Былтырғы ақпанда БҰҰ Әзірбайжан, Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Қырғыз, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Албания, Македония және Үндістан елдерінің өкілдері тарапынан ұсынылған қарарды бірауыздан қабылдап, 21 наурыз күнін әлемдік мереке ретінде белгіледі. Осылайша, дүние халықтары арасындағы, оның ішінде күншығыс және Кавказ мұсылмандары арасында ежелгі мереке саналып келген Наурыз ‑ бір ұлттың немесе бір ғана мәдениет өкілдерінің мерекесі ретінде емес, бүкіл адамзат мұрасының аса қастер тұтатын құрамдас бір бөлігі ретінде аталып өтілетін болды. Жыл басы мерекесі үшін бұндайлық халықаралық маңыз беретін бастаманы бауырлас Әзірбайжан тарапы ұсынған болатын. Кейіннен Наурыз қарарының жобасын БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: Қазақстан, Албания, Ауғанстан, Әзірбайжан, Үндістан, Иран, Македония, Тәжікстан, Түрікменстан мен Түркия сынды елдер қарап шығып, өз ұсыныстарымен толықтырды. «Наурыз мерекесі үш мың жылдан бері салтанатты түрде Балқаннан Орталық Азияға дейінгі ауқымды өңірде аталып өтуде және өз бойына гуманизм, достық пен төзімділік сынды құндылықтарды сіңірген, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратын мейрам»,‑ деген болатын Әзірбайжанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Акшин Мехтиев әлгіндей қарардың қабылдануына бастамашы ретінде сөз сөйлеп.
Халықаралық деңгейдегі мәртебеге ие болған Наурыздың еліміз үшін маңызын арттыратын тағы бір жаңалығы - былтырғы Барыс жылынан бастап Қазақстан Ұлыстың ұлы күніне заң арқылы мемлекеттік мәртебе беріп, үш күнге созылатын ресми мерекелеуді жүзеге асырып отыр. Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға толықтырулар енгізілген болатын. Соған сәйкес былтырғы жылдан бастап Наурыз мейрамы наурыз айының 21-22-сі және 23-і, яғни, үш күн аталып өтіп келеді. Тоқтала кететін жайт, елімізде Наурыздан өзге бірде-бір мереке ресми түрде үш күнге созылмайды. Ендеше Наурыз ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын жолы, ақиқатты айғағы болып отыр. Жалпы, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқы болуымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды.
Дәл осы мәселе, яғни Наурыздың мереке ретіндегі мән мағынасына байланысты түрлі ұсыныстар соңғы уақытта қоғам тарапынан тарапынан дүркін‑дүркін көтеріліп келеді. Саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, медениеттанушылар, баспасөз өкілдері осындай ұсыныстарды жыл сайын жаңғыртып отырғаны соның айғағы. Оның біріне тоқталсақ, Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың атына үндеу жасады. Онда депутат әз Наурызды мерекелеудің бүгінгі жөн‑жоралғысына тоқталып, оның мазмұнына, ауқымына қатысты өз пікірін де білдірген болатын. «Әз Наурыздың халқымызға қайта оралғанына 22 жылдың жүзі болды. Алғашқы кездері Наурыз мейрамы шынында да бүкілхалықтық сипатқа ие болып, Қазақстан халықтарының ортақ мерекесіне айналған еді. Елбасының жарлығымен Наурыз мемлекеттік мерекелердің күнтізбесіне енгізілді. Халық бұған дән риза. Бірақ, атқарушы билік бұл мерекенің ұлттық құндылықтарымызға енетін ерекше - Ұлыстың Ұлы күні екендігін мүлдем ұмытқан секілді. Болмаса, әсем Астананың безендірілуіне көз салып көріңізші - Алдар көсенің сақалындай «Наурыз құтты болсын!» деген селдір жарнамадан басқа ештеңе көрінбейді. Теледидар тым болмаса өз тараптарынан Наурыз туралы әлеуметтік жарнама ретінде мереке туралы ақпараттар да бермейді», - дейді депутат. Осыған орай, У. Қалижан Наурыз мерекесін атап өтуде арнайы комиссия құрып, Наурызды тойлаудың біртекті жоспарын жасау қажеттігін алға тартады. Осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарын да жеткізеді. «Мысалы, Қыдыр ата - Аяз атадан да қастерлі. Сол бабамыз Наурыз күндері үлкен алаңдарда, үйлерде болып, жұртқа батасын беріп, балаларға сый-сияпат жасаса рухани әрі ұлттық мақтаныш қалыптастыратыны сөзсіз. Әдебиет, өнер, сәулет саласындағы майталмандар Наурызда марапатталса игі еді. Осы күндері «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» атты конкурстар мәреге жетіп, халық жиналған ірі алаңдарда соларға марапат тапсырылса, шара ірі концерттік бағдарламаға ұласса тәрбиелік мәні де өсер еді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында батыр аналарға Алтын алқа, Күміс алқа сынды мемлекеттік наградалар салтанатты жағдайда тапсырылып, марапатталса, Наурыздың мән маңызы арта түсетініне кәміл сенемін. Этнографиялық деңейден жалпыұлттық мерекеге ұласатын Наурыздың ұлттық құндылықтарымызға лайықты деңгейде өткізілуіне қамқорлық жасалса игі», - деді депутат У. Қалижан.
Ал тағы бір депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова бүгінгі Наурыздың тойлануына бірқатар жетіспеушіліктер бар екендігін айтып, үш күндік мерекені тойлаудың тұжырымдамасы керектігін алға тартады. «Ұлтына, дініне қарамай жаңа жыл ретінде Наурызды тойлаудың жөн-жосығын әлі де ойластыру қажет. Өйткені, бүгінде біздің жұртшылық арасында берілген үш күнді әдеттегі демалыс күні секілді қабылдау басым. Немесе Наурызды қарсы алу осы деп көшеге санаулы киіз үй тігеміз. Концерт қойылып, ойын-сауықтар өткізіліп, сонымен ғана шектеліп отырмыз. Бұл соншалықты дұрыс мәселе емес. Сондықтан, Наурыздың жақсы тұжырымдамасын ойлап табуға болады. Ол үшін тарихшыларды, мәдениеттанушылар мен өнертанушыларды, мемлекет және қоғам қайраткерлерді, дәстүрдің қыр-сырын терең білетін абыз ақсақалдарды қатыстыра отырып, дөңгелек үстел өткізген дұрыс. Жан-жақты талқылап, белгілі бір жүйесін ойлап тауып, бүгінгі заман талабына сай кейбір элементтерді қоса отырып, кәрінің де, жастың да талабын қанағаттандыратындай ортақ пікірге келу керек. Үш күн бойы кезең-кезеңмен тойлайтындай етіп, нарық заманын да ескере отырып, шашпай, төкпей жөнсіз шығындарды шығармай, ұрпаққа тағылым-тәрбие беретіндей, ұлттық құндылықтарымызды әспеттейтін мереке түрінде аталып өтетін болса, ғажап болар еді. Тек қана ішіп-жеумен, арзан көңіл көтерумен шектелмегеніміз жөн», ‑ дейді Г. Сейтмағанбетова.
Расында, «той тойлаудың», мейрамды ұлықтаудың неше алуан жоспарын, ұлттық тұжырымдамасын да жасауға болады. Әйтсе де, Ұлыстың ұлы күніне мәртебе бергенде жоғарыда айтылғандай тек үш күнгі демалыс етіп қана қоймай, оның мейрамдық сипатын жетілдіре түсу үшін мерекеге жаңа жылдық нышан берілсе игі. Наурыз - Қазақтың Жаңа жылы! Заң арқылы үш күндік демалыстың берілуі де осындай Жаңа жыл үшін бастапқы жоралғыны жасаған секілді. Өйткені, шындап келгенде, атынан белгілі Наурыз - жылдың басы, жылдың «жаңа күні». Бұл қазақтың өзі ертеден айтып жүрген, ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейтін ‑ Жаңа жылы! Ендеше, үш күндік мерекелеуді белгілегеннен кейін, Наурызды ресми түрде «Жыл бастауы!» немесе «Қазақтың Жаңа жылы!»деп жариялау да кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс.
Бұндай бастамаға Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та бірнеше мәрте қолдау білдіріп, «түптің түбінде осылай болуы тиістігін» алға тартқаны белгілі. Мәселен, өткен жылдары Президент Наурыз мейрамы туралы айтқан өз сөзінде: «Бұл мереке әруақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, Наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек», ‑ деген болатын.
Ал былтырғы құттықтауында Елбасы тағы да Қазақстанның Жаңа жылы Наурыз мерекесімен басталуы тиістігін қадап айтты. «Жалпы ойлап қарағанда, біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, кәрістер де өз күнтізбелері бойынша мерекеледі. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін І ‑Петр енгізген қаңтардың 1-інен бастап жүрміз. Биыл біз Жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкіл халықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанатпен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз», ‑ деді Мемлекет. Осы бастаманы ары қарай жүзеге асырсақ екен. Жылды «Наурыздан ‑ наурызға дейін» деп қорытындылап, алдағы үмітті межелерді осы мереке қарсаңында белгілесек, жұрт күтуді әдетке айналдырған Елбасының дәстүрлі Жолдауы да осы күні жарияланса. Бір сөзбен айтқанда, ескі жылды шығарып сап, жаңа жылды қарсы алатын нақты жаңа жылдық сипат енгізілсе. Билік ресми түрде бұған қолдау жасаса.
Наурыз - нақты ғылыми, астрономиялық тұрғыдан алғанда да шынайы жаңа жыл мерекесі. Күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы, тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруының басы. Сол үшін де бұндай Ұлық күнді Жаңа жыл деңгейінде атап өту - Наурызды мерекелеудің мазмұнына да, ауқымына да жаңаша көзқарас қалыптастыратын, жалпыхалықтық тойға айналатын еді. Екінші бір қырынан алғанда, қазақ үшін Наурыз - бұл ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі. Мәселен, өткен ғасырдың басында Алаш арыстары осы Наурызды барынша насихаттай отырып, ұлттың рухын көтеруді, мереке арқылы оны баянды етуді мақсат қылғаны да белгілі. Қазаққа Наурызды Жаңа жыл ретінде, Жыл басы ретінде белгілеу қажеттігі туралы мәселені де алғаш сол Алаш көсемдері көтеріп кеткен болатын. «Наурыз - қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді...Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз - Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді Жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді»,‑ деп жазады «Қазақ» газеті. Сөйтіп, белгілі бір күнді қазақша күнтізбе ретінде ресми Жаңа жыл етіп бекіту жайы әлі басы ашық мәселе ретінде қалып отыр. «Мейрам - ұлттың жеке‑жеке болған мүшелерін біріктіріп, бір денедей қылып қосатын бір дәнекер. Мейрам болған соң, тірі бір ұлт бір адам секілді дайын бір сезімге ие болуы керек. Наурыз мейрамы да мұндай мейрамдардың біреуі. Март келеді. Табиғат қыстан шығады. Ызғарлы суық бәсеңдейді, әуеге бір ортақшылық, жанға бір кеңдік келеді. Күншығыс халқының сүйкімді жанын майдалығымен сипаған әдемі күндер, жан‑жануар, шөптерге жан беретін ауамен сәулелі һәм нұрлар келеді», ‑ деп жазады тағы сол «Қазақ» газеті. Ендеше, кезінде алты алаштың айбарлы баспасөзі болған «Қазақ» көтеріп, Елбасы осыны жаңғырта айтып жүрген Қазақша жаңа жылдың күнін белгілеу маңызды. Сондықтан да, Тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің 20 жылдығын еңсеріп отырған мерейлі Қазақстанның бұл тұрғыдағы басым міндеті Наурыз мейрамының Жаңа жыл ретіндегі ұлттық мәнін көтеру, мемлекеттік маңызын тереңдету болғаны ләзім.