Себебі, Үкімет жыл басында биылғы инфляцияның деңгейін 6-8 пайыз дәлізінде болжап қойған еді. Ал, 2010 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 3,6 пайызға жетіп отыр. Инфляцияның өсіміне негізінен азық-түлік өнімдерінің нарығындағы баға тұрақсыздығы ықпал етіп отыр. Мәселен, қаңтар-сәуір айларында азық-түлік тауарларының бағасы - 4,7 пайызға, ал ақылы қызметтер - 4,1 пайызға қымбаттаған. Бұл ретте азық-түлік тауарларының ішіндегі ең қатты қымбаттағаны ет және ет өнімдері, олардың бағасы - 5,5 пайызға өскен. Ал сүт өнімдері - 4,0, жұмыртқа - 5,3, жеміс-жидектер мен көкөністер бірден 16,5, ал қант - 9,3 пайызға қымбаттаған. Бұдан бөлек, инфляция өсіміне табиғи монополиялар қызметтері тарифтерінің көтерілгені де айтарлықтай үлес қосқан. Ал коммуналдық тарифтердің көтерілуіне негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесіндегі жабдықтар мен инфрақұрылымдардың әбден тозығы жеткендігі себеп болып отыр.
Осы орайда «азық-түлік өнімдерінің бағасы неге қымбаттай береді?», деген заңды сауал туындайды. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, еліміздің өңірлерінде көтерме сауда саласындағы баға түзу үдерісі әлсіз бақыланып жатыр, сондықтан да азық-түлік тауарлары бағасының күрт қымбаттауына жол берілуде. Мәселен, сәуір айында республикамызда жеміс-жидек пен көкөніс бағасының күрт өскені байқалған. Бұл негізінен маусымдық факторлармен байланысты болып отыр. Егер облыстар бойынша баға өсіміне талдау жасайтын болсақ, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында әжептәуір өскен.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жеміс-жидек пен көкөніс бағасының көтерілгенінің негізгі үш себебін анықтап отыр. Бірінші себеп - бұл импортшылардың қызметіндегі ашықтықтың жоқтығымен байланысты. Екіншісі - нарықтағы уақытша тапшылықты дер кезінде байқап, оны бас пайдасына жарата білетін сатушылардың алыпсатарлық іс-қимылдарымен байланысты. Бұған өңірлердегі бөлшек бағалардың күрт қарама-қайшылығы айғақ бола алады. Мәселен, сәуірде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында картоптың бағасы тиісінше 38 пайызға және 19 пайызға өскен. Ал, сол уақытта Алматы облысында небәрі 10 пайызға қымбаттаған. Ал, Ақтөбе облысында қырыққабаттың бағасы - 44 пайызға көтерілсе, Батыс Қазақстан облысында бар-жоғы 6 пайызға өскен. Делдалдардың санының көптігі азық-түлік бағасының қымбаттауының үшінші себебі. Мәселен, Үрімшіде 1 киләсі 80 теңге тұратын қызанақ жол-жөнекей көптеген делдалдардың қолынан өтіп, Астанаға жеткенде 350 теңгеден сатылады екен. Тағы бір атап өтерлігі, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда желілері арқылы сату арналарының жетілдірілмеуі де бағаның басқа шауып, төске өрлеуіне себеп болуда. Мәселен, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінен тұтынушыға дейін жеткенінше жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерінің бағасы бірнеше есе өседі. Бұл ретте пайданың басым бөлігі делдалдық құрылымдардың, соның ішінде көтерме және бөлшек сауда желісінің үлесіне тиіп отыр. Ал әкімдіктер құрған коммуналдық базарлардың саны республикамыз бойынша 70-ке жуық болғанымен, олар жеміс және көкөніс өнімдерін қыс және көктем маусымдарында арзан бағаға сату жөніндегі мақсатты шеше алмауда.
Бұндай жағдайда енді не істемек керек? Үкімет азық-түлік тауарлары бағасының өсіміне жол бермеу үшін бірқатар шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Еліміздің азық-түлік нарығындағы баға өсімін қақпайлау үшін ең алдымен негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысы жандандырылатын болады. Бұл орайда жергілікті жерлердегі азық-түлік нарығында қалыптасқан жағдайды талданып, бағаның өсіміне ықпал етіп отырған себептердің бәрін жою үшін қажетті шаралар қабылданбақ. Екіншіден, «Сауда қызметін реттеу туралы» заңды нормасын мүлтіксіз орындау қамтамасыз етілмек. Бұл заң нормасы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларын жеткізу жөніндегі келісімшартты бекіту кезінде тауарға қосылатын үстеменің шекті мөлшерін міндетті тәртіпте бекітуге мүмкіндік береді. Биылға дейін аталмыш норма болмаған екен және заңнамалық негіздің жоқтығына байланысты жергілікті жерлерде баға түзу үдерісіне ықпал ету қиынға соғып келген. Енді аталмыш проблема заңнамалық тұрғыдан шешімін тауып отыр. Жергілікті атқарушы органдар азық-түлік тауарларын сатушылармен меморандумдарды бекіту кезінде тауарларға қосылатын үстемелердің шекті мөлшерін бекітуді талап етуге және оның орындалуын бақылауға мүмкіндік алып отыр. Үшіншіден - азық-түлік тауарларының жәрмеңкелерін тұрақты өткізу жөніндегі жұмыс күшейтіліп, ауылдық тұтынушы кооперативтерді, сервистік-дайындаушы орталықтарды құру есебінен өнімдерді дайындау және сату жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Бұл азық-түлік тауарларын тұтынушыларға делдалдарсыз-ақ жеткізуге мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, Үкімет жоғарыда атылған шұғыл шаралардан бөлек, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бөлшек бағасының деңгейін төмендетуге және инфляциялық үдерістерді ұстап тұруға бағытталған стратегиялық сипаттағы бірқатар жүйелі шараларды қабылдауды көздеп отыр.
Міне, байқап отырғанымыздай, инфляция деңгейінің өсіміне негізінен екі фактор - азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттағаны және табиғи монополиялар қызметтері тарифтерінің көтерілгені әсер етіп отыр. Яғни, бір-бірімен қабысып жатқан бұл қос фактордың келешекте де инфляциялық қысымды үдетуге қауқары жетіп отыр. Бұған жол бермеу үшін Ө. Шөкеевтің пікірінше, еліміздің азық-түлік нарығындағы ахуал тұрақтанбайынша, коммуналдық қызметтердің тарифтерін көтеруге, артық қимылдар жасауға болмайды. Сондықтан да екінші тоқсанда назарды азық-түлік нарығындағы жағдайдың байыбына баруға аудару қажет. Осы тұста мынаны айтып өткен жөн: Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін елімізге азық-түлік тауарларын импорттайтын нарықта қазақстандық кәсіпорындардың үлесін ұлғайту жөніндегі шараларды әзірлеуде. Бұл үдеріске Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту көзделіп отыр. Бұл институттың елімізге импортталатын азық-түлік тауарларының нарығына кіруі үшін Үкімет қолғабыс жасап, көмектесетін болады. Ал Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы импортталатын тауарлардың көлемі азық-түлік нарығындағы бағалардың тұрақтылығына ықпал ете алатындай болуы тиіс. Бұл үшін қазіргі таңда ішкі сауда-саттық туралы заң дайындалып жатыр. Үкімет осының аясында екінші тоқсанның соңына дейін азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі барлық тетіктерді пысықтамақ.