Азия елдері арасында робототехникадан біз алдамыз — робот техникасының жаттықтырушысы
АСТАНА. KAZINFORM — Астаналық оқушылар халықаралық STEAM Azerbaijan SAF-2025 фестивалінде топ жарды. VEX IQ санатында 5-7 сынып оқушылары 1-інші және 3-орынша орынға ие болса, FlyTech & RoboSoccer санатында 9-сынып оқушылары қола қанжығалады.
– Бұл жолғы жарыстың санаты ерекше. Жыл сайын ережелер ауысады. Байқаудың ережесі ауысса біз жаңа робот құрастырамыз. Жаңа білім алып, жоғары деңгей көрсетуге тырысамыз. Командадағы балалар өздерінің деңгейлерін дәлелдеді. Драйвинг және бағдарламалауды көрсетіп, ең жоғарғы ұпайды алды. Басқа командаларға қарағанда біздің деңгейіміз жоғары. Мықты тағы 1-2 команда болды, бірақ Азия елдері арасында біз алдамыз, - робототехника бойынша жаттықтырушы Нағашыбай Самыратов «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Бағдарлама қонағы алдағы уақытта ірі бәсекелестермен бақ сынағысы келетінін айтады.
– Біздің алдағы мақсатымыз Еуропа мен Америкаға, Қытайға бару. Онда ең мықты командалар бар. Олармен бәсекелесіп, өз деңгейімізді көрсеткіміз келеді. Себебі даму керек. Біліктілікті арттыру үшін мықтылармен бақ сынасу қажет, – дейді ол.
Ал жарысқа қатысқан балалар қарсыласты қапы қалдыру аса қиын бола қоймағанын айтады.
– Сайыстың қиын тұстары да бар. Бірақ қатты қиын болған жоқ. Көп қатысушылар әзербайжандық. Олар бізден озуға тырысты. Біз де талпынып, бірінші орынға жеттік, – дейді STEAM Azerbaijan SAF-2025 жеңімпазы Диар Иманәлі.
Еске сала кетейік, 15–20 қараша аралығында Баку қаласында STEAM Azerbaijan SAF-2025 фестивалі өтті. Байрақты бәсекеге 22 елден келген мыңдаған жас талант қатысты. Әлемнің әр түкпірінен жиналған дарынды балалар 16 негізгі және 2 қосымша санатта сынға түскен.
Бұған дейін Қазақстан оқушыларының робототехникадан Ұлттық құрамасы Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 Бүкіләлемдік Олимпиадасында төртінші жыл қатарынан айрықша жеңіске жеткенін жазған едік.