Б. Бәйбек «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Саяси Кеңесінің отырысында Бауыржан Бәйбек партия төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары қызметіне оның кандидатурасын ұсына отырып, «Кейінгі 2050 жылға арналған Жолдауға, содан туындайтын тапсырмаларды шешуге байланысты бірқатар кадрлық өзгерістер болып жатыр. Өздеріңіз біліп отырсыздар Үкіметте өңірлермен шұғылданатын министрлік құрылып отыр. Соған байланысты Сағынтаев мырза Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалып, министрлікті басқаратын болды. Осыған орай ол кісіні партиядағы қызметінен босатуға тура келді», - деп атап өтті.

Елбасының айтуынша, Б. Бәйбек соңғы 4 жылға жуық уақыт бойы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып, партияның барлық өңірлік филиалдарының жұмысымен танысып шыққан.

«Ол біздің партиямен жастардың араласып кетуіне ықпал етеді деп сенемін. Ол «Болашақ» қауымдастығын басқарады. Бұл біздің жастарымыздың алдыңғы қатардағы отряды және ол біздің партияның, еліміздің болашағы үшін өте маңызды», - деді Н. Назарбаев.