Азиаданың жетінші күні: Қазақстан қоржынында - 1 «алтын», 3 «қола»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда өтіп жатқан Азиада-2018 сайысының жетінші күні де аяқталды. Күндік қорытынды бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары 1 «алтын» және 3 «қола» медальге ие болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Азия ойындарының алғашқы күні қазақстандықтар алтын, күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын. «Алтынды» семсерлесуші Дмитрий Алексанин, «күмісті» еркін күрестен Данияр Қайсанов, дәл осындай спорт түрінен Саятбек Оқасов мен Әділет Давлумбаев қола медальдарды еншілеген.

Ал екінші күні ел қоржынына «күміс» бұйырды. Оны осыған дейін хабарлағанымыздай, екінші орынды әйелдер күресінен Жұлдыз Ешімова жеңіп алды.

Дәл осы күні таеквондошы Фариза Алдоңғарова ел қоржынына тағы бір қола медаль  салды.

Тартысты сайыстың үшінші күні Қазақстан қоржынына біршама медаль түсті. Дегенмен, медальдардың ішіндегі «алтыны» ол күні бұйырмады. Алтыннан кейінгі күміс жүлдені ұлттық құрамаға таэквондошы Жансел Дениз, балуан Алмат Кебіспаев, судағы полодан Қазақстанның әйелдер құрамасы алып берді. Ал қола медаль маунтинбайкер Кирилл Казанцев, балуандар Элмира Сыздықова мен Мейрамбек Айнағұлов, таэквондошы Руслан Жапаровқа бұйырды.

Азиаданың төртінші күні қазақстандық спортшылар құрлықтағы бәсекенің 8 медалін олжалады. Нақтырақ айтқанда, ауыр салмақтағы балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев күміс медаль иеленді. Ал қалған 7 қола медальді жүзуден Дмитрий Баландин, семсерлесуден Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы, тэквондошы Нұрлан Мырзабаев, балуандардан Ерұлан Ысқақов пен Азамат Қыстаубаев, ескек есуден Александр Куликов ел қоржынына салды. Осылайша Азиаданың төртінші күнін Қазақстан жалпы рейтингте 12-ші орынмен аяқтаған еді.

Ұлттық құрамамыздың спортшылары асыға күткен «алтын» медальға бесінші күні қол жеткізді. Атап айтқанда, велошабандоз Алексей Луценко Қазақстанның үлесіндегі екі алтын медальдің бірінің иегері болып отыр. Сонымен бірге суға жүзуден Әділбек Мусин, таеквондошы Ерасыл Қайырбек, академиялық ескек есуден Александр Очапанов, стендтік атудан Мария Дмитриенко қола медальға ие болды. Жалпы, Қазақстан спортшылары 2 алтын, 6 күміс, 18 қола медальмен Азиаданың бесінші күнін 12-ші орынмен түйіндеген.

Кешегі күнді де құрамамыз жүлдесіз аяқтаған жоқ. Үлесте - 8 медаль. Нақтырақ айтқанда, велошабандоз Алексей Луценко құрамаға үшінші «алтынды» салса, күміс медальды жұптаса шыққан теннисшілер Александр Бублик пен Денис Евсеев алып берді. Қола медальге джиу-джитсудан Нұржан Сейдуәлі мен Нартай Қажеков, теннисші жұптан Гүзәл Айнитдинова/Анна Данилина мен Александр Недовесов/Анна Данилина, жүзуден Дмитрий Баландин мен дәл сол спорт түрінен Қазақстан ерлер құрамасы қол жеткізді.

Ал  джиу-джиутсудан 62 келіде сынға түскен Дархан Нортаев ел қоржынына төртінші алтынды салды.  Дарханмен бірге, ел үлесіне тағы үш қоланы каратэші Данияр Юлдашев, жеңіл атлет Иван Иванов және джиу-джитсудің тағы бір шебері Ризат Махашев алып берді.

Осылайша, Азиада ойындарында жеті күннің ішінде 4 «алтын», 7 «күміс» және 27 «қола» медальге қол жеткізген Қазақстан құрамасы жалпы рейтингте кешегі - 11 орынды сақтап қалды.