Азық-түлік корпорациясы әлеуметтік нан бағасын арттырып, пайда тапқысы келетін ұн тартушы ұйымдарды айыптап отыр

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат -«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ еліміздің жекелеген өңірлерінде әкімдіктің қолдау туралы келісіміне сүйенген кейбір ұн тартушы ұйымдардың Корпорация ұсынған арзандатылған астықтан бас тартып отырғанын мәлімдейді.

Осылайша, олар нан мен ұнға бағаны арттыруға қажеттіліктің орын алып отырғаны туралы жөнсіз мәселе көтермекші. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Әлеуметтік нан бағасын арттырып, көбірек «пайда» тапқысы келетін ұн тартушылардың дәлелі негізсіз. Осындай ұн тартушылар өз бетімен кетіп, тіпті кейбір жағдайда тікелей әкімдіктің қолдауына сүйеніп әлеуметтік маңызды өнімге қатысты алыпсатарлыққа да барып отыр. Сосын олар өздерінің нан бағасын арттыруға қатысты ниетінен туындайтын жауапкершіліктің бәрін Азық-түлік келісімшарт корпорациясына итере салуға тырысатындай», - деп мәлімделеді баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылғы құрғақшылықтың салдарын алдын алу мақсатында Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес,  Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі, Астық өңдеушілер одағы, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары және облыстар арасында 1-сұрыпты ұн мен нанға бағаны тұрақтандыру шаралары жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Корпорацияның хабарлауынша, аталған меморандум аясында компанияның ресурсынан 1,3 млн. тонна арзандатылған астық бөлініп, ол әкімдіктер айқындаған ұн тартатын ұйымдарға  тоннасына 28 000 теңгемен бекітілген баға бойынша сатылуы тиіс еді. Бұл ретте астықтың нарықтағы құны тоннасына 45 000 теңге құрайтынын ескеру керек.

Бұдан бөлек, Корпорация құс фабрикаларымен, шошқа өсіру шаруашылықтарымен тоннасына 28 000 теңге бойынша астық тасымалдау туралы уағдаласқан.

«Ағымдағы жылдың 24 желтоқсанындағы жағдай бойынша жалпы алғанда 501 мың тоннадан астам арзандатылған астық өңірлерге жөнелтілді. Оның ішінде астық өңдеуші ұйымдарға - 417 мың тонна, құс фабрикаларына - 71 мың тонна, шошқа шаруашылықтарына -13 мың тоннадан астам. Осы жылдың желтоқсан айына дейін ұн тартушылар арзандатылған астықты Корпорация арқылы өздеріне жақын облыстардағы Астық қабылдау пункттерінен алып келген болатын. Қазіргі таңда негізгі астық өсіруші өңірлердің астық қабылдау қоймаларында шамамен 3 млн. тонна астық бар. Ал бұл қоймаларды уақытында босатпасақ, онда келер жылдың астығын сақтауға қатысты сақтау орындарының тапшылығы туындауы мүмкін. Жалпы алғанда Азық-түлік корпорпациясы меморандум бойынша өзінің міндеттемелерін толық орындап келеді және алдағы уақытта да, яғни келер жылы егінге орақ түсетін 2013 жылдың тамызына дейінгі аралықта өңірлерге арзандатылған астықты жеткізуді ұйымдастыратын болады. Бұл ретте егерде әкімдіктер өздері әлеуметтік ұн шығару мақсатында таңдап алған ұн тартушылармен арадағы өзара қатынасынан туындайтын проблемаларын реттей алмаса,  онда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы нан бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін дайын арзандатылған ұнды өңірлерге жеткізу мәселесін ұйымдастыруға әзір. Бұл үшін тек қана әкімдіктердің арзандатылған астықты алуға қатысты өңірлер арасындағы квотаны операторлар арасында қайта бөлу туралы тиісті шешім қабылдаса болғаны», - деп мәлімдейді компанияның баспасөз қызметі.