ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қазақ драма театрында белгілі ақын-ұстаз, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин медалінің иегері Дариға Мұштанованың «Жүрек сыры» атты шығармашылық кеші болды.
Алпыс жасқа толуына орайластырылған шарада мерейтой иегерін өңір басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің жетекшісі Ақұштап Бақтыгереева құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Кеште ақынның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов, Ақмарал Ахметова сынды өнер иелері ән әуелетсе, Астанадан арнайы келген айтыс ақыны Жібек Болтанова жырдан шашу шашты.
Қазіргі кезде облыстағы озық мектептердің бірі болып саналатын Теректі ауданындағы «Үміт» тілдер гимназиясы директоры қызметін атқаратын Дариға Мұштанова айтысқа он жеті жасынан бастап қатысып, республикалық, облыстық жыр додаларының жеңімпазы атанды. Журналистика саласында да еңбек еткен ол кейін жазба поэзияға ауысып, «Адам жаны бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат» атты жыр кітаптарын шығарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).