Олар «Астана-арена» футбол алаңында өтеді. Бүгін таң ата біз Азия ойындарының ашылу салтанатын өткізуге қатысты келісімшартқа қол қойдық», деді бүгін «VII қысқы Азия ойындары мен олимпиада алауы эстафетасын ұйымдастыру жөніндегі қалалық дирекция» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Найль Нуров. Бұл туралы ол бүгін «VII қысқы Азия ойындары: дайындық деңгейі және бірлескен қимылдардың басым бағыттары» атты дөңгелек үстел отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысты шаралармен үлкен халықаралық компаниялар жұмыс істейді. Оның құрамында қазақстандық режиссерлер мен сценаристер, композиторлар бар. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарға Ресей, Еуропа елдері мен Австралияның және АҚШ-тың жетекші мамандары да атсалысады. «Бұл шара Ванкуверде болған көріністерден кем болмайтын үлкен шоуға айналады. Өйткені оны ұйымдастыру үшін елімізге көптеген қазіргі заманғы техникалы құрал-жабдықтар әкелінеді. Алдағы екі айдың ішінде-ақ осы жұмыстарды бастаймыз. Біздің әріптестеріміз қазір дайындық жұмыстарын республикалық және қалалық кеден комитеттерінің өкілдерімен де жүргізуде. Себебі қысқы Азия ойындарын өткізуге қатысты Қазақстан үкіметі мен Азияның олимпиада кеңесімен жасалған келісім қысқы ойындар үшін қажетті құрылғыларды шекарадан алып өткізу кезіндегі алымдар мен салықтардан босатады», деді Н.Нуров.
Оның сөзіне қарағанда, қысқы ойындарға келетін қонақтардың барлығын бірінші кезекте шекарашылар мен кеден саласының мамандары күтіп алады. «Қонақтардың еліміздің аймағына енісімен Қазақстан туралы жағымды көзқарас қалыптастырулары үшін оларды мүмкіндігінше зор ілтипатпен қарсы алған жөн», деді кәсіпорын директоры.