Азаматтарды алдап, 7 миллионнан астам теңгесін иемденіп кеткен алаяқтар сотталды

ОРАЛ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бұдан екі жыл бұрын 10 азаматты сан соқтырып, олардың 7 млн. теңгеден астам қаржысын қалталарына басқан Орынша Құмарова мен Әлия Иситоваға қатысты бірнеше қылмыстық істің тергеуі тәмамдалды.

БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған екеу азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша баспана және жер телімін алуға көмектесуге уәде еткенімен қоймай, жылжымайтын мүліктердің Орал қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары арқылы берілетінін, ал қаражаттың соларға төленетін пара екенін айтқан. Сөйтіп, өзгелерді лауазымды тұлғаларға пара беруге, яғни көрінеу қылмысқа итермелеген.

Осы фактілер бойынша О.Құмарова мен Ә.Иситоваға қатысты ҚР ҚК 177-бабы 2,3-бөлімдерінің «а,б» тармақтары (алаяқтық) және 28-312-бабының 4-бөлімінің «а,б,в» тармағы (пара беру) бойынша қылмыстық істер қозғалған болатын.

Орал қалалық соты оларды айып тағылған барлық баптар бойынша кінәлі деп танып, мүліктерін тәркілеумен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті. Қия басып, қылмысқа барған қос келіншек жазаларын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтейді.

Қазіргі таңда пәтер, көлік тонау, жер телімдерін сату немесе сатып алу және несие рәсімдеуге қатысты алаяқтық іс-әрекеттер ең жиі кездесетін қылмыс түрлеріне айналып отыр.

Қаржы полициясы биылғы жылдың алғашқы жартысында ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы бойынша 54 қылмыстық іс қозғады. Өткен жылғы істерді қоса алғанда барлығы 84 қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді.