ОРАЛ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау прокуратураның негізгі міндеті болып қала бермек. Бұл туралы Орал қаласының прокуроры Амантай Рашқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, қадағалау органдары азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мәселесіне аса мән береді. Себебі әлемдік қаржылық дағдарыс кезеңінде халықтың материалдық жағдайын жақсарту, сөйтіп әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Орал қаласында тек биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық салада 4 мыңнан аса азаматтың конституциялық құқығы қорғалды.
Дағдарыстан өту кезеңінде азаматтардың еңбегі үшін жалақы алу құқығын қорғау мәселесі де прокурорлардың ерекше назарында. Қала прокуратурасы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында
820 жұмысшының алдында тұрған 18 млн. теңге көлеміндегі жалақы қарызын өтеуге ықпал етті. Қазіргі уақытта ірі және шағын кәсіпорындарда мұндай қадағалау жұмысы өз жалғасын табуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).