Азаматтық авиация саласында 19 мемлекеттік қызмет оңтайландырылады

АСТАНА.  13 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев бекіткен

«Қазақстан Республикасы Авиациялық әкімшілігінің жұмысын автоматтандыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарына» сәйкес, азаматтық авиация саласы бойынша  19 мемлекеттік қызмет оңтайландырылады және автоматтандырылады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, бірінші кезекте, «Азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы туралы сертификатты беру» қызметі ағымдағы жылдың соңына дейін автоматтандырылып,  оңтайландырылады. Аталған қызметті «электрондық лицензиялау» www.elicense.kz порталы арқылы  алуға болады. Егер бұған дейін қызметті  алу үшін  5 түрлі құжат талап етілген болса,  енді олардың саны 2 құжатқа қысқарған. Осы құжатқа сәйкес ҚР Көлік және коммуникация министрлігі  Азаматтық авиация  комитетінің 2012-2014 жылдарға арналған  ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеуді  жоспарлауда.  Жаңа жүйе өтініштерді  өңдеу уақытын қысқартып, деректерді  сақтауды орталықтандырады, қағазбастылықтан арылтады, мемлекеттік қызметтерді ұсыну  барысында еңбек шығындарын азайтады. Бұл жүйе «электрондық үкімет» жобасымен және  азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйесімен біріктіріледі.