ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Антон Коловертнов ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1,5 тармағымен айыпты деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот соған қоса ҚР ҚК 46-бабы 6-бөлігіне сәйкес сотталушыға кесілген жазаның үш жылын түрмеде өтеуді белгіледі.
Сот талқысында мәлім болғанындай, биылғы 29 қаңтарда А.Коловертнов жұмыстан кейін төрт шөлмек арақ сатып алып, өзіне онша таныс емес көңілдестердің үйіне барған. Ішімдік ішу кезінде Коловертнов еш негізсіз үй иесі оның күртесінің қалтасынан ақша ұрламақ болды деп секемденген. Мәселенің байыбына бармастан, үстелден ұшып тұрып, үй иесін аяусыз соққыға жыққан. Өлгеніне көзі жеткеннен кейін өзін тоқтатып, арашаға тұрмақшы болған әйелді де ұрып өлтірген. Қос бірдей адамның қанын жүктеген қаныпезер үйіне кетіп, еш алаңсыз ұйқтап қалған. Таңертең жұмыстастары мен көршілеріне болған жағдайды шімірікпестен айтқан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).