«Айлықта айырмашылық болмайды»- БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егеменнің» 16-наурыздағы №88 санында «Ауылдағының аузы сасық па?» деген мақала жазып едік. Мұнай компанияларындағы еңбек әділетсіздігі туралы. Мы­салы, қазақстандық азамат пен шет елдік маманның атқаратын жұмысы бір болса да, жалақысында он еселік айырмашылық бар. Жер мен көктей. Бірі үш жүз мың теңгеге жегілсе, екіншісі шырт түкіріп үш милллион тең­ге алады. Айтқан сөзіміз ай­далаға кетпеді. Қызылорда об­лысының әкімі Қырымбек Кө­шер­баев осы мәселеге қатысты ке­ңейтілген мәжіліс өткізді. Оған шет­елдік компанияның басшыла­ры, құзырлы орындардың қызметкерлері қатысты. Мәжілісте Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Нұрлыбек Жолдасбеков баяндама жасады», -деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Айлықта айырмашылық болмайды» деген мақаласында.

Департамент директоры ешнәрсені жасырып қалмады. Бәрін баян етті. Тыңғылықты тексерудің нәтижесін мәлім қылды. Ал аймақ басшысы еңбек әділетсіздігін тоқтату керек дегенді баса айтты.


Осы басылымда «Газеттер сіреспеден қашан құтылады?» атты мақала берілген. «Көпшілікке жақсы мәлім мына жайтты мемлекеттің бас газеті арқылы тағы да депутаттардың есіне салуды жөн көрдім. Бүгінде мысалы, біздің облыстың аудандық газеттерін түрлі нормативтік-құқықтық актілер «көміп жатыр». Мысалы, біздің аудандық «Жайық таңы» газетіне барлығы 700 беттік мемлекеттік қызмет көрсету регламентінің алды түсе бастады. Барлық аудандық газеттер өзінің беттерін көбейтіп, содан «құтылуды» көздегенмен, бұған мүмкіндік жоқ. Өйткені, бет санын көбейтуге қаржы керек емес пе? Ал бұл қаржы әлденеше миллион теңге болып шығады, оны табуға аудандардың мүмкіндігі жоқ. Мәселен, әлгі 700 беттік дүниені жариялауға қосымша беттер үшін «Жайық таңына» 7 миллион теңге керек екен. Егер мұндай ақшаны қағаз үшін жұмсаса, ауданға барып тұрған обал болатыны да әбден белгілі нәрсе. Ал Әділет департаменті «заң солай, жариялануы керек» дейді. Жарияланғанда да, екі тілде міндетті түрде басылуы қажет. Міне, біз жұрт оқитын газет шығарамыз ба, әлде, халық қолына алғанда толған цифр, диаграмма, көпшілік түсіне бермейтін шұбатылған актілер шығарамыз ба?», - деп жазады мақала авторы.

***

Тәуелсіздік алғалы бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге шығып, әлемнің әр түкпірінде жүріп білімін жетілдірген жастардың саны біршама. Сол жастардың алғашқы толқыны қазір елге оралып, бірқатар мекемелердің тұтқасын ұстай бастады. Тіпті мемлекеттік деңгейдегі маңызды қызметтер де сеніп тапсырылып жатқан жайы бар. Мұндағы мақсат әр саладағы шетел тәжірибесін елімізге ендіру екені түсінікті. Бұл құптарлық жайт. Дегенмен ел басқару үшін мол өмірлік тәжірибе қажет екені анық. Кейбір сарапшылардың пікірінше, «Тайбурылдың баптауында 43 күндік кемдік бар» демекші, білімі жетілгенімен, тәжірибесі кем маман қатеге бой алдырмай тұрмайды. Олар билік сатысын «төменнен жоғары» принципімен бағындырып отыруы керек. Бұл мәселеге қатысты сарапшылар пікірі әртүрлі. Осы орайда «Алаш айнасы» газетінің «ойкөкпар» айдары «Шенеуніктер құрамының тым жасарып бара жатуын оңды құбылыс деп санайсыз ба?» деген сауал төңірегіндегі мәселені қозғап отыр.

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, мемлекетіміз қарыштап дамуы үшін халқымыз заманауи мамандықтарды игеруі тиіс. Әйтсе де нақ бүгінгі күні осы 100-ге жуық заманауи мамандықтар бойынша елімізде 35-40 мыңдай маман жетіспейді екен. Рас, студенттер саны бойынша еліміз әлем бойынша 10-шы орында тұр. Алдымызда Жапония, Сингапур, Германия секілді дамыған елдер орналасқан. Әйтсе де маман дайындауда «саны жағынан алғанда алғашқы ондыққа кіріп тұрғанымызбен, сапалы маман дайындау тұрғысынан алғанда жүздікке де іліне алмаймыз» дейді мамандар. Елімізде көбінесе мамандық таңдауда қоғамның сұранысынан гөрі жастардың қалауы «модный» мамандықтарға ауады екен. Ал бұл айналып келгенде қоғамның дамуына кері әсер етуде. Қазақстандағы маман тапшылығы мәселесі «Теңгеміз Тәжіктің қалтасында кетпесін десек...» деген мақалада көтеріліп отыр.


***

Халықтық ІРО-ға шығарылатын компаниялар тізімі әсер етерліктей. Мемлекет азаматтарымызға мұнай, газ, электр қуаты, көлік секілді қазақстандық экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін отандық бизнестегі жетекші компанияларды бірлесіп иеленуді ұсынып отыр деп сеніммен айта аламыз. Шын мәнінде, ұлттық бизнес брендтері деген не?

Үкіметтің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында мемлекет қазақстандықтарға «KEGOC» «Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компаниясы» АҚ-ты бірге иеленуді ұсынып отыр. Біз материалымызда нақ осы жайлы әңгімелейтін боламыз. Халықтық IPO - бұл қор нарығын дамытудың жаңа кезеңі, онда сыртқы нарықтық конъюнктураға аса тәуелді емес, ең сенімді және тұрақты ұлттық компаниялар шығарылады. KEGOC Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелі операторы болып табылады. Былайша айтқанда, компания мемлекет аумағында электр қуатының ағындарын басқарады, алушылардың қажеттілігіне қарай оның бағыты мен көлемдерін реттейді. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Қазақстанның энергетикалық жүйесі қандай немесе КЕГОК деген не және оның бизнесі қалай жұмыс істейді?» атты мақаланы оқып шығыңыз.