Б.Сұлтанов: Заңдастырылатын субъектілер қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы айдың басында Ақордада өткен Ұлттық инвесторлар кеңесі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырғаны есте.

«Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын 1 маусымға дейін әзірлеп, менің қарауыма енгізуді тапсырамын», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Осы жолы Ұлт көшбасшысының бұл тапсырмасын бұлжытпай орындаған Ұлттық банк тіпті мерзімінен бұрын Заң жобасын Үкімет қарауына енгізіп, Министрлер кабинетінің мақұлдауын да алып үлгерді. Оны бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты. «Бүгін Үкімет отырысында «Мүлікті заңдастыруға байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және тұруға рұқсаты бар тұлғаларға рақымшылық жасау туралы» Заң жобасы мақұлданды», - деді ол.

Б.Сұлтановтың атап өтуінше, заң жобасында мүлікті жария етудің негізгі қағидалары айқындалған. Атап айтқанда, біріншіден, жария ету елдің экономикасына қосымша қаржы қаражатын және мүлікті тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында табыс ретінде танылмайды және тиісінше жеке табыс салығы салынбайды. Ілеспелі заң жобасымен ҚР-ның Салық кодексіне тиісті толықтырулар енгізіледі.

«Үшіншіден, жария ету басталғанға дейін алған мүлік жатады. Төртіншіден, жария ету субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады», деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, қабылданған құжатқа сәйкес заңдастыруға ақша, құнды қағаздар және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесі жатады. Бұдан бөлек құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес орналасқан құрылыс нысаны да жер телімімен қоса заңдастырылады. Қазақстан аумағынан тысқары жердегі жылжымайтын мүлікті де өз атыңа аударуға мүмкіншілік бар. Ал адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттік конституциялық құрылымы мен қауіпсіздігіне қарсы жасалған жекелеген қылмыстар нәтижесінде алынған мүліктер заңдастырылмайды.

«Ұсынылып отырған заңдастыру процедурасы бойынша ақша екінші деңгейлі банктерде ашылған арнайы жинақ есепшотына аударылады. Одан ары азамат заңдастыру тетіктерін өз еркімен таңдай алады», - деді Б.Сұлтанов.

Қаржы министрі заңдастыру тетіктерін де нақты атап берді. Оның сөзіне қарағанда, біріншіден, ақшаны 5 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында ұстауға болады. Бұл ретте қаржысын заңдастыратын салымшы нарықтық ставкаға сәйкес сыйақы алып отырады. Екіншіден, ақшаны мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, оны экономикаға мемлекеттік бағалы қағаздарды екінші деңгейлі банктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын мен «Халықтық ІРО» бағдарламасының аясында акцияларды, сонымен бірге Қазақстан қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарды сатып алу жолымен инвестиция жасауларына болады. Үшіншіден, азаматтар жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандарды сатып ала алады.

«Егер ақшасын заңдастыратын азамат жоғарыда аталған инвестициялау тетіктерін пайдаланғысы келмесе, онда ол өз қаржысын қалауынша пайдалана алады. Екінші деңгейлі банктер оған аталған ақшаны төлеу барысында заңдастырылатын ақшасынан 10 пайыз көлемінде алым ұстап қалады», - деді министр.

Сөз соңында ол мүлікті заңдастыру әкімдіктер жанындағы комиссияда жүргізілетіндігін, ал заңдастыру мерзімі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатынын баса айтты.