БАБАЛАР СӨЗІ: «Ақмола» атауының шығу тарихы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Аңыздың І нұсқасы

Ерте заманда, жазу-сызудың жетілмеген кезінде Арқа өңірінде бір молла адам дәріс жүргізуге келіпті. Ел оны ауылдан-ауылға алып кетіп, балаларын оқытқызыпты. Өзінің білгірлігімен, сауаттылығымен көпшілікке жаққан жаңағы молланы ел құрметтеп өз атымен атамай, «Ақмолла» деп атап кетеді.

Өзі де атына сай аққұба кісі болса керек. Күндердің бір күнінде жаңағы Ақмолла балаларды ел аралап оқытқаннан гөрі, бір жерге жинап, дәріс бергенді жөн көреді де мешіт салғызады. Сол мешіт орнаған мекенді халық «Ақмолла мешіті», кейін «Ақмола» деп атап кетеді.

ІІ нұсқа

Баяғы заманда бір молла адам бала оқытумен Арқа өңіріндегі ел-жұртқа танылады. Ол жай молла ғана емес, көріпкелдігі де бар екен. Осындай қасиеті бар әулие адамды ел сыйлап, жоқ жоғалтса, басқа да жағдайлары болып қалса, сол кісіге барып жүгінеді екен.

Бірде-бір адамдардың жылқысы жоғалып, оны жаңағы молланың айтуымен көрші ауылдың бай адамынан барып тауып алады. Бірақ өшіккен бай молланың соңына түседі. Жақсы адамдардың айтуымен елден қашып шыққан молла өзі сырқаттанып жүрген болса керек, жапан түзде қайтыс болады.

Өлерінің алдында жанындағы серіктеріне: «Мені алысқа апарып әуре болмаңдар, осы маңға жерлеп, басыма бейіт соғарда саз балшықты ешкінің майы мен сүтіне араластырып жасаңдар», - деп өсиет қалдырады.

Аманатты айтқанындай етіп орындаған халық мазарды тұрғызып болғаннан кейін назар аударып қараса, ақ түсті болып шығыпты. Сонан көпшілік осы өңірді «Ақмола» деп атап кетеді.