Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Полковник Шелудько Ново-Покровское деревнясында жаман ұрыс жүргізген жоқ. Бірақ немістер осы жерде шабуылға көшті. 21 ноябрь күні дұшпан авиациясы Деньково, Ново- Покровское, Устиново, Рыбушки деревняларын бомбалай бастады, бас қолбасшының резервте тұрған бөлімдері Истра тоғанының жағалауындағы өз бөлімдерін жау шабуылынан қорғай отырып, Истра тоғанының жағалауындағы Истра қаласының торабындағы шептерге барып бекінді. Дивизия Истра шебіне дейін шегіне отырып, Васильево мен Малое Васильево пункттеріне дейін кейін ысырылды. Осы жерде біз қарсы ұрыс жүргіздік. Дивизияға Пятница, Берендево, Лопатино деревняларына бекінуге бұйрық берілді, ал оның оң және сол қанатында басқа бөлімдер тұрды, бірақ бұл жөнінде әзірше ешнәрсе айтпаймын. 1941 жылдың 23 ноябрінде дивизияның 1073-полкі Рождественка, Пятница, Лопатино, Трусово деревняларына бекінді, ал 1075-полк оң қанатындағы генерал Доватордың әскерлерімен түйісе отырып, Раково, Стариково деревняларына бекінді. Доватордың әскерлері болса, Ленинградқа баратын тас жол мен темір жолды бөгеп тастауға ұмтылды, өйткені немістерге жалғыз осы бағытта ғана Москваға шабуыл жасау қалған еді. Неміс командованиясының міндеті - Доватордың тобы мен 1077-полкті құрсауға алу үшін барлық топтарды қоршауда қалдыру болатын. Солнечногорскіден немістер тіке Москваға ұмтылды. Бірақ олар бұл жерде бекініп тұра алмады. Майор Шехтман аяғына жарықшақ тиіп жарақаттанып, полкті басқаруды капитан Булатов қолына алды. Доватор тобының сіңірген еңбегінің мәні мынада еді - оның тобы Солнечногорск қаласының оңтүстік жағынан оң қанатты - темір жол мен тас жолды қорғап тұрды, бұл жолдармен неміс әскерлері Истра тоғаны мен Истра қаласындағы барлық біздің әскерлеріміздің тобын қоршауда қалдырып, бұғаулап, оңтүстіктен бір-ақ шығуға күш салған еді. Осы кезде Истра тоғанының тоспасы жарылды, оны істеген әскери инженерлер емес, сірә, үрейі ұшқан топ болса керек. Біз тоғанға келіп жеткенде өзіміздің Шу өзеніндей болып Истра өзені ағып жатыр екен. Тоспа жарылғаннан кейін, буырқанған еу тасқыны басылып, арнада қалған судың бетіне біздің әскерлеріміз өте алатындай қалың мұз қатып үлгермепті. Жаяу әскер мен жеңіл артиллерия өте алды, подполковник Курганов басшылық ететін 27-гвардиялық артиллериялық полктің бірнеше ауыр зеңбіректері мұз ойылып, судың астына батып кетті (кейіннен бұл зеңбіректерді судың астынан шығарып алдық, оны кейінірек айтып беремін).Алдымен біздің әскерлер тоғанның сол жақ жағалауына келіп бекінді, біз келіп тоқтаған кезде, немістің 60 танкісі Лопастино мен Струсово деревняларына басып кірді. Лопастино әжептәуір үлкен деревня: оның орналасқан жері еңіс, айналасы ашық, ал шығыс жағын жота алып жатыр, осы жотаның үстіне он үй тұрғызылған екен, содан қыстақ «Десятидворка» деп аталып кеткен. Ұрыс жүргізе отырып, Павлино, Трусово деревняларының солтүстік-батысына шытып шеп құрдық, менің батальоным сол қанатта тұрды. 23 ноябрь күні «Десятидворкадағы» әрбір үйде 20-30 немістен түнеп жатыр деген хабар алдық, далада қатты аяз, бәрі үйді-үйге тығылған. Мен бұл кезде Елиннің бөлмесінде болатынмын, ол маған: - Қалай ойлайсың, соғатын кез келген жоқ па. Ойланып көр, содан соң шешіміңді мәлімдегін,- деді. Біз мұны айналып өтіп барып жүзеге асыру керек деген шешімге келдік, бірақ ол үшін он екі километр жерді орағытып бару қажет еді. Біздер өзімізбен бірге бір станокты пулемет, екі миномет, бір 45 миллиметрлік зеңбірек, снарядтар мен екі адамнан тұратын расчет алдық, қалған жауынгерлерді Хабиболла Рахимовтың қарамағына қалдырдық. Он екі километр жол жүріп, орманға келіп ендік. «Десятидворка» орман шетінен бес жүз метрдей жерде тұр. Түнгі сағат бірде немістер шырт ұйқыда жатқан кезде былай жасалынбақ. Ең алдымен немістерді жатқан үйден сыртқа қуып шығып, содан кейін оларды көшеде ату керек деп ұйғардық. Ол үшін әрбір үйді атқылауға 30-40 брон бұзғыш снаряд берілді, үй атқыланған кезде немістер сыртқа қашып шығады. Танкіге қарсы ататын снарядтың екінші бір артықшылығы - оның оғы жарқырап ұшады, ал мұның өзі үрейді күшейте түседі. Осы мақсатпен мен қарудың ішінен әдейі 45 милиметрлік зеңбіректі таңдап алдым, ондағы ой атқылап, немістерді көшеге қуып шығу, содан кейін оқпен жайпау болатын. Алдымен біздер үйге он снарядтан жұмсадық, айналаның бәрі әп- сәтте астаң-кестеңі шықты. Немістер далаға сүріне-қабына ұмтылып, тым-тырақай зыта жөнелді. Осы күткен сәтте деревняға сексен мина аттық, станокты пулеметпен деревняның оң жағынан сол жағына қарай сыдыра екі лента оқты қарша бораттық. Түнгі, қапылыста жасалған шабуылымыз бар болғаны бес-алты-ақ минут уақытқа созылды, содан кейін бұрылып, ізінше кері қайттық. «Десятидворкаға» жасалған шабуыл жөнінде орыс тілінде жазылған жазбам бар, оны біреуге берген едім (Бекке немесе Тәжібаевқа бергенмін). Таңғы сағат бесте өзімізге оралдық, батальон штабында өзімнің бастығымды жолықтырдым. Ол болса, біздің жауынгерлердің немістерді атқылаған кезінде, дұшпанның оқ та шығара алмағанына аң-таң болған екен. Сөйтсек, аңдаусызда бас салғандықтан жау ешнәрсе де істей алмай сасқан екен. Біз тұрған орнымыздан кейін шегініп кеткен кезде барып қана дұшпан ес жиып, сол тұсты ауыр снарядтармен таң атқанша атқылап шықты. Біз болсақ: - Ізімізді де таппассың, ата бергін,- дедік. 26 ноябрь күні таңғы сағат 6-да маған тез арада дивизия штабына келсін деген хабар жетті. Соколово деревнясында тұрған дивизия штабына келдім. Дивизия командирі шақырып алып былай деді: - Сіз жаман командир емес сияқтысыз, мұны ұрыстарда дәлелдедіңіз, сізді полк командирі етіп тағайындауға қалай қарайсыз?- Жолдас полковник, мен полкті басқара алмаймын, мен жаяу әскер емес, артиллериспін,- дедім. Артық ауыз сөзге келмей полковник Шелудько мені машинаға отырғызып, Армия штабына алып келді. Біздер 16-армияның қолбасшысы жолдас Рокоссовскийдің қабылдауына кірдік. «Енді сазайымызды тартқызатын болды ғой» деп ойлап іштей үрейленіп, толқып келген бойда бөлменің есігін ашып: -- Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы келді,- деп мәлімдедім. Рокоссовский орнынан көтеріліп, маған қарсы адымдап, қолын беріп былай деді: - Ал, жолдас Момышұлы, сізді Қызыл Армияда полкке басшылық ететін жалғыз дара аға лейтенант деп айта алмаймын, ал менің Армиямда сіз жеке дарасыз, құттықтаймын. Сіз жөнінде маған айтқан еді. Табыс тілеймін. Мен ешнәрсе деп жауап қатпаған күйі, бұрылып сыртқа шықтым. Сөйтіп, осылайша аға лейтенант шенінде мен атқыштар полкінің командирі болып тағайындалдым. Мен мұны айтып отырған себебім - ақылды, зерек адамның шешімі де бөлек. Мен болсам, оған кірерде ұрысатын шығар деп ойлап едім, ал ол артық ауыз сөз айтпастан, қолымды алып, жаңа қызметке тағайындалуыммен құттықтады. Бұл оны нағыз генерал, зерделі жан ретінде көрсетсе керек-ті. Бұйрықты алып, өз полкіме келдім. Трусово деревнясына сағат 12-де жетіп, генералдың жарлығын майор Елиннің қолына бердім, ол оқып шығып: - Ал, жақсы, іске кірісіңіз,- деді. Содан соң штаб бастығын шақырып алып, былай деді: - Полкке басшылықты жолдас Момышұлына тапсырамын, оған жағдайдың бәрін мәлімдеңіз. Мені дивизия штабына шақырып жатыр. Сөйтіп ол дивизия штабына жүріп кетті. Осы уақытта телефонның тұтқасын Петр Логвиненко көтеріп, дивизия комиссары Егоровқа: - ...Мен партияның өкілімін... аға лейтенант - артиллерист, оның тәжірибесі аз, оның үстіне партия қатарында жоқ...- деді. Құдайым сақтасын, қайда тап болғанмын деп ойладым. Егоров оның көзін жеткізіп, жекіріп тастады. Логвиненко трубканы қойып, бөлмеден сыртқа шығып кетті. Осы кезде полковник Шелудько біздің күшімізді толықтыру ретінде әртүрлі пункттерден қоршаудан шыққан 400 адамды жіберіпті. Бізде резервте аға лейтенант Жуков бар еді, мен оған: - Батальон жасақтағын. 3-батальонның командирі боласың,- дедім. Сөзімді айтып бітіргенім де сол еді, пулеметтер сақылдап ала жөнелді, сол жағымыздан да, оң жағымыздан да немістер ентелеп келеді. Командалық пунктке шабуыл жасалыпты. Штаб бастығы менде мәліметтерді баяндап отырған, ол қағаздарын асығыс жинастырған күйде сыртқа беттеді. Көшеге көз тастап едім - абыр-сабыр, жұртты үрей билеген. Үйдің қоршауы бес метрдей болатын, қазір екі шеті сыныпты, бір офицер үйдің қоршауын айналып өтудің орнына оны сындырып өтіп кетпек болып жатыр. Штаб жоқ, жаңа келіп қосылған адамдар, байқап тұрмын, олар да деревнядан қашып барады. Трусоводан Соколово деревнясына дейін шағын орман бар, оларды сол жерде тоқтатып, қайтаруымыз керек деген ойға бекіндім. Соколово деревнясында Жуковты кезіктірдім, жанымда офицер-капельмейстер Попов бар еді. 1-батальон Полежайка елді мекенде тұр, басқа ешкім де жоқ. Жуков деревняның шетіне кіре бергені де сол еді (мен оған сол қанаттақорғаныс жасауды тапсырып, өзім оң қанатты алдым), осы уақытта жау деревняның шетін атқылай бастады. Мен Соколово деревнясын сегіз сағат бойы қорғап тұрдым, дұшпанның жолына кесе көлденең отряд қойып, кім болса да мейлі қатардағы солдат немесе офицер болсын ешкімді де өткізбеуге, бағынбағандар мен қашқындарды атып тастауға бұйрық бердім... Мына бір қызық жайды айта кетейін. Жау минометтері деревняны үсті-үстіне атқылауда. Санитарлық ешбір көмек жоқ. Жарылған миналардың жарықшақтары мен қарша бораған оқтан құдай сақтап, тағдырдың ісі болар, аман қалдым. Бейтаныс адамдар. Мен оларға полк командирімін десем, кейбіреулері: - Қойыңыз, қойыңыз,-- деп наныңқырамайды. Міне, осы қысылған кезде Вера Гордованы көзім шалып қалды. Бұрынырақ әскерде әйелдердің қызмет етуін мүлдем ерсі көретін басым, соғыс барысында бұл пікірімді мүлдем өзгерттім. Егер батальоныма әйел тап болып қалса, сол заматта қайтарып жіберетінмін, оны атып жатқан зеңбіректің маңына жуытпайтынмын. Штаб жоқ, фельдшерлер мен санитарлар да жоқ, мына қауіпті сәтте, минаның жарықшағы, оқ тиіп жарақаттанған, ыңырсып жатқан жауынгерлерге дәрігерлік көмек берілмеді, осы кезде шашы ұйпаланған, бет-жүзі өрт шалғандай қарауытқан, аяғында солдат етігі, үстіне шинель киген қыздың бір жаралы жауынгердің жарасын таңып, содан кейін екіншісіне көмек жасап жатқанын байқап қалдым. Мына астаң-кестең болып жатқан дүниеде қайдан тап болған деп ойладым. Мүмкін, басқа бөлімдерден қалып қойған әскери дәрігер ме екен. Қыз болса батыл түрде бір жаралыдан екінші жаралыға көмек жасап жанталаса ұмтылып жүр. Әйел адамның мына қауіпті жағдайда үрейі ұшып, асып-абдырап саспай, ерлікпен жаралыларға көмек бергеніне жаным жадырап, қатты сүйсініп тұрдым. Шынын айтқанда, қайран қалдым. Риза болған көңілмен жүріп бара жатып, бұрылып сарғыш өңді қыздан: - Атың кім? - деп сұрадым. - Вера,- деп жауап берді ол...- Москвадағы ЦАГИ-дің студентімін. Маған кешкі сағат сегізде саяси жетекші Толстунов келді. Сөйтсек, барлық топ үрейлене тым-тырақай қашқан кезде, ол байланыс ротасынан 17 адамды ұйымдастырып тапжылмай, шегінбей ұрыс жүргізген. Олардың сапында менің байырғы пулеметші жауынгерім, украин жігіті Блоха да шайқасыпты. Толстуновқа мен: - Федя, сізді қорғаныс шебінің сол қанатына басшылық етуге тағайындаймын,- дедім. Кешкі сағат сегізде немістер Соколовоға шабуыл жасауға шықты, біздің жауынгерлердің көбі олардың тықсыруына төтеп бере алмады. Шайқас кезінде Блоха ауыр жараланды, Толстунов та қолынан жарақаттанды. Түнгі сағат 12-де, ұрыс әбден басылған уақытта, тәртіп қалпына келтірілді. Мен бәрін тәртіпке келтіру үшін көмек және өзара көмек көрсетуге жарлық бердім, өйткені Верадан басқа бірде-бір медицина қызметкері арамызда жоқ еді. Осы уақытта бөлмеме штаб офицерлері келіп кірді. Олар тылда Маврино ауданында болған екен. Қауіптің жоқтығын сезініп бізге қайтып оралған беті. Мен орындыққа отырған күйі көзім ілініп кеткен екен. Кенет көзімді ашсам, төңірегімде жиырма шақты офицердің сап түзеп тұрғанын көрдім. Өзімді ұстай алмай бар даусыммен:- Барып тұрған арамзасыңдар, қарай гөр, қайтып келіп тұрғанын!-- деп айқайлап, ең ауыр сөздерді айтып жекіре бастадым. Мен батальоныммен 27 ұрыс жүргізіп, 5 рет жау қоршауында қалып қойдым, еш уақытта да мені штаб тастап кеткен емес, мен де оларды қалдырған жоқпын. Полкке басшылық еткеніме 30 минут та болмай жатып, мені тағдыр тәлкегіне тастап, бәрің бет ауған жақтарыңа зыттыңдар. Осыдан кейін сендерді қалайша арамза, су жүрек демессің, сендер аяққа басар шүберексіңдер, шұлғаусыңдар. Қарабет болдыңдар, мұндай опасыздықтарың үшін сендерді атып тастау аз. Кескілеп бөлшек- бөлшектеріңді шығару керек. Міне, сендерге сондай өлім ғана лайық... Бірақ... менің қолымды қағып тұрған - сендердің кінәсіз балаларың, жазықсыз әйелдерің. Сендер мына опасыздықтың қара дағын қанмен жууларың керек. Бәрібір өлесіңдер, мына масқарадан кейін тірі жүрмей-ақ қойыңдар, одан да гөрі әйелдерің қоян жүрек қорқақ, отанын сатқан опасыз ретінде өлгендеріңді білмей-ақ, отан қорғау кезінде қаза тапты деген қара қағаз алсын да, тек сондықтан да мен сендердің бала-шағаларың, елдегі адал жарларың үшін ғана атпаймын, қолдарыңа қаруларыңды алып жауынгерлердің қатарына барып тұрыңдар... Дивизия бұл шептегі қорғанысын былай жасады: 1077- полктің 1-және 2-батальоны Поварово, 1073-полктің 2- және 3-батальоны Полежайко, Повадино, Соколовоны және 1073-полктің 1-батальоны мен 1075-полк өзінің бұрынғы позициясында тұрды. Дұшпан күшін шоғырландырып, Струсово деревнясын басып алды... Барлаушылар Лопотово ауданында дұшпан көптеген қару-жарақ жеткізіп, түсіріп жатыр деген хабар жеткізді. Немістер қару-жарағын босқа атып шығындау үшін, бір амал ойлап табу керек. Семен Краев осы мақсатпен жаудың мотоциклін қолға түсірді, ал оның ішінде ракетница мен 70 ракета бар болып шықты. Дұшпан бірінші күні де, оның ертесіне де шабуылға шықпады. 28 ноябрь күні Исламқұловты, Краевты, Рахимовты, Бозжановты, Жуковты шақырып алып, әрқайсысына бір-бірден қол пулеметін және бір-бірден 82 миллиметрлік калибрлі миномет бердім. Тапсырма мынандай: бұл бес топ өздеріне берілген позицияларға барып бекініп, дұшпанға белгі бойынша бір мезгілде жан-жақтан оқ жаудырады. Әрбір минут сайын олар бір-бірден мина атады. Атып болғаннан кейін, жарты сағат дем алып, содан соң қайта бастайды. Таң атқанда қайтып оралулары керек. Бұйрықты тағы да түсіндірдім.- Түсінікті ме?- деп сұрадым содан соң. - Түсінікті. Енді, міне, түнгі сағат 12-де немістерді жан-жағынан қызыл, көк, сары ракеталармен үсті- үстіне атқылай бастады. Немістер дүрлігіп, не болып қалды екен деп әбігерге түсті. Осы уақытқа дейін орыстар еш уақытта ракета тастамаған, енді той төмпештеуде, тұс-тұстан миномет пен пулеметтен оқ жаудыруда. Дұшпанды жоюда бұл атыстың әсері айтарлықтай болмаса да, біздің мақсатымыз немістерді олар күтпеген бірнәрсе болып қалған екен, шамасы таңертеңгі шабуылға шықпақ деп ойлауға мәжбүр ету болатын. Осы уақыттың ішінде немістер батареяларын шоғырландырып күшейтеді, түнгі сағат екіде мен жан-жаққа қарай аласұра, өршелене атқан артиллерияның үнін есіттім. Менен радио байланысы арқылы: - Енді кері қайтуға бола ма?!- деп сұрады жауынгерлер. - Жоқ, таң атқанша күтіңдер!- деп жауап бердім. Сөйтіп сол түні немістер таң атқанша дамылсыз атумен болды. Менің есебімше, немістер үш мыңға жуық снарядтарын шығындады. Маған да керегі осы еді. Дұшпан бірден не болып қалғанын аңғара алмайқалды да, мыңға жуық снарядтарын босқа жұмсады, бірақ содан кейін барып, естерін жиып жан-жаққа, барлық бағыттарға барлаушыларын жіберіп, қаруларын үнемдеп жұмсай бастады. Осындай жағдайда біздер неміс батальонын екі тәуліктей, 30 ноябрьге дейін кідіртіп, жолын бөгеп ұстап тұрдық. Соколово деревнясында мақта қоймасы бар екен, біз осы мақтаға 30 ноябрьге дейін жасырындық, мақта аппақ, даладағы қар да аппақ, бұл жау көзінен тасалануымызға таптырмайтын бүркеніш болды, одан оқ та өтпейді, әрі жылы. 30 ноябрь күні таңертеңгі сағат 10-да дұшпан 30 бомбардировщигімен Соколово деревнясын аяусыз бомбылап, іле екі танк батальоны мен бір жаяу әскер полкін жіберді. Біз ауыр жағдайдан кейін барып қана амалсыз Соколово деревнясын жауға беруге мәжбүр болдық. Деревнядан шыққан бетте полковник Шелудькоға ұшырастық. Ол: - Соколово деревнясын ертерек беріп қойдыңдар, - деді күйзеліңкіреп.- Алайда, бұған мен бұнымыз да жаман емес, 200 жауынгермен жаудың 2 танк батальонына, бір жаяу әскер полкіне, 30 бомбардировщигіне қарсы төрт күн төтеп бердік, мен оз жауынгерлеріме дән ризамын...- дедім. Мен бұл ұрыста лейтенант Исламқұловтың еңбегі мен ерлігін ерекше атап өтемін... Мені қатты ойландырған екінші мәселе - өзім жауға қарсы 27 ұрыс жүргізіп, 5 рет дұшпанның қоршауын бұзып шыққан батальонымды кімге сеніп тапсырсам екен деген ой болды. Таңдау екі адамға түсті: Рахимов жақсы адам, бірақ онда шешімталдық, кесіп түсер қасиет жетіспейтін. Ол бәрін де жақсы, асып-саспай парасаттылықпен шешетін, бірақ кесіп тастай алмайтын. Сондықтан бұрын өзім басқарған батальонды аға лейтенант Рахимовқа тапсыра алмадым. Батальонға басшы майор не подполковник шеніндегі адам болуы керек. Ал менің қарамағымда бір майор мен жалғыз ғана капитан бар. Дегенмен мен бәрібір батальонға басшылық етуді 6-ротаның взвод командирі партия қатарында жоқ кіші лейтенант Исламқұлов Мұхамедқұлға тапсыруға шешім жасадым. Ол бұрынғы болыстың баласы еді, әкесі 25 жыл болыс болған, бейбіт уақытта мұнда қудаланды әрі ол «Социалист Қазақстан» газетінің редакциясынан қуылып жіберілгендей еді. Ол өте ақылды, жүрек жұтқан батыр командир болатын. Кіші лейтенант болса да, мен оны батальон командирі етіп тағайындадым. Оны осы қызметке қояр кезде комиссарыммен келісе алмай да қалдым. Кейінгі ұрыстарда Исламқұлов батальон командирі ретінде бірнеше рет көзге түсті, полкте лайықты құрмет пен беделге ие болды. Мен оның қазасына арнап өлең жазған едім:
Келбетті, орта бойлы, өжет мінез,
Кең маңдайда ақылды жайнаған көз.
Әдепті һәм өнерлі салтанатты,
Сендей жігіт анадан туа бермес,
- Деуші едім ішімнен мен сені көріп,
Айтпағанмен өзіңе шын сыр беріп,
Болашақта қолбасшы болатын ер
Өткелден өтсе қиын жорық көріп.
Қия жерден қисаймай, Тіке жүріп кетіп ең.
Сескенбестен қауіптен, Қайтпастан алған бетіңнен.
Бірнеше қырғын соғыста Жалтақтамай артыңа
Жігіттік, ерлік, батырлық, Қаһармандық етіп ең.
Тосыннан тиген дұшпанға Тапқырлықпен, әдіспен
Табандылық етіп ең.
Полкқа бұйрық болғанда,
Бір өзіңе аманат Ерлерді табыс етіп ем.
Қан майданды қақ жарып
Шыққаныңа сүйсініп,
Біздің батыр мынау деп,
Көрсетіп мақтан етіп ем.
Өршіл өжет батырым,
Ерлігіңе сенуші ем,
Қас батырдың бейнесін
Сипатыңнан көруші ем
Ақылға да кең едің
Үлгі, өнеге көрсетер,
Ер серкесі болар деп Ішімнен баға беруші ем.
Серігім едің сенімді
Жауды бірге шабысқан.
Жүрекке суық, жанға жат
Есіттім хабар алыстан:
Сыймай кеттің маңдайға
Қыршын, шейіт арыстан.
Қазаңа қатты қайғырып,
Жігер бауырым құм болып,
Қабырғам менің қайысқан.
Тағы да бір жанға батар қайғылы сәт есімде. Біз Соколово деревнясынан кейін шегіндік, осы маңда «Дедешино» мен «Агадышево» демалыс үйі бағытында Марьино деревнясы бар еді. Бізді немістер Соколоводан тықсырып тастағаннан кейін, олар осы бағыттағы тас жолмен тіке Ленинград тас жолына шығуға ұмтылды. Біздер Тебеньки және Паладино ауданында қалып қойдық. Жауынгерлерімді шақырып алып, оларды жағдайдан алып шыққым келді. Паладиноны басып өтетін жол «Дедешино» совхозына алып баратын. Егер немістер бізден бұрын «Дедешино» совхозына жетіп, оны басып алса, онда біз қоршауда қалып қоймақпыз. Полкымды орманға қарай бастап барамын. Жолда майор Стариков басшылық ететін 1075- полкті кезіктірдім. Бізге келіп 27 минометі бар дербес миномет батальоны, бір капитан басқарған жаяу эскадроны, яғни аттарынан айырылған атты әскерлер, 120 адам қосылды. Барлығы жан-жақтан 2-3 мыңдай адам жиналды. Бұған дейін бес рет қоршаудан шыққанмын, тәжірибем бар болса да, тағы қоршауда қалып қоймасақ екен деп мазасыздандым. Оның үстіне мынандай әртүрлі бөлімдер, әртүрлі бөлімшелер жиналған кезде, бәрімізге ортақ бір бастық жоқ жағдайда өте қиын. Мұның өзі ұйымдасқан әскерден гөрі, тәртіпсіз тобырға көбірек ұқсайды. Ойлап көріңізші, қандай қиын жағдай туғанын! Міне, осы жерде Логвиненко үлкен шаруа тындырды. Жауапты минуттарда ол асып- сасқан жоқ. Басшылық етуді бір адамға тапсыруға ұсыныс жасады. Бірақ кімге? Логвиненко: - Мұнда үш полковник, үш майор, бір капитан бар екен, ал енді командалық құрамды жинайық, не істеу керек екенімізді мына тобырға қалай басшылық жасау қажеттігін солар шешсін,- деді. Ол барлық аға бастықтар құрамын жинап, біздің ауыр жағдайымызды сипаттады. Содан соң: - Бәріміз бағынатын аға командир жоқ, мен сіздерді жинағанда, барлық топқа басшылық жасауды кім қолға алып, жауынгерлерді мынау жартылай құрсаудан алып шыға алады, соны сұрайын деп едім,- деді. Бәрі үн-түнсіз қалды. - Сен қалай ойлайсың, ата лейтенант,- деп маған бұрылды ол. Мен былай дедім: - Барлық топқа басшылық етуді өз міндетіме аламын. Бәрі ойланып, үндемей отырып қалды, ол маған: - Комиссарды таңдап ал,- деді. Мен ойланып жатпастан: - Комиссарлыққа Логвиненконы сұраймын,- дедім. Ол келісім берді. Бұл өте дәл табылған әрі ақылды шешім еді, топтың жау құрсауына түсіп қалмай аман шығуы Логвиненконың тікелей еңбегінің арқасы болатын. Бұл еңбегі үшін оған құрмет те, алғыс та лайық. Әділдік мұны ерекше атап өтуді талап етеді.Мен топқа басшылық етуді қабылдаған кезде, онда 4 мыңдай адам болды. Командирлерді шақырып алып былай дедім: - Жолдастар, біздерге мұнда қоршауда қалып қою қаупі бар. Біздер өтейін деген жолмен енді бәлкім шайқасып өтуімізге де тура келуі мүмкін. Осы жағдайларға байланысты мен басшылықты өз қолыма, топты қоршаудан алып шығуды өз мойныма алуға шешім жасадым. Өзімді сіздерге таныстырып етейін: 1073-гвардиялық атқыштар полкінің командир! аға лейтенант Момышұлы.
25 январь 1944 жыл Сағат 12.00-ден - 17.00-ге дейін
Шығарма «Әдеби KZ» порталынан алынды.
Жалғасы бар