10:46, 09 Маусым 2009
Азия ойындарын өткізу барлық халықаралық стандарттарға жауап беретін деңгейде болады - Темірхан Досмұхамбетов
АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын өткізу үшін Астана және Алматы қалаларында салынатын спорт объектілерінің құрылысына да әлемдік қаржы дағдарысының «салқыны» тиген.
Құрылыс жұмыстары басталған сәтте қаржыландыру жағы тоқталып қалған. Тіпті «Азия ойындарын өткізу қажет пе?» деген мәселе де алға тартылған. Алайда, мұндай маңызды спорттық шараны өткізбеу біздің еліміздің абыройына нұқсан келтіретін жағдай болмақ. Бұл жөнінде маусымның 8-і күні Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутаттардың сұрақтарына жауап берген кезде ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов арнайы тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы өткір мәселе бойынша министр Мемлекет басшысына арнайы кіргенін мәлім етті. «Елбасы Азия ойындарына арналып салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті қаражат мәселесін шешіп берді. Ел Президентінің арқасында Азия ойындары бізде жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Өйткені Азия ойындарының негізгі жобалары дайын»,- деді Т.Досмұхамбетов.Министрдің айтуынша, қазір Астанада 400 метрлік мұз айдыны бар спорт сарайы салынып жатыр. «Қазақстан» спорт кешені жақсы жағдайда, енді осы кешенге қосымша жазылмалы стадион салу қажет. Велотрек кешені дайын. Қазіргі заманғы технология бойынша велотрек кешеніне мұз төсеу арқылы қыста хоккей жарыстарын өткізуге мүмкіндік туып отыр. Қысқы Азия ойындарының бірқатар жарыстарын осы кешенде өткізуге болатыны айқындалуда. Министр Астанада барлық мәселе шешімін тауып отырғанын мәлім етті.Ал Алматы қаласындағы спорт кешендерінің құрылысына тоқталсақ, қазір «Q-125» және «Q-90» деңгейдегі трамплин алаңдары салынуда. Бастапқы көзделген жобадағы инфрақұрылымдық жүйелер толық жүзеге аспағанмен, жарыс өтетін екі спорттық секіру трамплині барлық халықаралық стандарттарға сәйкес болмақ. Оның стадионына қатысты мәселе де шешімін табуда, қазір құрылысы жедел қарқымен жүргізілуде.Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының күрделі жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін тамамдалады, 2010 жылы атқаратын аз ғана бөлігі қалады.
Алматы әкімшілігінің күш салуымен Медеу мұз айдынының да күрделі жөнделуі жан-жақты жүргізілуде. Министр Медеу кешенінің жөндеу жұмысын дер кезінде аяқтау үшін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өз назарында ұстап отырғанын жеткізді. Ал Шымбұлақта шаңғы тебу алаңдары жасалып жатқанын, оның халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін айтты.Алматы облысындағы биатлон-шаңғы жолдары болатын спорт кешенінің құрылысы да жүріп жатқаны мәлім болды.«Барлық спорттық шаралар өтетін кешендердің құрылысы жүргізілуде. Біз тек олимпиадалық қалашықтың және баспасөз орталықтарының жобаларын қысқартуға мәжбүр болдық. Жарысқа келетін спортшылар мен меймандарды қонақүйлерге орналастыру жөнінде Азиялық олимпиадалық комитетпен келісімге келдік. Сондықтан қысқы Азия ойындарын өткізу барлық халықаралық стандарттарға жауап беретін деңгейде болады»,- деді депутаттарға берген жауабында министр Т. Досмұхамбетов.
Министр сөзінің соңында жуырда аталған жарысты өткізу жөніндегі комиссияның отырысы өткенін, онда соңғы шығарылған шешімдер қолдау тапқанын жеткізді. Сонымен қатар маусымның 24-і күні Сингапурде Азиялық олимпиадалық комитет алдында біздің спорттық нысандардың таныстырылымы өтетіні жөнінде хабардар етті.