***
«Наурыздың 31-і күні Қазақстан мен АҚШ Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасады», деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында жарияланған «Қазақстанның көшбасшылық рөлі әділ бағаланды» атты мақаласында.
Сондай-ақ, бұл күні Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит шеңберінде ядролық қаруға қарсы күресте мақсатты шаралар атқарып, сауатты бастамалар көтерген, бұл мәселеде өзіндік бағытын айқындап алған Қазақстан жағына арнайы награда тапсырылды.
«Ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеде тараптардың ядролық материалдарды сақтау қауіпсіздігін арттыру үшін екі мемлекеттің аталған салада іс жүзінде өзара іс-қимыл жасасуды жалғастыруға жалпы бейілді екені расталған.
Сонымен бірге, бұл күні біздің еліміздің ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі тағы бір рет мойындалды. Нақтылай айтқанда, Вашингтонда басталған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Қазақстанның көшбасшылығы атала келіп, «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамына арнайы награда ұсынылды. Оны Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қабылдап алды. Шараға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басшысы Асқар Жұмағалиев қатысты.
Қазақстанға бұл марапаттың ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көшбасшылық қызметі мен төмен байытылған уран банкін құру бағытындағы жүйелі жұмыстары үшін берілгенін атап өтуіміз керек», - делінген аталмыш материалда.
***
«Айқын» басылымы соңғы кезде «шоу-айтысқа» қатысты қоғам арасында орын алып жатқан дауға қатысты мәселенің басын ашып отыр.
«Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Айтыс өнер болудан қалды. Өз басым кез келген өнердің таза болғанын қалаймын. Спорттың шал да, бала да, қабілеті бары да, жоғы да қатыса беретін «крос» деген түрі болады. Міне, бүгінгі айтыс осының біріне айналды. Бұрынғы ақындардың өресі биік болушы еді, керемет ойлар қозғайтын. Ал қазір...» деп айтар сөзін алдын ала жазып, жаттап келетін ақындарға көңілі толмай, жазғаны бар еді. Сол кездің өзінде айтысқа жазушы тарапынан «крос» деген баға берілген болса, қазақ өнерінің бүгінгі дәрежесі туралы не дей аламыз?», - деп сауал тастайды газет «Айтыс «мазақ» насихатқа мұқтаж ба?!» атты мақалада.
Енді бір жерінде «Айқын» басылымы: «Хабар» арнасы бұл жобаны қолға алғанда, қазақтың айтыс өнеріне шынайы қамқорлық жасағысы келді ме? Әлде рейтингі төмендеп бара жатқасын шоу-айтыстың шаужайына жармасты ма? Егер шынайы қамқоршы болды дейін десек, осыған дейін өткен дәстүрлі айтыстардың ең өткір деген тұстарын түгел қиып тастап, эфирге тек сүреңсіз тұстарын ғана іріктеп беретінін неге ұмыттық?» - дейді.
Айта кетейік, 23 наурыз күні Астана қаласының әкімдігі мен «Хабар» арнасының ұйымдастыруымен өткен «Жұлдыздар айтысады» атты шоу-айтысы өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шоу-айтыс хақында пікір әртүрлі. Біреулері «бұл - қазақ өнерін насихаттаудың бір үлгісі» десе, енді біреулері «айтыстың деңгейін түсіретін шара», «асыл мұрамыз мұндай насихат түріне мұқтаж емес», «айтыстың жаназасын шығарайын деп жүр» деп сынның астына алды.
«Одиссейдің түбі түрік пе?» деген тақырыппен «Айқын» басылымында танымдық мақала шығып отыр.
«Әлемде Гомер шайырды білмейтін адам жоқ шығар. Оның «Одиссея», «Илиада» дастандарын біраз жұрт жатқа соғады.
Десек те, сол дастандардың шығу төркіні туралы көп адам ойлана бермейді. Егер зер салып оқысаңыз, «Одиссеяның» сюжеті өзіміздің «Алпамыс батырдан» айнымайды. Ол ғана емес, Одиссейге оқиғалары ұқсап кететін қазақ қиссалары да бар. Бұл нені білдіреді? Одиссейдің қазаққа қандай қатысы болуы мүмкін?
Гомердің туған жері, қай елдің адамы екені туралы да талас көп. Грек антологиялары Гомердің Афина секілді жеті қаланың бірінде өсіп-өнгенін жазып жүр. Алайда В.Яйленко, А.Зайцев секілді орыс гомертанушылары ақынның отаны Кіші Азия деген уәж айтады. Тіпті тарихшылар Трояның батыры Энейді де Кіші Азиядан келуі мүмкін дегенді айтады. Олай болуы да мүмкін», - делінген аталмыш материалда.
«Енді Гомердің шоқтығы биік шығармасы «Одиссей» эпосына тоқталсақ. Бұл шығарма негізінен Итака аралының патшасы Одиссейдің басынан кешкен шытырман оқиғаларына құрылған. Бір қызығы, «Одиссеяның» сюжеті қазақ қиссаларында да көптеп кездеседі. Одиссейдің жоқтығын пайдаланып әйелі Пенелопаға басқа батырлар құда түсе бастайды. «Құда түсу» эпизоды өзіміздің «Алпамыс батыр» дастанында бар. Алпамыс жоқта Гүлбаршынға да сөз салады. Сол секілді, «Одиссеяда» Пенелопа іштегі баласымен қалса, «Алпамыс батырдағы» Гүлбаршынның жағдайы да тап сондай. Пенелопа да, Гүлбаршын да жарларын ұзақ күтеді. Екеуі де сағынышын кілем тоқумен басады. Одиссей де, Алпамыс та өз елдеріне жасырынып, бірі - қария, екіншісі диуана кейпінде келеді. Сөйтіп, екеуі де өз садақтарын өздері тартады. Екеуі де қаз-қатар нысанадан дәл өткізеді. Көріп отырғандарыңыздай, екі шығарманың сюжеті бір-бірінен көшіріп алғандай айна-қатесіз қайталанады. Айтпақшы, «Одиссейде» батырдың ұлы Телемах әкесін іздеуге аттанса, мұнда Алпамыстың ұлы Жәдігер әкесін іздеуге шығады», - деп жазады басылым.
***
«Жалпы партиялардың саяси белсенділігінің төмендігі неден? Неге сайлауға екі ай қалғанда ғана олардың үні шығады. Басқа кезде неге бұғып жатады?», - деп ой тастайды «Түркістан» газеті.
«Мәселен, Жалпыұлттық социал демократиялық партияның да, Патриоттармен бірлесіп, «Ауыл» патриоттық демократиялық партиясы деп құбылған «Ауыл» партиясын да көпшілік біле бермейтіні неліктен? Жалпы, осы сайлауға қатысқан 6 партияның ішінде «Ауыл» партиясының көпшіліктің көңілінен шығуына мүмкіндігі болды. Өйткені ауыл - қазақтың жаны, негізгі ұстыны. Бүгінгі ауылдың халі «Ауыл» партиясының саяси жарғысында жақсылап көрініс тауып, жарнамасы жақсы жүргізілгенінде Мәжілістен орын алуы да ғажап емес еді. Бірақ неге екенін кім білсін, бұл партияның да жүрісі мандымады», - делінген «Қазақстандағы саяси партиялардың үні неге бәсең?» атты мақалада.
«Ел тіпті «Азат» деген саяси партия барынан мүлдем бейхабар. Өйткені олар кез келген сайлауды елемейді, көзге ілмейді. Өздерінің бар екенінен хабар беріп тұрғанды да қойған. Сөйтіп елдегі аты бар, заты жоқ саяси партиялардың дауысы бәсең шығуда. Қазақстанға саяси модернизация жасаудың күні туған секілді. Партиялар келесі сайлаудан дәмелі болса бүгіннен бастап, әр күн сайын сайлау қамына кірісу қажеттігін түсінетін кез жетті», - делінген «Түркістан» ұсынған мақалада.
***
Алматылық қоғамдық ұйымдар ағаштардың жаппай кесілуіне және қорық аумағына коттедждердің салынуына қарсы күресетін «жасыл комиссияны» құруды ұсынуда, деп жазады «Экспресс К» басылымы.
«Былтыр павлодарлықтар өз қалаларында тәртіп енгізе алды және шенеуніктерді қоғаммен санасуға мәжбүрлей білді», - дейді «Көкжайлауды қорғайық» атты ұйымның төрағасы Абай Ерекенов. - Біз олардан үлгі алып, тәжірибелерін енгізгіміз келеді, себебі қаланы көгалдандыруға қыруар қаражат бөлінуде, дегенмен оның нәтижесін көріп отырғанымыз жоқ».
Оның сөзіне қарағанда, табиғатты қорғауға қатысты барлық функциялар тек мемлекеттік органдардың құзырында. Олар ағаштарды кесуге рұқсатты өздері жазып, өздері соны қадағалайды. Бұл жемқорлықтың дендеуіне үлкен жағдай туғызады. Толығырақ, «Плешивый Алматы» атты мақаладан оқи аласыздар.