Азық-түлік бағасы бойынша облыс әкімдіктерінің атқарған шаралары қатаң бақылауда болады

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов азық-түлік бағасы бойынша облыс әкімдіктерінің атқарған шаралары қатаң бақылауда болатынын айтты.

Алқа мәжілісі барысында Премьер-Министр жиынға қатысқан облыс әкімдерінің орынбасарларына азық-түлік мәселесін тыңғылықты қарастыруды тапсырды. Үкімет басшысы азық-түлік бағасы бойынша кейбір облыстардағы жағдай тұрақты екенін атап көрсетті. Ал, кейбіреулеріндегі ахуалды сынға алды.

«Мен осы мәселе тұрғысындағы шараларды қатаң бақылаймын. Бұл бағытта атқарылатын шаралар бойынша дайындалыңыздар»,-деді К. Мәсімов.

Осы орайда Үкімт басшысы алдағы сенбі күні селекторлық кеңес өтетінін, онда Елбасының тапсырмасына сәйкес еңбекпен қамту бағдарламасы мәселелері, сондай-ақ азық-түлік бағасы мәселелері қарастырылатынын жеткізді.