Азан айтудан жарыс өтті - Қызылорда

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жақында  "Азан айтудан жарыс" ұйымдастырылып, оған облыс бойынша мешіттерден 50 шәкірт жиналды,

деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

 Мешіт жамағаттары, Аудан имамдары мен қала имамдары, сондай-ақ облыс бойынша мешіт ұстаздары да келіп аталмыш ізгі шараға қатысты. Бұл сайысқа  сарапшы ретінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің Бас имамы Талғат  Омаров, облыстық дін істері жөніндегі департамент бастығы Бақытжан Камалов, Орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің наиб имамы Серік Бердіқожаев, Орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің азаншысы - Мұхтар Гаджиев, Қажылар қауымдастығының төрағасы Нұрлыбек Нұрсейітов,  Жаңақорған ауданы орталық мешітінің Бас имамы Садулла Омаров қажы сынды кісілер әділ бағаларын берді.

 Азан жарысына 8 жастан үлкен қарттық жасқа дейінгі азанды жанға жағымды айтар жандар қатысты.

 Шәкірттердің ішінен көптеген дауысы асқақтаған шәкірттер арасынан ажыратып үздігін таңдап алу қиынға соқты. Дегенмен  1 орынды - Сейідали Махмудов (Орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің шәкірті), 2 орынды - Қайрат Досмұратов (Орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің шәкірті) және Толыбай Сембиев (Қармақшы аудандық мешітінің шәкірті), сондай-ақ 3 орынды  Бекзат Жүсіпұлы (Қалалық "Құддыс ишан" мешітінің шәкірті) мен Бекзат Пырзадаев (Қалалық "Хазрет Али" мешітінің шәкірті) алды. Басқа да қатысқандарға  "Алғыс хаттар" берілді.

 «Азан» сөзі араб тілінен тікелей аударғанда - «хабар беру», «білдіру» дегенді білдіреді. Ал терминдік мағынасы парыз намаздарының уақыттарын білдіру үшін айтылатын сөздердің жиынтығы. Жалпы Ислам тарихында алғашқы азанды Медине қаласында хазірет Біләл айтқан.

 Азан - барша мұсылманды бес уақыт намазға шақыратын діни аса ізгі амал. Азанның өзіндік шығу тарихы мен дінімізде алар орны бар. Кезінде асыл дініміз қанат жая бастаған дәуірде мұсылмандарды құлшылыққа шақыратын бір белгі, әдістің қажеттілігі туындады. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалармен ақылдасып, намазға шақыру әдісін белгілеу үшін мәжіліс өткізді. Сол мәжілісте әркім әртүрлі пікірлер айтты, Сахабалардың кейбірі христиандар секілді қоңырау шалуды ұсынса, енді бірі яһудилер тәрізді сырнай тартайық деген ойын ортаға салады. Тіпті, отқа табынатын мәжусилер секілді намаз уақыты кіргенде от жағуды ұсынғандар да болды. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұлардың ешқайсысын қабылдамады.

 Осы тұста хазірет Омардың (р.а.) ұтымды ұсынысы қабылданып, халықты намазға шақыру үшін арнайы бір адам тағайындалатын болды. Бұл жауапты міндет Біләл ибн Рабах есімді сахабаға жүктеледі.

 Осыдан көп ұзамай-ақ Абдуллаһ бин Зәйд (р.а.) атты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен. Абдуллаһ таң атар атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, бүге-шігесіне дейін баяндады. Пайғамбар (с.ғ.с) оны мұқият тындап, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де бұл түсті халыққа жеткізіп, азан мәтінін Біләл ибн Рабахқа үйретті. Сол сәттен бастап Біләл өзінің әсем даусымен азан айтып, Мәдина қаласының аспанын жаңғырықтырды.