен академияда ғылыми бағытта үміт артатын маман ретінде бағалана бастадым. Содан бері ағзаларды жалғайтын әдістерді жетілдірумен болдым. Хирургияда екі үлкен проблема бар: ұлпалардың ажырауы мен олардың қосылуы. Ағзалардың  функционалдығы зардап шекпес үшін өзара қосу біліктілігі өте сапалу болуы шарт. 20 жылдан астам уақытымды анастомозды  (қан тамырының торабы) құру әдістерін жетілдіруге арнадым. Осы орайда анастомозды клипстерді, құралдарды және хирургияның өзге де салаларында аппараттарды ойлап тапқан болатынмын.  

- Енді осы ойлап тапқан құралдардың ішінде қайсысымен ерекше мақтан тұтасыз?

- Бәрінен бұрын 2006 жылы патенттелген эндохирургиялық тігу мен байланыстыру әдісімді мақтан тұтамын. Осы әдісті өзім де және жүздеген хирургтер да күнделікті пайдаланады, сондықтан ол мен үшін аса бағалы. Лакароскопиялық хирургияда ұлпаларды қусыру аса қиындық тудыратыны белгілі. Бұл әдіс басқаларына қарағанда процесті айтарлықтай жеңілдетті және сапалы нәтижені беріп келеді.  Сонымен қатар бұл бағытта көп шығын кетпейді, себебі өзге әдістерге негізінен қымбат импорттық техникалық құралды пайдалану қажет болады.

- Қазақстанға қай жылы көшіп келдіңіз?

- Қазақстанға 2004 жылы қоныс аудардым. Ол кезде менде медицина ғылымдарының докторы дәрежесі болған еді. Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталық тарапынан жұмысқа шақырту алдым.

Сол үшін ҰҒМО басшысы Абай Байгенжин мен бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке әрдайым ризашылығымды айтып келемін. Аталған кезеңде біз елімізде лапароскопиялық операцияларды енгізіп жатқан болатынбыз.

- Орал Базарбайұлы, отандық медицинаның деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- Соңғы 10 жылда Қазақстанда медицина қарқынды түрде дамыды, ең озық, алдыңғы қатарлы жабдықтар сатып алынды, қазіргі заманғы медициналық орталықтар бой көтерді, сондай-ақ ең бастысы - медицинада шынымен кәсіби мамандар пайда болды. Өздеріңіз білесіздер, олар шетелдегі беделді клиникаларда тағылымдамадан өтіп, қазіргі кезде шеберліктері бойынша өзіндік мектептерін құруда.

Елімізде жасалатын операциялардың көбісі батыстық клиникалардан еш кем емес. Өкінішке қарай, сіздердің әріптестеріңіз осы жайында аз жазып жүр. Егер де халық медицинаға өз уағында жүгінсе, ем-дом жасауда жақсы нәтижелер болады. Сондықтан да адамдар бізге тек өмірін құтқару үшін ғана емес, сонымен қатар өмір сапасын жақсартуға келеді. 

Бұрындары медицина мен хирургияның деңгейі төмен болғандықтан, науқастар операцияға ұрып-соғу жазасына апара жатқандай күйде болатын. Ал қазір барша дамыған елде операцияға жеңіл әрі үйреншікті жағдайда барады.

- Сіздің маманданған бағытыңызға тоқталып өтейік. Бариатрия дегенді қарапайым тілмен қалай түсінеміз?

- Бариатрия біздің ел үшін хирургия саласында жаңа бағыт болып табылады. Мен бариатриялық және метаболикалық хирургия саласындағы операцияларға маманданғанмын. Егер де қарапайым тілмен айтатын болсақ, ол патологиялық семіздікті және екінші типті қант диабетін, сондай-ақ артық салмаққа байланысты туындаған проблемаларды хирургиялық жолмен емдеуді білдіреді. Бариатриялық әдістемеге тоқталсақ, бұл тұрғыда артық салмақ бойынша лапароскопиялық хирургияны айтып тұрмын. Операция барысында асқазанның көлемі айтарлықтай кішірейтіледі. Операцияда тесу тәсілі жасалады және ағзадан ешқандай да мүшені кесіп алмаймыз. Адамға аз зақым келтіретін осы операция нәтижесінде тамаққа тез тоятын сезімі қамтамасыз етіледі. Ота жасалған күні науқас аяғына тұрып, суды емін-еркін іше алады, ал үшінші немесе төртінші күні клиникадан үйіне жіберіледі.

- Осындай операциялар елімізде қаншалықты қажет болып отыр?

- Семіздік - ол аурудың бір түрі, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мойындап отыр. Осы орайда аурулардың халықаралық жіктемесінде оның бөлек шифры бар. Семіздік белгісі бар бір мың науқасқа шаққанда 1 операция жасалуы тиіс. Қазақстанда жылына шамамен 4 мың бариатриялық операция жасалады. Атап айтқанда, Еуропаның кейбір елдерінде өзіндік ерекшеліктері бар, мысалы Швецияда бізбен салыстырғанда халық саны екі есе аз болса да, жылына 8 мың бариатриалық операция жасалады.

Қазіргі кезде Қазақстанда көп адамдар, оның ішінде жастар да артық салмақ проблемасымен ұшырасып отыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, халықтың төрттен бірінде семіздік белгілері бар, тағы төрттен бір бөлігі артық салмақ қосып алған. Бұл шын мәнінде проблема болып табылады, себебі осының салдарынан жүрек, буын, бедеулік, екінші типтегі қант диабеті, бауыр және басқа да аурулар туындай бастайды. Егер де адамдар артық салмақ мәселесін шешсе, аталған дерттердің барлығын емдеуге болады. Біздің тәжірибеге сүйенсек, бұл проблема кей кездерде психологиялық, дәрілік және диетологиялық емдеумен шешілмей жатады.

Өкінішке қарай, қарапайым адамдармен қатар, кейбір дәрігерлердің өздері семіздіктің ушыққан дәрежесінде фитнестің өзі қауіпті екенін түсінбей жатады. Ал бариатриалық операциялар қазіргі хирургияның жоғары деңгейін ескере отырып, қауіпсіз әрі тиімді шешім болып отыр.

- Бұндай операцияларды халықтың қалтасы көтере ме?

- Семіздік диагнозынан көбісі қомақты табысқа кенеліп жатыр. Яғни медицинаның осы саласын бизнеске айналдырып алған. Негізінен кейбірі оны қулық-сұмдық бизнесі ретінде көреді, оның ішінде хирургиялық бағыт та еніп отыр. Осы орайда тиімділігі төмен және қысқа мерзімдегі операцияларды ұсынатын жағдайлар бар.

Шын мәнінде түрлі коммерциялық ұйымдар «ғажайып» дәрілерді, коктейлдерді, препараттар кешенін ұсына отырып, клиенттің денсаулығына қатты алаңдап жатқан жоқ. Өздеріңіз жиі естіп жүрген шығарсыздар, бұндай ұйымдар танымал адамдар мен танымал телебағдарламалардың атын заңсыз пайдаланып, аталған препараттар тез арада нәтиже беретінін жарнамалаумен болады.

Мен біздің азаматтарды семіздік проблемасымен ресми медицинада қызмет етіп жүрген, яғни  IFSO-да тіркелген мамандардың көмегіне жүгінуге шақырамын.

Жүздеген қазақстандықтар жиған-терген ақшасын шетелдегі бариатриалық операцияларға төлейді, алайда елімізге керісінше шетелдіктер келіп, семіздік дертімен операциялар жасатып жатыр. Өйткені бізде осындай операциялардың бағасы айтарлықтай төмен.

- Егер де семіздік ауқымды проблемаға айналып келе жатса, онда бұл проблемаға мемлекеттік деңгейде мән берген дұрыс болар? Осы бағытта тиісті шаралар атқарылып жатыр ма?

- Қазақстанда семіздік проблемасы денсаулық пен өмірге аса қатер тудыратын ахуал ретінде мойындалуы тиіс. Жақында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен кездесуде болдым. Біз аталған мәселе бойынша эндокринолог, кардиолог, терапевт дәрігерлермен дөңгелек үстелдер өткізуге уағдаластық. Осы орайда медициналық тексерулер нәтижесі бойынша бұндай операциялар қажет  жағдайда ақысыз жасату шешімдеріне қол жеткізбекпіз. Яғни  жақын арада осындай операциялар тегін жасалады деп ойлаймыз.

Менің ойымша, салауатты өмір салты бағытында тиімді насихат жұмыстары керек болып тұр. Дұрыс тамақтану ережесіне балабақшадан бастап үйрету керек, сонымен қатар диетология бойынша мектепте де ең қажетті қарапайым білімді берген жөн.

- Сіздің педагогикалық қызметіңізге тоқталып өтейік. Қазіргі кезде тәрбиелеп жүрген ізбасарларыңыз бар ма? 

- 20 жылдан астам уақыт педагогикалық еңбек өтілім бар. «Астана медицина университеті» АҚ-да эндохирургия кафедрасының меңгерушісі қызметіндемін. Қазақстанда бірінші болып эндохирургия кафдрасын құрып, 2012 жылы оны басқаруға шақырғаны үшін университет ректоры Мәжит Шайдаровқа ризашылығымды білдіремін. Біз жүздеген дәрігерді жаңа бағыттар бойынша даярладық. Менің жетекшілігіммен 12 дәрігер кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. Қазіргі кезде үш докторант пен екі магистранқа жетекшілік етудемін.

- Медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай әріптестеріңізге, шәкірттеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

- Әріптестеріме мықты денсаулық, сыйластық пен еңбектерінің лайықты бағалануын тілеймін. Қазақстанның дәрігерлерінде өз ісімен айналысуға барлық мүмкіндіктер болғанын қалаймын. Себебі күн көріс ырыздығын уайымдап жүрген маман өз қызметіне беріліп істемейтіні анық. Атап айтқанда, дәрігерлер құралдар мен жабдықтардың тапшылығын сезінбей, өздерін сүйікті ісіне, яғни науқастарды емдеуге арнасын.

- Әңгімеңізге рахмет!