Азиадаға дайындығымыз қалай?

АНА. 1 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2011 жылы елімізде өтетін VII қысқы Азия ойындарының басталуына үш айдай уақыт қалды. Бұл көп мерзім емес, көзді ашып-жұмғанша ертең-ақ жетіп келеді. Ал дайындығымыз қалай?. Бұл сұрақты төтесінен қоюымыздың себебі бар. Қазан айының соңында Алматы қаласының қысқы Азиада-2011 дирекциясының басшысы

Сұлтанмахмұт Шоқпытов қызметінен босатылды. С. Шоқпытовтың қызметтен босатылуына себеп болған жағдайлардың бірі ретінде «оның талап етілген жұмыс көлемін мерзімінде және 100 пайызға орындай алмауы» айтылып отыр. Шыны керек, осыдан кейін көңілімізге «Азиадаға арналған нысандардың құрылысында қандай да бір кінәрат жоқ па екен, олар мерзімінде аяқталар ма екен?», деген тәрізді күдіктің ұялағаны рас. Алайда Қазақстан үшін аса маңызды осы спорттық шараның басы-қасында жүрген азаматтардың сөздеріне құлақ ассақ, жалпы дайындық жаман емес көрінеді.

Алдымен Астанадағы нысандардың қазіргі жағдайына тоқталсақ. Жақында елордада өткен 2001 жылғы VII қысқы Азия ойындары Үйлестіру комитетінің 2-отырысында Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев Астанадағы Азиадаға арналып жаңартылып және салынып жатқан барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді. Оның айтуынша, елордадағы 10 мың орынды жабық мұз айдыны стадионы 78 пайызға дайын. Мердігер ұйымның ақпаратына сәйкес, мұз айдыны қарашаның осңына дейін, ал нысанның өзі желтоқсанның ішінде толық іске қосылады. Ал 8 мың орынды республикалық велотрек құрылысының 86 пайызы аяқталған. Бұның пайдалануға берілетін мерзімі - қарашаның соңы. Күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан «Қазақстан» спорт сарайы да қарашаның соңына дейін іске қосылатын болады.

Т. Ермегияевтың сөзіне қарағанда, Алматыдағы Азиадаға қажетті нысандардың дайындығы 90-98 пайызды құрайды және олардың барлығы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Мәселен, биік таудағы «Медеу» мұз айдыны 95-98 пайызға дайын болған. «Нысанның құрылысын аяқтау үшін 683 млн. теңгеден немесе 4 млн. доллардан астам қаржы қажет. Қаржы келесі аптада (осы апта-ред) бөлінетін болады, яғни бұл бойынша ешқандай түйткіл жоқ. Бір айдың ішінде, ары кеткенде бір жарым айда нысан пайдалануға беріледі», - дейді вице-министр.

Ал Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. (98 пайыз). «Мұнда сырғанайтын мұз айдынының құрылысы жүргізілуде. Айдын желтоқсанның соңына таман дайын болады, ешқандай проблема жоқ», - дейді Т. Ермегияев.

Азиада үшін Алматыда биіктігі 90 және 120 метрлік шаңғымен тұғырдан секіретін кешендердің құрылыстары салынып жатқаны белгілі. Т. Ермегияевтің сөзіне қарағанда, бүгінде бұлардың инфрақұрылымын дамытуға ммелекет қосымша 1 млрд. 300 млн. теңге бөліп отыр. Бұл қаржы шотқа осы аптада түсуі тиіс, ал кешен болса дайын. Азиадада фристайл жарысы өткізілетін «Табаған» спорттық-ойынсауық кешені қараша айының соңына дейін толығымен жөнделіп бітеді. Алматы облысының аумағындағы Солдат шатқалында салынып жатқан шаңғы-биатлон стадионының құрылысы толығымен қаржыландырылған. Бұндағы жұмыстың 95 пайызы орындалып қойған. Қазіргі уақытта шаңғы трассаларын төсеу және оларды көркейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс ары кеткенде бір айға созылады.

Осы тұста айта кетер бір мәселе, Азиада өткеннен кейін, оған арналып салынған барлық нысандар республикалық немесе коммуналдық меншікте қалады. Бұл жайында 25 қазанда Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов айтты. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл айтулы шара қарсаңында салынған спорттық нысандар келешекте халқымыздың игілігіне, спортшыларымыздың мұратына қызмет етіп, Қазақстанның спорттық ірі держава болуына мүмкіндік береді.

Жалпы еліміздегі 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына арнап жаңартылып және салынып жатқан нысандар құрылысының қарқынына Азия Олимпиада Кеңесі өкілдерінің де көңілдері толып отыр. Өткен айдың соңында елімізге Азия Олимпиада Кеңесінің вице-президенті Тимати Фок мырза бастаған делегация келді. Олар Астана мен Алматыда Азиада үшін салынып жатқан нысандар құрылысының барысымен танысты. «Азиаданың басталуына 100 күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Осы айтулы спорттық шараға Қазақстанның өте белсенді дайындық жасап жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Қысқы спорт ойындары жаңа-жаңа дамып келе жатыр, дегенмен сіздердің аяқ алыстарыңыз бізді қатты қуантты. Қазақстан Азиада нысандарын өте қысқа уақытта салып, бітіріп қалғанына таңданысымызды жасыра алмай отырмыз. Спорттық кешендерде сынақ жарыстары қараша айында өтеді. Ол жарыстарда АОК бақылаушылары қатысады», - деді Т. Фок Астанадағы нысандардың құрылысымен танысқаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Бүгінде нысандардың құрылысынан бөлек, Азиаданың басқа да шараларына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Мәселен, Азия Олимпиада кеңесі Азиада-2011 медальдарының нұсқасын мақұлдап қойды. Медальдар Азиада кристалы ретінде жасалған, оның ортасында логотип пен ұлттық өрнек салынған. Алтын және күміс медальдардың салмағы 340 грамм, ал қола - 520 грамм. Сапасы мен салмағы бойынша осыған дейінгі Азия ойындарының медальдары мұншама құнды болмаған екен.

Сонымен қатар 27 қазанда Алматыда VII қысқы Азия ойындарының әнұранына жарияланған байқаудың нәтижелері белгілі болды. Іріктеу барысында үздік деп танылған 10 әннің ішінен Азиада әнұраны анықталмақ. Азиада әнұранының үміткерлерінің қатарында ҚР Халық әртісі Е. Хасанғалиевтің «Азиада алауы», ҚР Еңбек сіңірген әртісі К. Дүйсекеевтің «Азиада Қазақстан», Н. Теңізбаевтың «Қазақстан», Б. Құсайыновтың «Ел намысы», «Мистиерионс» тобының «Азиада», М. Жәутіковтің «Спорт», Е. Әлекеевтің «Алға, Қазақстан», Д. Сыздықовтың «Азиада алауы», И. Бреусовтың «Азиада» және Е. Шәкеевтің «Азиада» әндері кіріп отыр. Халық бұл үздік жұмыстардың ішінен әнұранға лайықты әнді Kcell компаниясы ұсынған 1212 нөміріне «sms» дауыс беру арқылы таңдайтын болады. Ал таңдауға ұсынылатын әндер «NS», «Қазақ радиосы» және «Сәлем» радиоларынында қазірдің өзінде беріліп жатыр. Дауыс беру қорытындысы 1 желтоқсан күні белгілі болады.

Азиадаға қатысты тағы бір тартымды жаңалық: қазіргі таңда халық жаппай билеп жүрген ұлттық биіміз - «Қаражорға» Ойындардың ашылу салтанатына ұсынылып отыр. Биді «Жезбұйда» қоғамдық бірлестігі мен «Қаражорға» өнер ұжымы бірлесіп ұсынды. Мақсат - Азиада кезінде ұлттық құндылықтарымызды шетелдіктерге жете таныстыру, қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттау. «Ұлттық биімізді дүбірлі доданың ашылу салтанатына ұсыну туралы ҚР Туризм және спорт министрлігіне және ұйымдастыру комитетіне ұсыныс-хат жіберілді. Мақұлдап жатқан жағдайда биді жоғары деңгейде ұйымдастыруға мол мүмкіншілігіміз бар. Ол үшін 1000-2000 кәсіпқой биші оңай табылады. Осы арқылы әлемдік жарыста қазақтың төл өнерін көрсетсек дейміз», - дейді «Қаражорға» өнер ұжымының жетекшісі Талапбек Тынысбек. Оның айтуынша, биді бағдарламаға енгізген жағдайда оны өткізуге көп шығын кетпейді. Себебі, қазір халықтың бәрі хабардар және биге деген ынтасы өте жоғары.

Хош. Енді Азиаданың Алау эстафетасына қатысты бірер сөз. Азия ойындарының тарихында алғаш рет қысқы Алау эстафетасы өткізілетін болады. Ол 2011 жылғы 11 қаңтарда Азия ойындарының штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында тұтандырылады. 12 қаңтар күні Алау ұшақпен Алматы қаласына жеткізіледі, сөйтіп еліміздің барлық өңірлерін аралайды да, 30 қаңтарда Астанаға әкелінеді. «Астана-Арена» стадионында өтетін Азия ойындарының ашылу салтанаты барысында Олимпиада алауының басты қазандығы жағылады, Азиаданың Алау эстафетасына барлығы 1020 алаугер іріктеп алынады. Оның 100-і Эстафета алауын - Астанада, 80-і Алматыда және 60-ы әрбір облыс орталықтарында алып жүреді.

Қазір спорттың кез-келген түрінде допингтік дау-дамайларға қатысты мәселе өршіп тұрғаны белгілі. Бұл алдағы Азиаданың күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Азия ойындарының медициналық қауіпсіздік жөніндегі бас сарапшысы Төлеген Дүйсеновтің айтуынша, Азиадада допингке қарсы бақылау халықаралық талапқа сай болады. «Ойындарды ұйымдастыру комитеті Медициналық қамтамасыз ету мен Допингке қарсы бағдарламаларын әзірлеп, қабылдады. Бұған сәйкес, жетінші қысқы Азия ойындарында допингке қарсы бақылауды 30 инспектор мен 81 көмекші қызметкер атқарады. Қазіргі кезде бұл мамандар арнайы дайындықтан өткізіліп болды», -дейді ол. Сондай-ақ ойындар өткізілетін әрбір нысанда халықаралық талаптарға сәйкес допингтік бақылау станциялары орнатылады. Әлемдік және азиялық рекорд жаңартқан барлық спортшылар, медаль иеленгендер, алдын-ала және шешуші жарыстар кезінде кездейсоқ іріктелген спортшылар міндетті түрде допингтік тесттен өткізілетін болады. Сонымен қатар допингті бақылау алдын-ала ескертусіз, кез-келген жерде, кез-келген уақытта өткізілмек.

Сонымен 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Астана мен Алматы қалаларында қатар өтетін Азиадаға дайындықтың барысы осындай. Қазақстанда қысқы Азия ойындарын тұңғыш рет қабылдайтындықтан, мемлекет ел өміріндегі маңызды спорттық шараның республикамыздың ғана емес, құрлық спортының тарихынан ойып тұрып орын алуы үшін бар күш-жігерін жұмсауда. Құрлықтағы мұндай айтулы спорт жарысының Қазақстанда өтетіндігін біздің мемлекеттің тәуелсіздік жылдарында саясатта, экономикада, спортта қол жеткізген жоғары нәтижелерінің мойындалғаны ретінде қабылдаған жөн. Ресми мәліметтер бойынша, Азиада ойындарына қатысуға қазірдің өзінде 24 ел өтініш берген. Ал жалпы дүбірлі додаға Азия құрлығынан 40 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Азиадаға қатысатын спортшыларды, мәртебелі меймандарды, ресми тұлғаларды, жаттықтырушыларды, командаға қызмет көрсететін персоналдарды, дәрігерлер мен массаж жасаушыларды, ұлттық және халықаралық санаттағы төрешілерді, БАҚ өкілдерін қосқанда, елімізге 10 мыңнан астам адам келмек. Жарыс бағдарламасы бойынша конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шаңғы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, допты хоккей (бенди), қысқы спорттық бағдарлау сынды спорттың 11 түрінен жарыстар өткізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Қазақстан құрамасы бейресми жалпы командалық есепте 1-орын алуды алдына мақсмат етіп қойып отыр.