«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбековтің атап өткеніндей, еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл қарсаңында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты шаралар тізбегі өтуде. «Мерейтойлы жылдың шымылдығын ашқан қысқы Азия ойындарындағы жеңісіміз - бәрімізге мақтаныш. Елбасымыздың өзі осы Азиада елімізге үлкен рух бергенін атап өтті. Осы ойындар кезінде бүкіл қазақстандықтар бір командадай жұмылып, патриоттық сезімдерін паш етті. Қысқы Азиададағы ел жеңісіне біздің батысқазақстандық спортшылар да лайықты үлес қосқанын мақтаныш етеміз», деді ол.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы, басқарма жанынан құрылған «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымының төрағасы Сейітжан Бегисінов жақында ғана өткен бастауыш ұйымның жиналысында 103 адам партия қатарына кіруге өтініш білдіргенін айтты. Олардың қатарында атақты спортшылар да бар екен.
-Мен «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғаныма өте қуаныштымын. Азиададағы жеңісіміз - бұл біздің ғана табысымыз емес, спорт басқармасы басшыларының да еңбегі. Енді алдағы Сочи олимпиадасына дайындаламыз, жеңіске деген жігеріміз күшті, - деді шорт-тректен спорт шебері, VII қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Нұрберген Жұмағазиев.
Салтанатты жиын үстінде сондай-ақ шорт-тректен спорт шебері, VII қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Инна Симонова, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Альмира Исатаева, дзюдо және самбо күресінен спорт шебері, осы спорт түрлерінен жастар арасында ҚР чемпионы Сұңғат Махамбетов, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер, жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы Көлбай Темірлан, көгалдағы хоккейден спорт шебері, жазғы Азия ойындарына қатысушы Виктория Шаймарданова, садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия кубогының иегері Анастасия Баннова, спорт шеберлері Константин Солодовников пен Юлия Старателева партия мүшесі деген куәлік алды.
Шараға қатысушы спорт ардагерлері Қамеш Исмағұлов пен София Иманғалиева жас спортшыларды партия қатарына қабылдануымен құттықтап, болашақта зор жеңістерге жете беруіне тілектестігін білдірді.